Жарнама
Экология

СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ ҚАЛАЙ ЖАБЫЛДЫ?

semeipoligon1«Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етіп қояды»

Қазақстан Республикасының Конституциясы,
31-бап.

 Биылғы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Семей полигонын жабу туралы» Жарлығына тура 25 жыл толады. Міне, ширек ғасырдан бері ядролық жарылыс тоқтатылып, Жер-Ана да еркін демалып жатыр. Әйтсе де, осы тарихи оқиғаның өмірге келуі жеңіл болған жоқ. Оның барысында талай текетірес орын алып, Мемлекет басшысының пәрменді шара алуы керек болды.
Сонау 1990 жылдың қысында Алматыда радиожурналистердің екі айлық курсында оқығанбыз. Республиканың әр түкпірінен келгендердің арасында Семейдің де жігіті болды. Полигонға жақын Абай ауданында тұрады екен. Отыздан жаңа асқан оның басындағы шашынан бір тал қалмағанына таңданып, сырын сұрағанбыз. «Ядролық жарылыс салдары ғой. Қайта мен тірі жүрмін, қыршынынан қиылғандар қаншама» деген ол күрсініп.
Бүгінде тарихи құжаттарды қопарып, кейбір деректерді іздегенде, расында да, орталықтың қазақ халқына көрсеткен қиянаты жетерлік екенін көреміз. Ресейдің елсіз жатқан ен даласы жетпегендей, жақында ғана туған күні тойланған Абай ақын өмірге келген топырақты полигонға айналдыру әбден басынғандық емес пе? Семей полигонының сыры көпке дейін айтылмады, әскерилер бәрін құпия ұстады. Тек 1989 жылғы 27 ақпанда жасалған кезекті ядролық жарылыстың салдарынан қоршаған ортаға таралған радиоактивті шығарындының көлемі туралы хабар халықты дүр сілкіндірді. Осы сілкініс жұртшылықты соңынан «Невада-Семей» қозғалысына ұласқан наразылық акциясына алып шықты. Қазақстанның зиялы қауымының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» дегендей бірлесіп әрекет қылуы содан шығар. Егер Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілеттілігін пайдаланып, оның нүктесін қойса, Олжас Сүлейменов халықты «Полигон жойылсын!» деген ұранмен біріктірді.
Ал, Қазақ елінің бұл ұмтылысы Мәскеуді қатты үрейлендірді. Белгілі халықаралық зерттеуші Чжен Кун Фу «Қазақстан геосаясаты: өткен мен болашақтың арасында» атты кітабында «1989 жылы ұйымдастырылған «Семей-Невада» қозғалысы қазақ халқының ұлттық құқықтарын қорғады. Сондықтан, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы оған сенімсіздікпен қарады. Мұны ұлтшыл қозғалыс санады. Алайда, Г.Колбинді Н.Назарбаев алмастырған соң бұл проблемаға баса назар аударылып, қозғалыс өзіне таңылған ұлтшылдық белгілерінен бірте-бірте арыла бастады» деп жазған-ды. Расында да, содан кейін республикадағы бұл бастама ешқандай саяси емес, ядролық жарылыстарға қарсы қозғалыс екендігі мойындалды.
Бұл жөнінде белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің естелігі де ден қоярлық. Оның айтуынша, сол кезде Мәскеудегі КОКП Орталық комитетіне, КСРО Жоғарғы Кеңесіне және КСРО Министрлер кабинетіне хат жазылған. Содан тек соңғысынан ғана жауап болған. Яғни, арнайы комиссия келген. Бірақ оның мүшелері тұщымды еш нәрсе айтпаған. Бәрі жоғарыға жалтақтаған.
Тек Компартия Орталық комитетіне Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі ғана жағдайды күрт оң өзгерткен. Ол 1989 жылғы 27 маусымда зиялы қауыммен кездесуінде бұл мәселеге баса назар аударады. «Ең қатты ойландыратын мәселелердің бірі, — дейді ол, — Қазақстандағы экологиялық жағдай. Семей полигоны жөніндегі проблема өте күрделі. Біз «Невада» қозғалысын қолдаймыз, әрі оның мақсаты ізгі деп есептейміз». Ал, Мәскеуде КОКП Орталық комитетінің пленумында ойын бұдан да батыл жеткізді. «Қазақстанда тек әскери ведомстволардың өзі ғана миллиондаған гектарды шаруашылық айналымнан шығарды. Біздің аумақта, міне, 40 жыл бойы ядролық қаруды кең ауқымда сынау жүріп жатыр. Жұртшылықтың оны жабу туралы талаптары еленбей келеді» деп кесіп айтқан-ды ол. Жалпы, болашақ Елбасы ядролық жарылыстардан, уран өндіруден зардап шеккендерге өтемақы төлеу қажеттігін сол кезде-ақ көтерген. Мәскеу бұған да мән бермеді. Өзінің үстемдігін жүргізуден танбады.
