«Таза Қазақстан» акциясы аясында 500-ден астам құқықбұзушылық анықталды
Облыс аумағында 15-сәуірден бастап «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өткізілуде.
Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаның ластануын алдын алуға бағытталған акцияға полиция қызметкерлері де өз үлесін қосып, профилактикалық іс-шаралар атқаруда. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері абаттандыру ережесін бұзушыларға ескерту жасап, тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырды.
— Қоршаған ортаны көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жандандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы барысында полиция қызметкерлері тұрғындарға түсіндірме жұмысын қарқынды түрде жүргізуде. Республика Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің (ӘқбтК) 505-бабы, яғни қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру бойынша акция басталғалы 500-ден астам құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік хаттама жасақталды. Тұрғындар ескертуден қорытынды шығармаған жағдайда аталмыш бап бойынша бес айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салынады, — деді облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғат қорғау полиция тобының аға инспекторы Нұрболат Сахипов.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының еріктілерімен бірлесіп жұмыс істеуде. Еріктілер акция барысында тасқын суға қарсы тұрғызылған құм толтырылған қапшықтарды жинап, қала көркін жандандыруда. «Біздің қатарымызда студент жастардан құралған 100-ден астам белсенді бар. Мақсатымыз – қоршаған ортаны қорғап, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тазалық пен тәртіпке үлес қосу»,- дейді ерікті Нұрай Манасқызы.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суреттерді түсірген автор