Теңізде мұнай төгілмеуі үшін…
2024 жылдың 1-7 тамыз күндері аралығында Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясы Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті, облыс әкімдігі және облыстық командалық орталықтың жұмысына қатысқан Атырау облысының әртүрлі билік органдарымен бірге 3-деңгейлі мұнай төгілімдерінің алдын-алу мақсатында «Ақ шағала-2024» оқу-жаттығу шараларын өткізді.
Шараны ұйымдастырушылардың мәліметінше, жаттығудың басты мақсаты – компанияның техникалық мүмкіндіктеріне көз жеткізіп, оның қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға бейілділігі мен теңіз экожүйелерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүдделілігін көрсету. Айта кету керек, кезекті жаттығу NСOC компаниясының бұл салада мұнай төгілімдеріне тосқауыл қоюға қауқарлы және әлеуеті жоғары заманауи жабдықтармен жарақтандырылып, хаттамалық талаптардың орындалуы қатаң бақылауда ұсталып, техникалық ұстанымдарға сай келетінін байқатты.
Осы жолғы жаттығулар NCOC компаниясының Атырау облысының аумағында орналасқан 3 өндірістік алаңын қамтыды. Бұл бірнеше нысанның қатысуымен оқиғаны шындыққа негіздеп үлгілеуге және ден қою стратегияларының жіті тексерілуі мен бағалануына кепілдік беруге мүмкіндік туғызды. Жаттығулар NCOC компаниясының мұнай төгілімдеріне ден қою жөніндегі стратегияларына және төтенше жағдайларға ден қою кезіндегі өзара әрекет ету жоспарларына байланысты процедураларына сәйкес, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс туралы заңдарына және мұнай төгілу оқиғасының салдарын жоюға бағытталған іс-қимылдарды қамтамасыз етудің ұлттық жоспарына сай ұйымдастырылды.
NCOC компаниясы оқу-жаттығу шеңберінде 5 тамыз күні қоғам мен жергілікті билік өкілдері үшін Қашаған кен орнын игеру жобасында мұнай төгілімдеріне тосқауыл қою үшін пайдаланылатын, мұнай төгілген жағдайда жұмылдырылатын жабдықтардың көрмесін өткізді. Дамбы ауылындағы мұнайдың төгілуіне ден қою базасында төгілген мұнайды механикалық тәсілмен жинауға, диспергент қолдануға, көмірсутектерді орнында өртеуге және жабайы аңдарды құтқаруға арналған І және ІІ деңгейлі мұнай төгілімдерін жою жабдықтары көрсетіліп, олардың су бетіндегі мұнай төгілімдерін оқшаулау мен жоюдағы тиімділігіне қатысты түсініктер берілді.
Сондай-ақ көрме қатысушыларына NCOC жабдықтарының су бетіндегі жұмысы көрсетілді. Мұнай жинауыштарды, бондарды, мұнай эмульсиясын жинауға арналған резервуарларды нақты уақытта өрістету, тайыз суда жүзетін кемелердің, көмекші катерлердің жұмысы және осы арнайы жабдықтардың жаттығу кезінде тәжірибе жүзінде дәлелденген тиімділігі компанияның мұнай төгілімдеріне даярлық деңгейін сақтауға бейілділігін тағы бір айқын аңғартты.
Үш күнге созылған жаттығулар барысында мүдделі тараптар белсенділік танытты. Сайып келгенде, жаттығу оған ұйытқы болған NCOC компаниясы мен мемлекеттік органдардың тиімді ынтымақтастығының куәсі болды. Сонымен қатар акционер ExxonMobil мен Shell компанияларының салалық мамандары қолдау білдірді.
NCOC басқарушы директоры Джанкарло Рую жаттығулардың табысты өткені туралы айта келіп: «Бұл оқу-жаттығу мұнай төгілімдеріне ден қоюға даярлығымызды нығайту бағытында тұрақты түрде орындап жатқан жұмысымыздағы маңызды кезең болды. Каспий теңізіндегі 3-деңгейлі мұнай төгілімдерін тоқтату жөніндегі «Ақ шағала-2024» жаттығуы мұнайдың төгілуінен орын алуы ықтимал төтенше жағдайдың алдын-алуға әлеуетіміздің жоғары, осы орайдағы іс-әрекетіміздің мейлінше жеткілікті екеніне көзімізді жеткізді. Осылайша, әзірлігімізді тағы бір мәрте пысықтап, экожүйелерді қорғауға бейілділігімізді айқындады», — деп мәлімдеді.
Дайындаған Дәулетқали АРУЕВ
Біздің анықтама
Айта кету керек, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу туралы келісімге сәйкес бекітілді. Ол оператор ретінде консорциум құрамындағы жеті серіктес компанияның атынан әрекет етеді.
Компанияның мердігерлік жұмыс жасайтын алаңы Атырау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 80 км жердегі Қашаған мұнай кен орнын қамтиды. Сонымен бірге оған Ақтоты және Қайран кен орындары да кіреді. Консорциум серіктестерінің үлестік қатысуы былайша бөлінеді: ҚМГ Қашаған Б.В. – 16,88%, Аджип Каспиан Си Б.В. – 16,81%, ЭксонМобил Қазақстан Инк. – 16,81%, Шелл Қазақстан Девелопмент Б.В. – 16,81%, ТотальЭнерджиз ЭП Қазақстан – 16,81%, ҚҰМК Қазақстан Б.В. – 8,33% және ИНПЕКС, Лтд. – 7,56%. Осының өзінен қай компанияның еншісі қанша екенін білу қиын емес.