
Тазалық – отбасынан басталады
Атырау қаласында «Таза Қазақстан – отбасылық құндылықтарды нығайту жолы экологиялық қауіпсіздік пен отбасының әл-ауқаты» тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Іс-шараны қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы Отбасын қолдау орталығы ұйымдастырды.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, аталған бөлім басшысының міндетін атқарушы Асан Қуанышкереев, сондай-ақ Әжелер алқасы мен Аталар кеңесінің мүшелері қатысты.
“Дөңгелек үстел” барысында экологиялық тұрақтылық пен отбасы институтының өзара байланысы, жас ұрпаққа экологиялық мәдениетті сіңіру және қоғамдағы жасыл бастамалардың әлеуметтік маңызы кеңінен талқыланды.
— «Таза Қазақстан» акциясы аясында Атырауда бес мыңға жуық көшет отырғызылды. Қазір оларды күтіп-баптау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар жағажайларды тазалау, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында да жұмыстар атқарылып жатыр. Қаланың көркі сәулетімен қатар тазалығымен де айқындалуы тиіс, — деді қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер экологиялық мәдениетті насихаттап, отбасылық және азаматтық жауапкершілікті арттыруға септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген құрметті қалыптастыруға және өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттер автордікі