Жасыл желек жайқалар күн бар ма?
Жұмыс сапарымен Атырауға келген Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова облыс тұрғындарымен кездесті. Онда аймақтың экологиялық проблемалары кеңінен талқыланып, ұсыныстар да айтылды. ведомство басшысы өңірде қоршаған ортаның жағдайын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті сақтау, табиғат пайдалануды реттеу бағытында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар барын айтты.
Атыраулықтарға «жасыл экономика» сəнге еру емес, болашақ ұрпақтың амандығын қамтамасыз ету үшін қажет. Тұзы мол топыраққа қара ағаш өсуі мүмкін, алайда, жасыл желекке айналдыру қиынның қиыны. Осы мақсатта министрмен кездесуге арнайы келген верми фермері Асқар Құлмановтың айтуына қарағанда, табиғи таза тыңайтқыш бақша дақылдарынан алынатын өнім көлемін 7-8 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Құрт шаруашылығы экологиялық таза табиғи тыңайтқыш өнімін шығаратын, өндіргіш технологиясы өте қарапайым, көп шығынды қажет етпейтін өте тиімді кəсіп түрі екендігі айтылады. Көңнің қышқылдығын азайту үшін оны құртқа жегізеді. Осылайша, өңделген тыңайтқыш алынып, бау-бақша мен егістікте қолдана беруге болады. Өңделген тыңайтқыш алынатын өнімді еселеп арттырады. Ал, өңделмеген қарапайым көң болса, егістікті күйдіріп жіберетін көрінеді.
– Калифорниялық құрттар гумин қышқылын бөліп, құнарлы органикалық тыңайтқыш жасайды, — деген фермер аталған шаруашылыққа субсидия бөлуді сұрады.
Осылайша, өңірді жасыл желекпен жайқалтып, экологиялық проблеманың азаюына үлес қосуға болады екен. Биогумус – калифорниялық қызыл шұбалшаңның органикалық қалдықтарды қоректенуінен өңделіп алынатын, экологиялық жағынан өте таза, ешқандай зардап-залалы жоқ табиғи тыңайтқыш түрі болып табылады. Осы биологиялық гумус тыңайтқышының жер-анамыздағы топырақ құнары мен өсімдіктер əлемі үшін орасан зор маңызы, теңдесі жоқ пайдалы, айрықша қасиеттері бар.
Аталған тақырыпқа қызығушылық танытқан Экология жəне табиғи рес урстар министрі Зүлфия Сүлейменова субсидия бөлетін өкілеттігінің жоқтығын айтып, десе де, Ауыл шаруашылығы министрлігімен, «Даму» қорымен байланысып, мəселені шешуге мүмкіндіктер беретін тетіктерді анықтауға тырысатынын жеткізді.
Жиын барысында мұнайлы мекен экологиясына қатысты біратар мəселелер айтылды. Кездесуде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі қаңғыбас иттер мен заңдардың жетілмегендігі болды. Министрдің айтуынша, бұл жерде мəселе заңда емес, механизмдерді пысықтауда жəне жұртшылықпен сындарлы диалог орнатуда. Атырау экологиясы бір кездесумен шешілмесі анық. Десе де, Үкіметтен үміт көп. Ауаның ашық улануы, Жайықтың тартылуы сынды мəселелердің артында халықтың саулығы, елдің болашағы жатқаны ұмыт қалмаса екен.
Рита ӨТЕУҒАЛИ