Жарнама
Экология

Қоршаған орта – бәріміздің жауапкершілігіміз

Президент Жолдауында айтылғандай, қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек. Бұл – баршамызға бағыт-бағдар беретін айрықша маңызды сөз. Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау – тек қана әкімдіктердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.


Өз тәжірибемізде біз тұрғындар мен кәсіпкерлерді біріктіріп, ірі елді мекендердің тазалығын арттыруға нақты қадамдар жасап келеміз. Мәселен, Исатай ауданында жеке кәсіпкердің бастамасымен ұйымдастырылған сенбілікте балалар пластикалық қалдықтарды жинап, оған сыйлық ретінде балмұздақ алған болатын. Бұл шара жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жақсы үлгі болды. Осындай игі бастамалар арқылы балалар мен жастарға тазалықты сақтаудың маңызы түсіндіріледі.
Мұндай жұмыстарға кәсіпкерлерді кеңінен тарту өте маңызды. Бір жағынан, бұл тұрғындарға бағыт-бағдар берсе, екінші жағынан, халықтың санасында дұрыс әдет қалыптастырады. Өкінішке қарай, темекі тұқылын, шемішке қабығын немесе басқа да қалдықтарды кез келген жерге тастай салу әдеті әлі де кездеседі. Бұдан арылу үшін тек айыппұлмен шектелмей, халық арасында түсіндіру және насихат жұмыстарын күшейту қажет.
Сонымен қатар, қала мен аудан әкімдіктерінің осы бағыттағы жұмысы да жаңа қарқын алуы тиіс. Әсіресе, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдаланып, жастар арасында экологиялық бастамаларды кеңінен насихаттауымыз қажет. Instagram, Facebook, TikTok сияқты платформаларда белсенділік танытып жүрген жастарды тарту арқылы ауылдар мен аудандарда тұрақты қоғамдық қозғалыстар қалыптастыруға болады.
Бұл тек сенбілікпен шектелмей, әр көше мен аулада жүйелі түрде өткізілетін мәдени-ағартушылық іс-шараларға ұласуы тиіс. Біздің облыстағы белсенді жастардың ауылын көркейтуге деген ықыласы бар, біз осыны дұрыс арнаға бағыттап, қолдау көрсетуіміз қажет.
Өздеріңізге белгілі, былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысып, соның нәтижесінде 860 мың гектардан астам аумақ тазартылып, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Егер осындай қарқынмен жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстанды нағыз жасыл елге айналдыра аламыз. Бұл – келешек ұрпақ үшін өшпес өнеге әрі аманат.
Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бастама мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық білім мекемелерін қамтып, өскелең ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыруға ықпал етпек.
Біз барлығымыз бірлесе отырып, табиғатқа жанашыр болуды, қоршаған ортаға қамқорлық жасауды өмірлік дағдыға айналдыруымыз қажет. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың ең дұрыс жолы әрі болашақ ұрпақ алдындағы басты парызымыз.

Марат МУРЗИЕВ,

Атырау облысы әкімінің орынбасары

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button