Күрделі мәселеге – күмілжіген жауап
Республика Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты биыл 11 қазанда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған еді. Онда екі мәселе көтерілген, бірі – Каспий теңізінің жағалауында гидрологиялық ғылыми зерттеулер жүргізу, екіншісі – теңіздің тартылып кеткен аумағындағы құрғақ топырақтың ауаға ұшып, қоршаған ортаға зиянын тигізбеуі үшін сексеуіл егу туралы. Ол жөнінде біз газеттің 17 қазандағы №42 санында «Каспий қайта орала ма?» деген тақырыппен толыққанды жазған едік. Бір қарасаңыз, халық тұрмысына қажетті басқа да проблемалар қордаланып тұрғанда, мына айтылғандар «еріккеннің ермегі» болып көрінуі мүмкін. Ал, шынтуайтында Атырау, Маңғыстау облысының тұрғындары үшін бұл – өте күрделі және күнделікті өмірде аса маңызды мәселе.
Сондықтан болса керек, Мәжілістегі «Aқ жол» партиясы фракциясының мүшесі Серік Ерубаевтың бұл бастамасын әріптестері, фракция мүшелері Азат Перуашев, Дания Еспаева, Ерлан Барлыбаев, Елнұр Бейсенбаев, Қазыбек Иса, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Дүйсенбай Тұрғанов, Әділ Жұбанов, Еділ Жаңбыршин, Самат Мусабаев, ЖСДП партиясы фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова да қолдаған еді. Депутаттар тобының сауалына Үкімет басшысының бірінші орынбасары да дереу үн қатып, жауабын жолдапты. Онда депутаттардың Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне қатысты алаңдаушылығы орынды екенін атап көрсеткен Роман Васильевич мәселеге Үкіметтің де ерекше назар аударып отырғанын және үнемі бақылауда тұрғанын хабарлаған.
Жауапта әуелі Каспий теңізінің су деңгейі тұйық су қоймасы ретінде айтарлықтай ауытқуларға ұшырайтынын, мұндай ауытқулардың көпжылдық, жыларалық және маусымдық деп бөлінетіні айтылған. Шынында, 1900 жылдан бастап қазірге дейінгі жүйелі бақылау кезеңінде теңіз деңгейі Балтық жүйесі (БЖ) бойынша 1900 жылғы –25,74 метр белгісіне сәйкес келетін максималды мәннен 1977 жылы –29,01 метр/БЖ дейін өзгеріпті. Каспий маңындағы елдердің барлық бақылау пункттерінің деректері негізінде есептелген Каспий теңізінің орташа көпжылдық деңгейі –27,35 метр/БЖ. Одан әрі Роман Склярдың жауабында:
«2006 жылдан бастап Каспий теңізінің орташа деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады, ол 2023 жылға қарай 1,96 м-ге төмендеп, минус 28,87 м/БЖ құрады. 2024 жылы Каспий теңізіне құятын өзендердегі жоғары су тасқынына байланысты төмендеу қарқыны айтарлықтай баяулады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған гранттық қаржыландыру шеңберінде 2 жоба және бағдарламалық-нысаналы қар-жыландыру шеңберінде 2 бағдарлама жүзеге асырылуда» — делінген.
Жауаптың нақты болуы үшін хатта жобалар мен бағдарламалардың атауы да көрсетіліпті. 2 жобаның бірі 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру шеңберінде «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті» мекемесі жүргізген «Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы жағалау аймағы суларының гидрофизикалық режимі, экологиялық жағдайы және сапасы» жобасы, екіншісі – «Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (КеАҚ) «Ақтау қаласы ауданындағы Каспий теңізінің шығыс жағалауының экологиялық жағдайын кешенді зерттеу және бағалау» жобасы. Соңғысы 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру негізінде жүзеге асыпты.
