
Қоршаған ортаны қорғау жауапкершілікті талап етеді
Қамыс – табиғи өсімдік. Ол өсіп-өнгеннен кейін күз мезгілінде кеуіп, қурай бастайды. Қыс бойы құрғап қалған қамыс жиналып, айналасында үйінді түрінде қалыптасады. Қамыс – құрғақшылыққа бейім өсімдік, сондықтан белгілі бір температуралық жағдайда өздігінен жану қаупі де бар. Бұл құбылыс, әсіресе қамыс тығыз өсетін аумақтарда жиі байқалады. Оның астында шірінді қабаттар түзіліп, бірнеше жыл жиналған шіріген қалдықтар торт қабаттарындай құрылым жасап, өздігінен жану процесіне жағдай жасайды.
Жалпы, ну қамыс өздігінен тұтанып кету қабілетіне ие. Сонымен қатар, су тасқынымен немесе басқа жолмен қамыстың арасына әртүрлі тұрмыстық қалдықтар – пластикалық және әйнек бөтелкелер келіп түсуі мүмкін. Бұл заттардың кейбірі, әсіресе күн сәулесінің әсерінен, жану процесін бастауға ықпал етеді. Қамыстың жану себептері әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, желдің күшеюі, шағын ғана от көзінің үлкен өртке айналуына түрткі болады. Нәтижесінде, өрттің аумағы артып, оны сөндіру қиындай түседі. Бұл үлкен экологиялық және әлеуметтік зардаптарға әкелуі мүмкін.
Қамыстың жануы кезінде ауаға көп мөлшерде көмірқышқыл газы бөлінеді. Өрт кезінде қамыста тіршілік ететін құстардың ұялары жойылып, сол аумақта мекендейтін жануарлар мен жәндіктерге де қауіп төнеді. Сонымен қатар, қамыс – биоәртүрліліктің бір бөлігі, ол қоршаған ортадағы экожүйенің тұрақтылығына үлес қосады. Қамыстың жойылуы азықтық тізбектің бұзылуына және тұтас экожүйенің өзгеруіне әкеліп соғады.
Климаттың өзгеруі мен жыл сайынғы орташа температураның көтерілуі де қамыстың өздігінен жану қаупін арттырады. Сондықтан қамыс өрттерінің алдын алу мақсатында жүйелі түрде профилактикалық шаралар жүргізу қажет. Мысалы, қамыс өсетін аумақтарды бақылауда ұстау, қажет жерлерде қамысты азайту немесе шөміштеу жұмыстарын жүргізу, дрондар арқылы қауіпті аймақтарды үнемі қадағалап отыру, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, от жағуға, темекі қалдықтарын тастауға болмайтынын ескерту керек. Қорыта айтқанда, қамыс өрттері – табиғат пен адам өміріне қауіп төндіретін құбылыс. Оның алдын алу үшін әркім өзінің жауапкершілігін сезініп, қоршаған ортаны қорғауға атсалысуы тиіс.
Мәнсия ЕСЕНАМАНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті,
экология кафедрасының меңгерушісі