ТАБИҒАТ СЫЙЛАҒАН ЭНЕРГИЯ
Қазір де облыс орталығының әр жерінен жел диірмендерін көреміз. Алайда, жұмыс жасамайды. Ескінің ескерткішіндей текке тұр. Қараусыздықтан қаңқасы ғана қалған. Жұрт оған әлдеқашан қолын бір-ақ сілтеп, электр энергиясын тұтынуға көшкен. Жалпы, тек бізде ғана емес, республиканың барлық өңіріндегі ахуал осындай. Халық әрі қолжетімді, әрі өздері жеңіл санайтын электр энергиясын қолайлы көреді.
Ал, сол энергияның қалай алынатындығын екінің бірі біле ме? Қаншама күш пен қаржы жұмсалады? Өйткені, электр энергиясын шығаратын қуатты қондырғыларды іске қосу үшін табиғи газ пайдаланылады. Ертеректе көмір, кейін сұйық отын қолданылды. Солардың бәрі тұңғиық тереңнен алынады. Яғни, кеніштер бұрғылануы шарт. Осындай өндіріс өркендеген жерде міндетті түрде қоршаған ортаға әсер етіледі. Бүгінде, байқап отырсаңыз, табиғатқа басқалардан көбірек залал тигізіп жүргендер де, сол үшін қомақты айыппұлмен жазаланушылар да – мұнай-газ компаниялары.
Мамандардың мәліметінше, соңғы жиырма жылда өңірдегі экологиялық ахуалдың әбден асқынғаны соншалық, тұрғындар арасында қан айналымының бұзылуы алты, сүйек-тамыр дертінің асқынуы тоғыз есе өскен. Айтпақшы, келесі жылы көмірсутегі шикізатын өндіру мөлшері одан әрі артуына орай қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттар да кем дегенде екі есе көбейгелі тұр.
Міне, осындай деректердің аясында табиғаттың өзі сыйға тартып отырған жел энергиясын неге көбірек тұтынбасқа? Оның үстіне, Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі жел энергиясының әр киловатт-сағатына 22,68 теңге көлемінде тариф тағайындаған. Биылғы мамырда ел Үкіметі оны бекітті. Бұдан екі-жыл бұрын орталықтан келіп, осында арнайы зерттеу жасаған мамандар оған өңірде табиғи мүмкіндік барлығын айтқан. Мәселен, облыс орталығында жел негізінен шығыс беттен соғады да, бірнеше тәулік бағытын өзгертпейді. Кейде оның екпіні тау құлатардай күшті келеді. Ендеше, бұдан артық нендей мүмкіндік керек.
Бұдан бірер жыл бұрын қала маңындағы шаруашылықтардың бірінде болғанбыз. Тамыздың тамып тұрған кезі еді. Мұнда электр энергиясы да тартылмаған. Елді мекеннен оқшау орналасқан жалғыз үйге бағаналар орнатылып, электр желісін жүргізу — өзін ақтамайтын шара. Мұны мамандар да біледі.
Әйтсе де, сол үйде шам жанып тұр. Төрдегі теледидары да, ас бөлмедегі тоңазытқышы да жұмыс жасайды. Үй иелері қаладағы ағайындары тәрізді түрік пен үндінің телефильмдерін тамашалап отыр. Сөйтсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша күн энергиясын шығаратын қондырғы орнатыпты. Рас, жабдық бағасы қымбаттау. Күн энергиясын тұтыну қажеттігін насихаттау мақсатында оны бастапқыда тегін орнатса, кейінгілері ақылы. Бірақ, қатар қоныстанған бірнеше шаруашылық бірігіп, қаржы қосып қол жеткізуіне мүмкіндік бар. Есесіне шілденің 40 градусқа жететін, тамызда да тамып тұратын ыстықтың пайдасын да көруге болады.
Ал, осы күн энергиясының тұтынушы үшін тарифі қандай? Үкімет оны әр киловатт-сағатқа 34,61 теңге көлемінде бекітті. Оның үстіне, Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінің мәліметінше, қайтарымды энергетикалық қуаттарға тағайындалған тариф 15 жыл бойы сақталады. Яғни, кепілдік бар. Тіпті әр жылғы инфляция деңгейі де назарға алынып, тариф соған сәйкес реттеліп отырады. Бұл – қалпына келтірілетін энергия көздерін қалыптастыруға инвестиция салушыларға үлкен қолдау.
Үкімет осындай энергетикалық қуаттарды сатып алушыны да белгілеп қойды. Ол – «КЕГОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қалпына келтірілетін энергия көздеріне инвестиция салатын кәсіпкерлерді кепілді қолдайтын да осы компания. Оның үстіне, ел Үкіметі қуаты бес киловатқа дейінгі қалпына келтірілетін энергия қондырғысын орнатқан шалғайдағы үйлердің тұрғындарына 50 пайыз шамасында субсидия береді.
Бүгінде гидроэлектр стансаларын пайдалану қажеттігі де айтылуда. Өкінішке орай, Атырау аумағында оның мүмкіндігі шектеулі, бізде ток қуатын шығаратындай арынды өзендер жоқ. Әйтпесе, олар үшін әр киловатт-сағатқа тағайындалған 16,71 теңгелік тариф тұтынушыларға қолайлы болар еді. Әлде мұндай тәсілді де қолданып көрген дұрыс па? Жайық пен Жемнің, Қиғаш пен Ойылдың суларын пайдануға бел шешіп шығатын кәсіпкер табылар ма екен? Үкімет тарапынан оларға да қолдау бар.
Мамандар биогаз қондырғыларын қатарға қосу жөнінде де айтады. Бұл – ғалымдардың араласатын шаруасы. Шындап қолға алса, оны да өмірімізге енгізуге болады. Мұнда тағайындалған тариф әр киловатт-сағат электр энергиясы үшін 32,23 теңге. Қайтарымы болса, аса қымбат емес.
Міне, табиғаттың өзі сыйлайтын энергия жөнінде осыны айтпақпыз. Астанада 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесі де осы мәселені қозғағалы отыр. Оның барысында әлемдік озық тәжірибелер талқыға түспекші. Солардың кейбірін келешекте Атырауда да тұтынуға болар, бәлкім? Оның үстіне, Мемлекет басшысы 2020 жылға қарай еліміздің жалпы энергетикалық әлеуетінде қалпына келтірілетін энергия үлесін үш пайызға жеткізу міндетін қойды. Жалпы, жоқшылық қашанда тың ізденістерді туындатады емес пе? Міне, осы тұрғыдан таразылағанда, өзінде көмірсутегі шикізаты тапшы елдер әлдеқашан жел мен күннің энергиясын барынша көп тұтынуға көшкен. Ал, экологиялық ахуалымызды сауықтырамыз десек, біздің де осы үрдістен сырт қалмағанымыз жөн.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.