КАСПИЙ ТЕҢІЗІ

оның биологиялық ресурстарын қалай қорғаймыз?
Каспий – байлық... Каспий – тіршілік көзі... Каспий – геосаясат... Иә, кәрі теңіздің берері көп. Бірақ, мол қазынаны ысырап қылмауды көл-дарияны тел емген бес елдің перзенті әсте естен шығармағаны жөн. Каспий теңізі экологиясының қазіргі кезде күрт нашарлап кеткені жиі айтылып жүр. Ал, теңіздің Қазақстанға жататын солтүстік бөлігінде болашақта мұнай игерілсе, мәселе тіпті күрделене түсері сөзсіз. Көпшілік болса, бұған сын көзбен, сақтықпен қарайды. Каспийге қандай тәжірибе жасалса да, көк теңіздің табиғатын сол қалпында сақтап қалу – басты міндет.

Бізді де «Каспийдегі тіршілік дүниесін қалай сақтап қаламыз, биоресурстарға қандай қауіп бар?» деген сауалдар алаңдатады. Негізінен, теңіздің экологиясына әсер ететін төрт фактор бар: табиғи, техногендік, биологиялық, браконьерлік. Енді осыларды шетінен тарқаталық.

КАСПИЙ ТАРТЫЛЫП, БАЛЫҚ АЗАЙЫП
БАРАДЫ

Каспий теңізі тартылып барады. Мамандардың айтуынша, теңіздің қазіргі деңгейі 27,77 метрді көрсетіп тұр. Дәл осындай жағдай 1977 жылы байқалған. Ол кезде көк айдынның деңгейі 29 метрге дейін тартылған болатын. 1962 жылы теңіз деңгейі 28,51 метрге жеткен. Ал 1995 жылы, керісінше, теңіз деңгейі 29,77 метрге көтеріліп, құрғап кеткен жағалау түгел су астында қалған. Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігін төрт гидрометеорологиялық стансы мен сегіз бекет бақылайды. Теңіз деңгейін тұрақты бақылап отырған зерттеушілер 2001 жылдан бастап теңіз деңгейі 27,77 метрден де төмендеп, тартылып келе жатқанын байқаған. Жалпы, Каспий деңгейі әлемдік мұхиттардан 28 метрдей төмен орналасқан, тереңдігі – 1025 метр.
Теңізге 130-дан астам өзен мен жылғалар келіп құяды. Зерттеушілердің айтуынша, Каспий тұйық теңіз саналады. «Ал көк айдынның жағадан шегініп кетуі – 70 жылда қайталанып отыратын табиғи құбылыс. Сондықтан биоресурстарға бәлендей әсер ете қоймайды» дейді тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов. «Табиғи құбылыс болғандықтан, балықтар мен жануарлар әлеміне аса қауіп төнбейді. Одан биоресурс, яғни тіршілік әлемі толықтай жойылады деген сөз емес», – дейді ол.
Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, 1977 жылғы теңіз деңгейі төмендеген кезде Атыраудағы Сарықамыс, Маңғыстау түбегінің солтүстік жағалаулары бірнеше метрге қашықтап кеткен. Бұл жағдай тағы қайталанатын болса, ірі кемелер теңіз аумағындағы кен орындарына немесе жағаға жете алмай қалуы мүмкін. Осы орайда мамандар теңіз жағалауында қойылған су қорғау белдеулерінен асып, құрылыс жүргізу қауіпті екенін ескертеді. Су қорғау белгілері Түрікменбашыдан Атырауға дейінгі 1400 шақырымға созылған жағалауларда орналасқан. Каспий теңізі деңгейінің құбылуы осындай экологиялық проблема туғызып отыр.
Каспий теңізінің экологиясына әсер ететін табиғи фактордың бірі – жер сілкіну. Хазар теңізі және Тұран ойпатының Маңғышлақ бөлігі – сейсмикалық жағынан тұрақсыз аймақ. Қашақ шығанағы, Үстірттің оңтүстік етегі, Сайөтестен шығысқа қарайғы жер жылына 4 мм-ге көтеріліп келе жатыр. Ал Ақтау қаласы орналасқан жер жылына 2 мм-ге көтерілуде. Орынбасар Тоқжановтың айтуынша, тектоникалық жағынан тұрақсыз осындай аймақта, яғни теңіз түбінде жер астының қысымы азайған кезде қозғалыс болуы мүмкін. «Демек, жер сілкіну қаупі бар. Бірақ жойқын жер сілкінісі болмайды, әрі кетсе 3-4 балдық көрсеткішті көрсетуі мүмкін», – дейді О.Тоқжанов. Айта кетейік, өткен жылы қарашада Каспий теңізінің Әзірбайжан секторында жер сілкінген болатын. Бірақ ешқандай шығын болған жоқ және Маңғыстау түбегіне білінбеді де.

ТЕҢІЗГЕ
ТЕХНОГЕНДІК
ФАКТОР ҚАЛАЙ
ӘСЕР ЕТЕДІ?

Каспий теңізінің экологиясын бұзатын екінші фактор – техногендік фактор, яғни адам әрекетінің әсері. Экологтердің дабыл қағуына қарағанда, Каспий теңізі оңбай ластанып, ойбай салатын халге жеткен. Десек те, бес елдің өкілдері «Теңізге басты қауіп неден?» деген сауалға жауап іздегенде шанжарқайдай шашырап, бір пәтуаға келе алмай отырғаны түсініксіз. Атап айтқанда, ресейлік табиғат жанашырлары Каспий теңізінің шектен тыс ластануына теңіздегі мұнай операциялары кінәлі деп санайды. Ал теңізде ғарыштық мониторинг жүргізіп жатқан «Сканэкс» компаниясының бас директоры Алексей Кучейко бұл пікірді қуаттайды. Компания басшысы жерсерігі арқылы кемелер мен мұнай өндірісінен болған зарарларды құлмезгіл көретінін айтты.
Мұнай өндіруге байланысты теңізде кемелер көбейіп келеді. 2012 жылдың 1 қаңтарындағы есепке сүйенсек, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде 2006 жылы жүзу құралы тіркелсе, оның 286-сы – алып кемелер. «Бұл алып кемелер жүзіп өткенде теңіздің астындағы өсімдік дүниесін жойып жібереді», – дейді Орынбасар Тоқжанов. Бір өкініштісі, бұл кемелер биоресурс көп шоғырланған теңіздің солтүстік аймағында жиі жүзеді. Сондықтан мамандар кемелердің жүзу бағытын реттеу керек екенін айтады.
«Каспий итбалығы – теңізде өмір сүретін бірден-бір сүтқоректі жануар. Олардың салмағы 100 келіге дейін жетеді. 1905-1910 жылдары зерттеу бойынша, Каспийде 1 миллион 100 мыңға жуық итбалық мекен етсе, 60-70 жылдары олардың саны 520-560 мыңға дейін азайған. Бүгінгі таңда тұйық теңізде өмір сүретін итбалықтың саны 100 мыңнан сәл-ақ асады. Ал эколог Орынбасар Тоқжановтың мәліметінше, дәл қазір теңізде бар болғаны 70-80 мыңдай ғана итбалық қалған. Оның айтуынша, итбалықтардың азаюына, кей уақытта жаппай қырылуына мұнай қалдықтарының қатысы жоқ.
Мұны Қазақстандағы Тегеран конвенциясымен байланыс жөніндегі ұлттық қызметкері Серік Ахметов те қуаттап отыр. Бірнеше ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді.
Қазір майшабақтар 94 пайызға азайып кеткен екен. Оны аулау үшін итбалықтар теңіз жағасына жақындайды. Қорек азайғасын итбалықтың да тынысы тарылып барады. Мұны бұдан біраз жыл бұрын Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басшылығы да жасырмаған. Ал қазір итбалықтар қарапайым құрттармен қоректенуге көшті, бірақ, шабақ құрлы талғажау болмай тұр.

ТҮЙІН
Жыл сайын Каспий теңізінің экологиялық мәселесін шешу және биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында Каспий маңы мемлекеттері көптеген шара ұйымдастырып тұрады. Әрине, бұл жеткіліксіз. Жиынмен мәселе шешілмейді. Осы орайда, Қазақстан тарабы Каспий теңізінің проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институтын ашуды жоспарлап отыр. Бұл институт теңізді кешенді түрде зерттеп, басым бағыттарды анықтап беруі тиіс.
Біздіңше, биоресурстарды сол күйінде сақтау Каспий теңізінің айналасындағы бес мемлекетте өмір сүріп жатқан 25 миллиондай адамның тағдырына әсер етеді деп есептейміз.

Е.САМАЛЫҚОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз