Шығарындыларды мониторингтеудің автоматтандырылған жүйесі орнатылды
Бүгін Атырау облысы бойынша экология департаменті қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) орнатқан “Атырау жылу электр орталығы” АҚ-на баспасөз турын өткізді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шарада Атырау жылу электр орталығындағы экологиялық талаптардың қаншалықты сақталып жатқанына басым ден қойылды.
Жалпы ел бойынша МАЖ жүйесін орнатуға жататын 91 кәсіпорын анықталды. Оның бесеуі Атырау облысында. Олар: «Теңізшевройл», «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «NCOC» компаниясы, «KPI» ЖШС және «Атырау жылу электр орталығы» АҚ.
–2022 жылы Экологиялық кодекстің талабына сәйкес кәсіпорындарға автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату міндеттелді. Атырау жылу электр орталығында бұл жұмыс 2023 жылы жүзеге асырылды. Шығындыларды тазарту тиімділігі онлайн-мониторинг арқылы бағаланып отырады. Өлшегіш құралдар газдың физикалық параметрлерін және олардың химиялық құрамын анықтап, жиналған ақпаратты ақпараттық өлшеу жүйесіне жібереді. Бұл жүйе әрбір 20 минут сайын орташа деректерді есептеп, шығарып отырады. Мониторингтің автоматтандырылған жүйесі 5 шығарынды көзіне (қазандық агрегаттарының түтін құбырлары) орнатылған. Шығарындылар бойынша көрсеткіштер: азот диоксиді және азот оксиді (NO2, NO), күкірт диоксиді (SO2), көміртегі оксиді (СО) және газдың параметрлерін қамтиды, — дейді «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ президенті Мақсот Әленов.
Қазір кәсіпорында барлық жүйені оңтайландыру, «АЖЭО» АҚ-ның бас серверіне және қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық банк деректерінің сервисіне деректерді беру бойынша жұмыстарды енгізу аяқталды. Осындай бірегей жүйелерді іске қосу – кәсіпорындардың жаңғыруындағы маңызды кезең ғана емес, сондай-ақ экологиялық тиімділікті арттыруда қажетті қадам болмақ.
Айта кету керек, қазір оның 3-еуі Ұлттық банк деректеріне ақпарат беруде.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