Ал, 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі «Қазақстан Республикасының транс-шекаралық Жайық-Каспий бассейніндегі су қауіпсіздігі: 2050 жылға дейінгі тұрақты сумен қамтамасыз ету стратегиясы» бағдарламасын «География және су қауіпсіздігі институты» КеАҚ, «Каспий маңы өңірінің шөлейттену және топырақтың тозуы проблемаларын шешудің инновациялық әдістерін әзірлеу» бағдарламасын 2024-2026 ж.ж. арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы «Қазақ ұлттық техникалық-зерттеу университеті» КеАҚ жүргізіп жатыр екен.
Депутаттық сауалда көтерілген теңіз жағалауындағы құрғаған алқаптарда сексеуіл егу мәселесі бойынша мынадай жауап беріліпті:
«2021 жылы Мемлекет басшысы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде (бұдан әрі – АТҚТ) сексеуіл екпелерін отырғызу жолымен жалпы ауданы 1,1 млн. га орман мелиорациялық жұмыстарды жүргізу міндетін қойды.
2021 жылдан бастап 2024 жылға дейін АТҚТ-да 413 мың га алқапта орман мелиорациялық жұмыстар орындалды…»
Бұл жерде бірінші вице-премьердің келтіргені Арал маңына егілген 2083,4 тонна сексеуіл және галофитті өсімдіктердің тұқымы, сондай-ақ аталған мерзімде отырғызылған 45,2 миллион дана сексеуіл көшеті. Әрине, бұл қағаздағы көрсеткіш. Шынында, құмды тоқтататын галофитті өсімдіктер тұқымын түйірлеп немесе сексеуілдің әр түбін қолмен санап шыққан кім бар екен?!
Бұған күмәнданатын себебіміз, одан арғысын айтпағанда соңғы 25-30 жылда Атырау қаласында жылма-жыл жүздеген мың түп түрлі талдың көшеті отырғызылды. Алайда, орман болып өскен өскін жоқ: бары – Астанаға есеп беру үшін; өскені – егілген кездегі әкімнің қаһарынан сескенгендіктен. Одан басқа себебі жоқ.
Р.Скляр өз жауабында: «Экологиялық апаттың теріс әсерін азайтудың, тұздарды шығаруға қарсы борпылдақ тұзды қабатын нығайтудың және жылжымалы құмдармен күресудің ең қолайлы әдісі – байырғы өсімдіктердің құрғаған түбіне орман өсіру. Сексеуілдің өмір сүруін барынша арттыру үшін орман мелиорациялық жұмыстар ғылыми ұсынымдар мен жұмыс жобалары негізінде жүргізіледі (негізгі әдістер: механикаланған егу және отырғызу).
Ғалымдар тұзы аз топырақтарда сексеуіл егуді (отырғызуды), неғұрлым тұзды топырақтарда галофитті өсімдіктердің (қарабақ, сарасазан) тұқымдарын себуді ұсынуда.
Бұл ретте Каспий теңізінің құрғаған алқаптарында эрозияға қарсы шаралар қабылдау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Ә. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналық қар-жыландыру шеңберінде Каспий теңізінің құрғаған алқаптарында галофитті өсімдіктерді егу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қарастырды» — деп көрсеткенімен, оның жауабы депутаттарды қайдам, біздің көңілімізден шыға қойған жоқ.
Оның үстіне, көрсетілген мәселелер Үкіметтің ұдайы бақылауында және оларды шешу бойынша жұмыс одан әрі жалғасатынын вице-премьер сендіргені де сенімсіз. Өйткені, талай депутаттық сауал берген Роман Васильевичтің жауабынан түпкілікті нәтиже көре алмай пұшайман болғанбыз.
Түптеп келгенде, депутаттар көтерген әрбір проблема – жергілікті халықтың жанайқайы. Оны түсіну үшін Үкімет пен құзырлы ведомствоның басшысынан қосшысына дейін күні бойы әдемі киім киіп, былғары портфельмен хан сарайындай кеңселерді жағаламай, өңір тұрғындарының бір күндік тірлігін бастан кешіп көрсе жеткілікті. Әйтпесе, күрделі мәселеге күмілжіген жауаптардың келе беретіні айтпаса да түсінікті.
Қ. ШӘКІРОВ