Атыраудың ауасын ластаған кімдер?
2022 жылдың 31 тамызынан 1 қыркүйегіне қараған түні Атырау қаласының ауасында жағымсыз иіс пайда болды, деп хабарлайды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Telegram каналы.
Осы себепті Атырау облысы бойынша экология департаменті мен «Қазгидромет» РМК АФ тарапынан ұсынылған ауа сапасын бақылау стансыларының мәліметтеріне талдау жүргізіліп, нәтижесінде мына жағдайлар белгілі болды: Жоғарыда көрсетілген уақытта қаланың атмосфералық ауасында ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы №ҚР ДСМ-70 бұйрығымен бекітілген «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіптік ұйымдар аумақтарындағы атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтері» құжатындағы рұқсат етілген шекті шоғырланудан (ПДК) күкіртсутегі көрсеткішінің бірнеше есе өсу дерегі анықталды, яғни осы гигиеналық нормативтерді бұзушылық орын алған.
Атап айтқанда, №109 «Восток» станциясында 5,3 есе, №103 «Шағала» станциясында 5 есе, №112 «Акимат» станциясында 3,2 есе, №114 «Загородная» станциясында 3,9 есе және №108 «ТКА» станциясында 9,23 есе өскен. Талдау көрсеткендей, сол мезгілде желдің бағыты оңтүстік-шығыс, жылдымдығы 4 м/с, ылғалдылық 760, ауа температурасы 320С құрағаны және бұл бағытта «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің объектілері орналасқаны белгілі болды. Өз кезегінде, Департамент «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуде және нәтижесі бойынша анықталған экологиялық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданады.
«Бұдан бөлек, жоғарыда көрсетілген гигиеналық нормативтерді бұзушылық дерегі бойынша «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ін әкімшілік жауапқа тарту үшін Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне құжаттар жолданды»,-делінген хабарламада.
Айта кетейік, Атырау тұрғындары түнде шығатын мүңкіген иіске шағымданады. Экологтар мұның себебі мұнай өңдеу зауыты болуы мүмкін дейді, деп хабарлаған еді Tengrinews.kz.
Қала тұрғындарының айтуынша, жағымсыз иістерден әлсіздік, жүрек айну, бас ауыруы жиі пайда болады. Облыстық экология департаменті мұнай өңдеу зауытын тексеруге кірісті.
«Бұл мұнай өнімдерінің иісі. Біз Атырау мұнай өңдеу зауытын жоспардан тыс тексеруді бастадық, қызметкерлеріміз қазір зауытта. Сонымен қатар, зертхана желдің бағыты бойынша атмосферадағы ауаны бақылайды. Жел қазір оңтүстік-батыс, яғни зауыт жақтан соғып тұр», — деп түсіндірді Атырау облысы экология департаментінің басшысы Әлібек Бемұхаметов.
Тексерудің тиімді болатыны әлі белгісіз, өйткені иістің нақты себебі анықталмаған. Кәсіпорындарда көп тексеріс жүргізілді, бірақ ауаның ластану себебі әлі анықталған жоқ. Еске салайық, бір ай бұрын департамент Атырау мұнай өңдеу зауытында профилактика бақылауын жүргізіп, жалпы сомасы 5 миллион теңгеден аса заңбұзушылықтар үшін айыппұл салған болатын.