Тамыры бітелген өзен туламағанда қайтеді?!
Биылғы алапат су тасқыны барша жылыойлықтарға ащы сабақ болды. Ендігі басты міндет – Ұлы Жемнің арнасын тереңдету жұмыстары жүргізілуі керек. Өйткені, өзен арнасын басқа бағытқа ауыстырып алды. Оған осыған дейін салынып келген заңсыз бөгеттердің көбеюі, соның кесірінен Жем арнасының бітеліп, тайызданып кетуі басты себеп болып отыр. Жем ауылдық округінің байырғы тұрғыны, «Қалмырза» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Төремұратов осындай пікірде.
– Совхоздар құрылған 1960 жылдың басынан бері Жем бойына топырақтан көптеген бөгеттер салынып келген екен. Мұның барлығы өзеннің тынысын тарылтпағанда қайтеді?! Сол себепті де арнасы тайызданып, әрі тарылған судың қазіргі ағысы өзінің бастапқы бағытын өзгертіп жіберді.
Бүгін біз Жемнің төменгі бөлігінің бойында орналасқан Тұрғызбада тұрмыз. Ауылды тасқын қоршап тұр, аралда қалдық. Бала кезімізде мұндай жағдай болмайтын-ды. Өйткені, Ұлы Жемнің ең негізгі ежелгі арнасы – «Көпбай қора» деген жерде, соның іргесімен өтетін. Көктемде су тасығанда тасқын Шоқпартоғай ауылының теміржол көпірі астынан ағатын да, сол ұлы арнасымен теңізге қарай беттейтін еді. Бертінде ол арна тайызданып, біз тұрған жылысқа қарай ауды. Ол жерден 2-ші, 3-ші қораға қарай ағып кетеді. Енді қазір Көзілдірікке ауысып, Аққұдыққа қарай баратын жолды арна етіп алды.
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері Жем өзені өзінің арнасын таба алмай қалды. Айдалаға жайылып, ауылдарды былай қойғанда, аудан орталығы Құлсары қаласының тасқынның астында қалуы соның салдары. Арнадан ауған «тілсіз жау» елді мекенге келмегенде қайда барады? Оған кінәлі, әрине, басқа емес, өзіміз ғана. Айыпты қазіргі аудан басшыларына, иә басқаға артудың қажеті жоқ. Негізінен, бұл ұзақ жылдар бойына қордаланған мәселе. Ұлы Жемнің арнасының бойы сонау совхоздар кезінен бері салынып қойылған бөгеттерге толы. Ал, олардың көпшілігі заңсыз, құжаты жоқ. Соны заңдылыққа сәйкестендіру керек. Бұл – бір.
Екіншіден, Жемнің бойындағы Омартоғай мен Қызылжар деген жерлерде өзектер бар. Омартоғайдың өзегі арқылы аққан су Сарнияздың астымен өтіп, Досының Ағы дегеннің тегістігі оны әрі қарай алып кететін еді. Қызылжардың өзегіне құйылған көктемгі су Көлқұдық пен Сарқұмаққа қарай жылжып, жайылысқа жайлылық сыйлайтын. Үшінші Тайкеткен өзегі тағы бар. Ол жермен аққан Жем суы Қурайлы, Буралы деген жерлердің көлдерін толтырып, жаздай төрт түлікке суат болатын еді. Өкінішке қарай, міне, осы арналардың барлығы аршылмастан жатыр. Мұның бәрі Ұлы Жемнің күретамыры іспеттес. Тамыры бітелген өзен туламағанда қайтеді?!
Үшіншіден, қазір технология дамыған заман. Ұлы Жемнің ескі арнасын қалпына келтіру керек. Ол үшін өзен арнасын тереңдету және кеңейту жұмыстарын тездетіп қолға алған жөн. Тек негізгі арнасын ғана емес, өзен бойындағы өзектерді, сай- саланы да тауып, аршыған абзал. Сонда ғана көктемгі тасқын су Жемнің бойымен ағып, адамдарда шаруасы болмайды.
Тағы бір айтып кететін жайт: бұрынғыдай Жемнің суын топырақпен бөгеуді қою керек. Баяғы совхоз кезіндегі ескі әдісті әлдеқашан тоқтататын кез келді. Бұл ретте аудан басшылары өзен жағалай отырған шаруашылықтарға тәртіп беруі тиіс. Оның орнына бетонды шлюзды орнатып, су деңгейін реттеп отырса, нұр үстіне нұр.
Құлсарыны судан қорғау мақсатында болашақта Қарағайдың арғы жағынан үлкен бөгет орнатса құба-құп. Сонымен қоса арнадан асқан тасқын су осы елді мекенге де, Құлсарыға да қауіп төндірмеуі үшін екі жақтан қашыртқы канал қазып тастаса, артықтық етпейді, — деді А.Төремұратов.
Әрине, Асекеңнің сөзінің жаны бар. Шынымен де, Ұлы Жемнің арнасы Құлсарының ішімен өтетін Құрсайға қарай ауып кеткендей. Бірақ, бұл бір ғана Тұрғызба ауылындағы ардагер азаматтың пікірі емес. Қазір мұндай ұсынысты осы саланың «мықты» деген білгірлері де айтып жүр. Өйткені, Жемнің арнасының тайызданып кеткені еңкейген кәрі түгілі, еңбектеген балаға да көрініп тұр.
Олай болса, «Ештен кеш жақсы» дегендей, қазірден бастап қамданып, қарттардың сөзіне құлақ салып, Ұлы Жемнің арнасын қайтаруға жұмыстанғанымыз жөн-ау.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ
Жылыой ауданы