
Атырауда плоггинг акциясында 100 келі қоқыс жиналды
Атырау қаласында «Теңіз жүрегі» жобасы аясында екінші рет плоггинг акциясы ұйымдастырылды. Бұл жолы қатысушылар Әлиев көпірінен бастап Ретро паркке дейінгі аралықта жүгіре жүріп, жағалаудағы қоқыстарды жинады. Іс-шараға 20 ерікті қатысып, нәтижесінде 100 келідей қоқыс шығарылды.

«Плоггинг» атауы швед тілінен шыққан, ол «жинау» және «жүгіру» сөздерінің қосындысы. Әлемде кең тараған бұл экотренд спорт пен қоршаған ортаны қорғауды біріктіріп, денсаулыққа да, табиғатқа да пайдасын тигізеді.

Ал «Теңіз жүрегі» жобасы «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының бастамасымен «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып, корпоративтік волонтерлікті дамытуға бағытталған. Бұл жолғы плоггинг WEN әйелдер қауымдастығымен бірлесіп өткізілді. Іс-шараға ТШО компаниясының қызметкерлері белсенді атсалысты.

-Мұндай плоггингті ұйымдастырудың маңызы зор. Қоршаған ортаны қорғау – әр адамның міндеті. Кез келген игі іске еріктілердің қатысуы табиғатқа деген жауапкершілікті арттырады, – деді жоба менеджері Рысты Жексенбаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, плоггинг тек қоқыс жинау ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Мұндай шаралар қала тұрғындарына тазалық пен табиғатты қорғаудың маңызын ұғындырады. «Теңіз жүрегі» жобасы алдағы уақытта да осындай экологиялық акцияларды жалғастырып, қала тұрғындарын табиғатты қорғауға жұмылдыруды көздеп отыр.






Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