Алайда, М.Горбачев өзінің санаулы ғана күндері қалғанын, мызғымастай көрінген КСРО тарау алдында тұрғанын сезбеді. Саясатта шорқақтығын танытты. Міне, Қазақстан Президенті қызметіне кіріскен сәтінде Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – тәуелсіз елімізде қабылданған алғашқы маңызды құжаттардың бірі. Оған да, жоғарыда айтқанымыздай, тура 25 жыл толып отыр. Ал, 2009 жылғы желтоқсанда Елбасының ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» деп жариялады. Сөз ретінде айта кетсек, Семей полигонында бірінші жарылыс 1949 жылдың 29 тамызында жасалған екен. Қандай сәйкестік десеңізші. Барлығы 470 мәрте атом қаруы сыналған.
Атыраудағы Азғыр полигоны ше? Оның да мұңы бір басына жетеді. Соңғы бірер жылда ғана осы өңірде екі-үш мәрте болдым. Тұрғындар әлі де жарылыс зардаптарының жойылмағанын айтады. Әсіресе, «Нарын» антиядролық қозғалысы үйлестіру кеңесінің мүшесі Мансұр Қуанышәлиевтің пікірінше, халық тұтынып отырған жерасты сулары жарамсыз. Мұндағы қоспалар шекті деңгейден әлденеше есе көп. Сондықтан, жергілікті халық «Экосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарып отырған қорытындыға еш қанағаттанбайды. Азғырдағы жарылыстар жер астында жасалғандықтан, онда бірнеше қуыс пайда болған. Кейін оларды ешкім қалпына келтірмеген. Міне, соларда қалған радиоактивті заттар қазір ыдырау үстінде. Солар жерасты суларымен астасып, жер бетіндегі өзен-көлдерді бүлдіреді.
Тұрғындар сол кездегі Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы атқарған қызметке де ренішті. Соңынан олардың ұйымдастырған қоғамдық тыңдауына қатысқан азғырлықтар аң-таң болыпты. Өйткені, астаналық мамандар мұндағы тұрмыстың да қауіпсіздігін, судың да тазалығын, адамдардың саулығының да мықтылығын айтатын көрінеді. Алайда, сұрастыра келгенде белгілі болғанындай, әлгілер полигон маңындағы бірде-бір ауылға бармаған. Барлық мәліметті орталықтағы мекемелерден алған. Ал, мұндай жеңіл көзқараспен жарылыс зардаптары анықтала ма? Өйткені, азғырлықтар да Семей полигоны маңындағы тұрғындар тәрізді өтемақы алуға ұмтылып еді ғой.
Рас, мұнда қазір полигон жоқ. Бірақ, мамандардың пікірінше, жарылыс салдарынан пайда болатын плутоний-239 изотопының ыдырау уақыты … 24 мың жылға жетеді екен! Бұл қаншама ұрпақтың ғұмыры?! Демек, Азғырдың қоршаған ортасының адам саулығына кері әсері тым ұзаққа, тіпті мәңгілікке созылуы ықтимал.
Рас, Азғырда қазір сынақ жүргізілмейді. Бірақ, 1966-1979 жылдары он жеті рет жерасты жарылысы жасалғанын ұмытпалық. Олар қуаттылығына қарай 165-1500 метр тереңдікте жүзеге асырылғанымен, зардабы ауаға да жайылған. Соның бәрі ізсіз кетті ме? Әрине, жоқ. Мәселен, 1990-2004 жылдары 69 адам қатерлі ісіктен, 85 кісі қан айналу жолдары бұзылуынан қайтыс болған. Сонымен қатар, 14 тұрғын өзіне қол жұмсаған. Бұл ойланарлық деректер емес пе? Соған полигон әсері жоқ деп кім айта алады? Бүгінде Азғыр аумағындағы тоғыз елді мекенде 7,5 мың шамасында адам тұрады. Солардың бәрінің саулығы жақсы ма? Өйткені, мүгедек жандар әлі бар.
Тайсойғанның біраз бөлігін әупірімдеп өзімізге қайтардық. Түбін тартсаң май шығатын шүйгінді өңірді де кеңестік саясат сынақ алаңына айналдырған. Сонда шаруа баққан қалың қазақ қайда барып паналар еді? Алдындағы төрт түлігінің өрісі тарылса, күнкөрісі қалай болмақ? Оның үстіне, соңғы жылдары мұнда Уаз бен Қоңдыбай кен орындары ашылып, ембілік мұнайшылар өнім алып жатыр. Алайда, мамандардың айтуынша, қайтарымды кеніштер полигонның ортасында қалған. Сонда қаншама жыл толағай табыстан қағылдық?
Елбасы ел егемендігінің алғашқы жылдарында-ақ бейбіт өмірді қалап, адамзатты жаппай қырып-жоятын қарудан өз еркімен бас тартқан-ды. Сайып келгенде, бұл – өзімізді сенімді қорғау тетігі. Ешкімге айбат шекпесең, өзгенің сенде не шаруасы бар. Тәуелсіздігімізді түскен жерін жайпап өтетін зымыранмен емес, бейбітшілік сүйер салтымызбен қорғауға жөн қадам жасадық. Есігімізді айқара ашып, үйімізге игі ниетпен келген алыс-жақын шетелдіктерді төрімізге шығардық. Сөйтіп, әлемге танылдық. Міне, Мемлекет басшысының Семей полигонын жабуынан бастау алатын бейбітшілік, төзімділік пен сенімділік саясатының жемісі осындай!

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Азғыр сынақ алаңында 1966-1979 жылдары он жеті рет жерасты жарылысы жасалды. Олар қуаттылығына қарай 165-1500 метр тереңдікте жүзеге асырылғанымен, зардабы ауаға да жайылған.
Семей полигонында бірінші жарылыс 1949 жылы 29 тамызда, соңғысы 1989 жылғы 19 қазанда жасалды. Барлығы 470 рет атом сынағы жүзеге асырылған.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button