Жарнама
Экология

“Таза Қазақстан”: мақаттықтар экологиялық көлікке көшті

Атырау облысы, Мақат ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұндай бастамалардың басты мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғам назарын қоршаған ортаны қорғауға аудару.

Акция шеңберінде аудан бойынша «Велосипед күні» өткізілді. Бұл күні мемлекеттік мекеме қызметкерлері бір күнге автокөліктерін қалдырып, жұмыс орындарына велосипедпен барды. Бастама қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтуға және халықтың қозғалыс белсенділігін арттыруға бағытталған.

Бір күндік іс-шараға белсенді қатысқандардың арасында Аманшиевтар отбасы болды.

-Велоспортпен айналысып жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Бұрын достарымызбен команда құрып, велосаяхаттар ұйымдастыратынбыз. Қазірде бұл әдетімізді отбасылық дәстүрге айналдырдық. Велосипедпен жүру – тек экологияға пайдалы ғана емес, адам денсаулығына да оң әсерін тигізетін тиімді әрі қауіпсіз қозғалыс түрі. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған «Велосипед күніне» белсене қатысып, өз үлесімізді қосуды жөн санадық. Тұрғындарды осындай бастамаларға белсене атсалысуға шақырамын, — деді Абзал Аманшиев.

Аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин басшылық тараптың өкімімен әр мекемеге тазалау аумақтары белгіленіп, жалпы аудан бойынша 3 мыңға жуық адам сенбілікке шыққанын атап өтті.

-Іс-шара барысында 1200 тоннаға дейін қоқыс шығарылды. Жалпы, ауданда әр екі апта сайын тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, әр сенбілік кезінде 2 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылады. Сондай-ақ биыл ауданда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 100-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді, — деді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин.

Мамандардың айтуынша, ауданда өткізілетін әрбір мереке, акция немесе байқау «Таза Қазақстан» ұранымен өтеді. Мұндай бастамалар халықтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, болашақ ұрпақ үшін таза әрі жайлы орта қалыптастыруға негіз болмақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button