Жарнама
Экология

Ғасырдың экологиялық жобасы: Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Аралды сақтаудың екінші кезеңіне кірісті

Қызылорда облысындағы Көкарал бөгетінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахбамен кездесті.

Кездесуде тараптар Солтүстік Арал теңізін сақтауға арналған жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылады.

Қазір Су ресурстары және ирригация министрлігі жобаның екінші кезеңіне қатысты техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеу жұмыстарын аяқтауға жақын. Онда Көкарал бөгетін қайта жаңғырту және Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейін 44 метрге дейін көтеру, сондай-ақ Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйелеріндегі су ресурстарын тұрақтандыру үшін Аманөткел ауылы маңында гидроторап салу қарастырылған.

Нәтижесінде Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет.

Теңізді сақтаудың бұл нұсқасы 1913 жылдан 2019 жылға дейінгі Сырдария өзені бассейніндегі судың орташа көпжылдық ағынын талдау мен бағалау нәтижелері, сондай-ақ су қоймаларының физикалық сипаттамалары негізінде таңдалған. Көкарал бөгетін көтеру және нығайту жөнінде Мелиорация және су шаруашылығының бұрынғы министрі Нариман Қыпшақбаев та ұсыныс жасағанын еске сала кетейік.

«Жобаны іске асырудың бірнеше нұсқасын қарадық. Ең тиімді шешімді табу үшін биылдың басынан бастап Қызылорда облысы мен Арал ауданы әкімдіктерінің өкілдерімен бірқатар кеңес өткізілді. Сонымен бірге министрлігіміздің мамандары жергілікті тұрғындармен және қоғамдық ұйымдармен бірнеше рет кездесті. Аймаққа жұмыс сапары барысында Парламент депутаттарының, жобалаушылардың, су шаруашылығы саласы ардагерлерінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен азаматтармен кездесу өткіздім. Кездесуде Арал ауданы мен Арал қаласының тұрғындарының ұсыныстары тыңдалып, жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Таңдалған нұсқа мерзім мен нақты жағдайларды, соның ішінде Сырдария өзені бассейнінің жағдайын ескере отырып, ең қолайлы шешім ретінде анықталды»,
– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Самех Вахба өз кезегінде Дүниежүзілік банк Солтүстік Аралдың сақталуына алдағы уақытта да қатысуға мүдделі екенін жеткізді. Айта кетейік, халықаралық қаржы ұйымы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге грант бөлген.

«Бүгін біз балық өңдеу зауытын аралап, жобаны жүзеге асырғаннан кейін өңірде қаншама жұмыс орны ашылатынын өз көзімізбен көрдік. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және туризм сияқты басқа салаларда да жұмыспен қамту мүмкіндіктері пайда болады. Осылайша бұл жоба бүкіл өңір үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Солтүстік Аралды сақтау жобасы біз үшін өте маңызды, өйткені ол бүкіл әлемге тұтас бір экожүйені қалпына келтірудің нақты үлгісін көрсетеді,
– деді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахба.

Министрлік әзірлеген техникалық-экономикалық негіздеме бойынша сараптама қорытындысын алу мерзімі 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Солтүстік Аралды сақтау жобасы теңіздегі су көлемін арттыруға және сапасын жақсартуға, Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіруге, Арал теңізі табанынан тұз шөгінділерінің жел арқылы таралуын азайтуға, Солтүстік Арал теңізінің су ресурстарын басқаруды жетілдіруге, Қызылорда облысындағы балық шаруашылығын дамытуға және жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған.

Еске сала кетейік, жобаның бірінші кезеңінің нәтижесінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 42%-ға артты, теңіз суының тұздылығы шамамен 4 есеге төмендеді, жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ теңіздің құрғаған табанының 870 шаршы шақырымы суға толып, жел арқылы тұздардың таралуы азайды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button