ҚҰБЫР БОЙЫНДАҒЫ МҰНАЙ
Қалдықтар қайда тасымалданады?
Кәсіпорынның алдымыздағы жылға жоспарлаған табиғат қорғау шараларын баяндаған КҚК-Қ компаниясының экологы Салтанат Сапарованың айтуынша, өздерінде қатты қалдықтарды тастайтын полигон жоқ. Сондықтан, осы бағытта мамандандырылған мердігермен шарт жасалған. Қазіргі сәтте келісім бойынша «Вест Дала» мекемесіне тапсырады екен. Ал, мұнда қалдықтар қайда тасталады? Осындай сауалды «Глобус» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Галина Чернова жолдады. Компания мамандарының айтуынша, олар кейбір қалдықтардың қайда жеткізіліп жатқандығын бақылайды. Сірә, бәрін емес секілді. Әйтсе де, біздің ойымызша, шарт жасалған соң сол қалдықтардың одан арғы тағдыры мердігердің мойнында емес пе? Келісімге орай тапсырысшыдан ақшасын алып отырған мекеме өз ісіне жауап бермей ме? Егер қоршаған ортаны бұзып, қоқысты кез келген жерге лақтырып жатса, соларға шара қолданылсын.
Әйтсе де, түбі ұяты өзіне келетіндіктен компания басшылығы мердігермен жұмысты жандандырғаны жөн. Соларға қатаңырақ талап қойған дұрыс. Рас, өздерінде қатты қалдықтар тастайтын жеке полигон болмағандықтан мамандандырылған мекемеге аз-кем тәуелді де шығар. Дегенмен, тапсырыс берген соң бірлескен әрекет те керек. Оның үстіне, соңғы кездегі қоғамдық тыңдауларда мердігерлер өкілдерінің болуы тиістігі жөнінде де айтылып жүр. Расында да, әркім өзіне бекітілген міндетіне жауап бергені абзал. Демек, алдағы уақытта осындай шараларға олардың да шақырылғаны мақұл. Ал, КҚК-Қ компаниясы келесі жылы барлық өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды мамандандырылған мекемеге тапсыру үшін 7,5 млн. теңге жұмсағалы отыр.
Сарқынды сулар сыры
Жалпы, құбыр бойымен мұнай айдаудан қоршаған ортаға айтарлықтай залал да келтірілмейді. Өйткені, бұл сала ұңғымаларды бұрғылау немесе олардан «қара алтын» өндіру емес. Күніне тонналап түрлі қалдықтар шығарып жатқан да жоқ. Дегенмен, өндіріс ошағында сарқынды сулар пайда болады. Атырау территориялық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының қызметкері Бостан Сүлейменов осы мәселені қозғады. Расында да, кәсіпорын қажеті үшін пайдаланылған суларды қалай тазалап, қайда жібереді? Осы орайда, компания мамандарының айтуынша, қолданылған су төрт сатылы тазалаудан өтеді екен. Содан соң ғана буландыру алаңына жіберіледі және тал-теректер суарылады. Демек, бұл бағытта ешқандай проблема жоқ секілді. Әйтсе де, соның көлемі қанша? «Судың да сұрауы бар» дегендей, келешекте оны үнемдеу бағытында нендей шаралар қолға алынбақ? Әлде Астрахан-Маңғыстау құбырына салмақ салына бере ме? Осы орайда өзге де инвесторларға айтылып жүргеніндей, жерасты су көздерін кәдеге асыруға ұмтылу керек еді. Бізде оның мол қоры да бар.
Айтпақшы, КҚК-Қ компаниясында Кеңею жобасы жүзеге асып жатқандықтан, суды тұтыну көлемі артуы да ықтимал. Жақында ғана осы жұмыс барысында «Атырау» және «Теңіз» мұнай айдау стансалары толық қайта жарақтандырылып, қатарға қосылды. Келесі жылы «Атырау» стансасында кәріздік-сорғылау қондырғысын жаңғырту көзделген.
Бостан Сүлейменовтің сөзінен ұққанымыз – Ембі өзені арқылы өтетін құбыр су ағысына кедергі келтіретіні. О баста жобаның қалай бекітіліп кеткендігі қайдам, кемшілік қазір байқалып тұр. Әсіресе, көктемгі тасқын кезінде өзен өз арнасынан адасып қалатындай. Бұл, турасын айтқанда, қауіпті құбылыс. Рас, компания мамандары Жайық және Ембі өзендері арқылы тартылған құбырды тұрақты қадағалап отырғандығын алға тартады. Бұл мақсатқа келесі жылы 760 мың теңге бөлінген. Әйтсе де, қоғамдық тыңдауда айтылғанындай, компанияның сарқынды суларды буландыру алаңына жіберуге рұқсаты да жоқ көрінеді. Ендеше, бұған дейін құзырлы орындар не тындырып отыр? Сырттай сынағанша, шарасын алмай ма? Әрі, тұтынған және буландыру алаңына жіберілген судың нақты есебі де айтылмады.
Тал-теректер тарту етсе…
Сонымен қатар, өндіріс ошақтары төңірегі көгалдандырылады. Бұрынғы талдар бапталады, жаңалары өсіріледі, гүлзарлар жасақталады. Міне, осы шаруаға 8 млн. 800 мың теңге жұмсалмақ. Әрине, аз қаражат емес. Әйтсе де, жиналғандар компанияның тек өз территориясымен ғана шектеліп қалмай, Атырау көшелерін де қамтуын ұсынды. Расында да, мүмкіндігі мол мекеме облыс орталығында бір көшені мойнына алып, оны тал-теректермен толтырса, бір іс тындырылмай ма? Рас, КҚК-Қ компаниясы аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешуде біраз шаруа атқарды. Мектептер мен ауруханаларды күрделі жөндеуге, оларға қазіргі заманғы жабдықтар алуға, т.б. шараларға тұрақты қаржы бөліп келеді. Әйтсе де, расында да, жас шыбықтарды отырғызып, оларды күтіп-баптап, атыраулықтарға тарту етсе, жарасымды болар еді. Тек осы өңірдің қатал табиғатына төзімді тал-теректер таңдалғаны дұрыс.
Құбыр бойындағы ашық электр желілеріне қонатын құстарды қорғау шаралары қарастырылыпты. Сайып келгенде, бұл – жай нәрсе емес, халықаралық талап. Өн бойымен жоғары кернеулі ток жүріп тұрған сымдарға қонақтаған құстардың тобымен қырылып жататын кезі кездеседі. Олардың ішінде «қызыл кітапқа» енгізілген өте сирек түрлері де болады. Осы орайда былтыр 32 құс қайтаратын қондырғы қондырылған екен. Биыл 18, келесі жылға 25 жабдық жоспарланыпты. Бұл бағытта 785 мың теңге қаралған. Әйтсе де, бұған дейін электр сымдарына соғылып, токқа тартылған құстар кездесті ме? Егер солай болса, қаншасы қырылды екен? Міне, осы дәйектер айтылмады.
Академик неге ашуланды?
Әдеттегідей, ғылыми негізге құрылған, нақты дәйектермен тұжырымдалған сауалдарды академик Муфтах Диаров жолдады. Ал, қайтарылған жауаптарға қадірменді қарттың көңілі толмады. Мәселен, құбыр бойымен айдалып жатқан мұнайдың әр тоннасы қоршаған ортаға қалай әсер етеді? «Қара алтын» сақталған резервуарлардың төңірегіне тигізер зияны бар ма? Жерасты суларын қадағалау жайы қалай? Гидрогеологиялық зерттеулер нәтижесі қандай? – Академик осы тектес нақты сауалдарына жауап іздеген-ді. Әрине, компания мамандары түк түсінік бермеді деу қиын. Шамасына қарай айтып-ақ жатыр. Бірақ, ғалым қанағаттанбады. Ақыры, компания өкілдері жазбаша жауап қайтаратындықтарын айтып құтылды.
Ардагер-эколог Бостан Сүлейменов те, «Глобус» үкіметтік емес ұйымы төрайымы Галина Чернова да, ғылыми-зерттеу институты жетекшісі Ғалия Үмбетәлиева да, өзгелері де жолдаған сауалдарына толық жауап қайтарылмағанын айтып жатты. Әрине, бұлардың бәрі тырнақ астынан кір іздемеген шығар. Демек, компания өкілдері тар көлемде ғана мәліметтер әкеліп, мүмкін сауалдарды алдын ала болжамаған. Тіпті, іссапарда жүргендіктен кейбір мамандар қатыспады. Әлі есімізде, қоғамдық тыңдауға еш дайындықсыз келген кәсіпорын экологтарына мұндай шараны кейінге қалдыру да ұсынылған. Турасын айтқанда, бұл да инвесторлар тарапынан орын алар өрескел қателік емес пе? КҚК-Қ компаниясының алдымыздағы жылғы табиғат қорғау шараларына 94 млн. 485 мың теңге бөлмекші екендігі де жиналғандарға онша әсер еткен жоқ. Өйткені, жұртшылық жалпылама цифрдан гөрі нақты жұмысты күтеді.
Сөз соңы
Сонымен, қоғамдық тыңдау өтті. Оған қатысқандар ойларын білдірді, сауалдарын жолдады. Бәрі де дұрыс тәрізді. Әйтсе де, көңілге түйткіл ұялатқан екі нәрсеге назар аударғанды жөн көрдік. Алдымен, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерінің қызметі туралы. Әрине, заман талабына орай мұндай қоғамдық құрылымдар қажет. Бірақ, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен солардың саны сапаға сай ма? «Ерінбеген етікші болады» дегендей, екінің бірі осындай ұйым құрып алып, халық атынан сөйлеуге құмар-ақ. Сөйте тұра, қатысқалы отырған шараның қыр-сырын ұқпай, еш дайындықсыз келеді. Мәселен, КҚК-Қ компаниясы «қара алтын» өндірумен айналыспайды, оны тек тасымалдайды. Ендеше, оған мұнайшыларға тән сауал жолдануы қалай? Бұл инвесторлар алдында өзіміздің сауатсыздығымызды көрсетпей ме? Немесе, компания өкілдеріне дүрсе қоя беру жарасымды ма? Рас, кемшілігін бетіне басып, қателігін түзеуге жол сілтеген жөн шығар. Бірақ, соны жағаға жармаспай, мәдениетті түрде, ұстамдылықпен жеткізген жарасымды емес пе? Қоғамдық тыңдауға төрағалық етушінің осы жайға да назар аударғаны абзал.
Одан әрі, осындай шараларға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының экология факультетінің студенттері қатысады. Жөн-ақ. Болашақ экологтар мамандығына орай тәжірибелерін толықтырып, қоршаған ортаға қатысты проблемаларға қаныға бергендері дұрыс. Әйтсе де, солар ұялы телефондарымен ойнап отырса немесе дәлізді кезіп жүрсе, қажетті мәліметтер ала ма? Әдейі сабақтан босатып, осындай шараға жіберген оқытушылары кейін алған әсерлерін сұрай ма екен? Сайып келгенде, келешекте аймақтың экологиясын сауықтырып, қоршаған орта мәселесімен шұғылданатын осы жастар емес пе? Міне, осы жайларға да назар аударған абзал.
Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ.