
Тайсойған жолдары: Жұрт неге дүрлікті?
Әлеуметтік желілерде Қызылқоға ауданы Тайсойған селолық округіндегі жолдардың ластануы туралы ақпарат тарады. Бұл жағдайға байланысты «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Қоғаммен байланыс тобы ресми түрде түсінік берді.
Компания өкілдерінің мәліметінше, 12 ақпанда «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Тайсойған-1 учаскесіндегі СТ-1 барлау ұңғымасын бұрғылау барысында қалдықты арнайы техникамен тасымалдау кезінде жерге төгілу дерегі анықталған.
Бұрғылау қалдықтарын тасымалдау, өңдеу және кәдеге жарату жұмыстарын «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бизнес-серіктесі – «МұнайСервис Лтд» ЖШС жүзеге асырады.
–Қазір мердігер мекемемен бірлесіп, қара жолдың ластанған жерлерін жою және тазалау бойынша жедел шараларды қолға алды. Бұл жұмысқа 15 адам және арнайы техникалар жұмылдырылды. Топырақ үлгілері алынып, талдау жүргізіліп жатыр. Жағдай компания басшылығының жеке бақылауында, — делінген ақпараттық хабарламада.
«Ембімұнайгаз» АҚ өкілдері экологиялық талаптардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын және қоршаған ортаға келетін зиянды барынша азайтуға тырысатынын мәлімдеді. Осыған байланысты мердігер мекемеге ластану салдарын жедел жою және болашақта мұндай оқиғалардың қайталанбауын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА