АТЫРАУДЫҢ АУАСЫН УЛАП ЖҮРГЕН КІМДЕР?

img 20220502 012918 Экология

Кейінгі кездері атыраулықтар қалада қолқаны қабар жағымсыз иістің шығу жағдайлары жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіруде. Ал, ол қайдан шығып жатыр? Мәселенің мән-жайын құзырлы құрылымдардың өкілдері түсіндіруге тырысты. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында кезекті брифинг өтті. 

Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Қамзиннің айтуынша, шынымен де соңғы уақытта шаһарда атмосфералық ауаға тарайтын лас заттар мен күлімсі иіс шығу фактілері бірнеше мәрте тіркеліпті. Алайда, бұл жағдайлардың денінде оның концентрациясы, яғни жинақталу мөлшері гигиеналық нормативке сай рұқсат етілген шекті мөлшерден, басқаша айтқанда белгіленген лимиттен аспаған көрінеді.

 –Нақты айтқанда, бұл норматив Ұлттық экономика министрлігігінің 2015 жылдың 28 ақпанындағы №168 бұйрығымен бекітілген. Ал, 2020 жылдың шілде айында жарық көрген еліміздің «Халық денсаулығы және денсаулық жүйесі туралы» кодексінің 9-бабында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның құзыретіне сәйкесінше осы салада мониторингті жүзеге асыру құқығы берілген. Жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесіне, сондай-ақ, «Қазгидромет» РМКның Атырау филиалы ұсынған ресми мәліметтерге сүйенсек, облыс орталығындағы атмосфералық ауа сапасын бақылайтын  №10 «Нұрсая», №103 «Шағала», №109 «Восток», №110 «Привокзальный», №111 «Тұрғын үй қалашығы», №112 «Әкімдік», №113 «Авангард» бекеттерде оның құрамындағы күкіртсутегі көлемінің қалыпты мөлшердегіден  айтарлықтай көбейіп кеткендігі белгілі болып отыр. Қорытындысында, көрсеткіштің (0,008-ден 5,5-ке) бірнеше есеге өсіп кеткеніне көз жеткізілді, – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жетекшісінің орынбасары Мұрат Қамзин.

«Қазгидромет» РМК Атырау филиалының мәліметінше, соңғы рет жағымсыз иіс шығу фактілері есепке алынған екі күнде қатты жел  оңтүстік-шығыс бағыттан соққан. Ал, Атырау облысы бойынша экология департаментінен алынған ақпаратта ауаға жағымсыз иістің таралу ошағы ретінде әдеттегііше «Атырау облысы су арнасы» КМК-ның басқаруындағы, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің теңгеріміндегі «Тухлая балка» булану алаңы анықталған. Осыны негізге ала отырып, қалалық санитариялық-қадағалау қызметі кодекс талаптарын басшылыққа алып аталған екі кәсіпорынның үстінен әкімшілік іс қозғау жөнінде ұйғарымға келген.

Мұны брифингке қатысып, өз салалары бойынша хабарлама жасаған Атырау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов пен экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов те растады.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз