Жарнама
Экология

Суды үнемдеу — әр адамның парызы

Елімізде су мәселесі – тек аграрлық немесе экологиялық бағыттағы міндет қана емес, бұл ұлттық қауіпсіздіктің, әлеуметтік тұрақтылықтың және экономикалық дамудың негізгі факторы. Бүгінде сусыз өндіріс те, ауыл шаруашылығы да, тұрмыстық қажеттіліктер де дами алмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында су ресурстарын басқаруды түбегейлі жаңғыртуға айрықша назар аударды.

Соңғы жылдары су саласында бірқатар институционалдық өзгеріс болды. Жаңа Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылды. Бұл – оңды шешім. Дегенмен, бұл бастамаларды нақты нәтижеге жеткізу үшін саланың техникалық жағдайын түбегейлі жаңарту қажет. Өйткені қазір еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі жөнінде толық әрі сенімді мәлімет жоқ, ал кейбір каналдардағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде. Бұл – тиімсіздіктің айқын белгісі.

Жолдауда көрсетілгендей, ұлттық цифрлық жаңғыру аясында су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру маңызды. Бұл жүйе жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинап, нақты су теңгерімін жасауға мүмкіндік береді. Мұндай жаңашылдықтар су саласын жоспарлау мен бақылауда шешуші рөл атқарады.

Сонымен қатар, су үнемдейтін технологияларды енгізу ісі де жеделдетілуге тиіс. Израиль мен Қытайдың тәжірибесін пайдалану – осы бағыттағы ең тиімді бастамалардың бірі болмақ. Алайда, тек технология жеткіліксіз. Ең бастысы – қоғамда суды үнемдей білу мәдениетін қалыптастыру қажет.

Бұл бағытта жергілікті жерде оң бастамалар бар. Мәселен, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, қала мектептерінің оқушыларына арналған түрлі кездесулер мен түсіндіру шараларын өткізіп жүрміз. Мұндай жұмыстар жастардың экологиялық санасын көтеріп, келешекте суды тиімді пайдалануға деген жауапкершілігін арттырады.

Суды үнемдеу мәселесі туралы сөз қозғалғанда диқандардың да көзқарасы өзгеруі керек. Суды көп қажет ететін дақылдарды шектеп, үнемді тәсілдерге көшу – бүгінгі күннің талабы. Сонымен бірге, суды рұқсатсыз бұрып алу фактілеріне мүлдем жол бермеу қажет. Бұл бағытта қатаң бақылау орнату – мемлекет үшін ғана емес, әрбір азамат үшін де маңызды.

Қорытындылай айтқанда, Жолдауда көтерілген су саясаты – Қазақстанның болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық міндет. Егер мемлекет цифрлық шешімдерді енгізіп, қоғамда суға деген жауапкершілікті арттыра алса, онда ел әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады.

Мейрамгүл ЕСНИЯЗОВА,
“Жаныңдамын” қоғамдық қорының жетекшісі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button