Атырауда көбелек көбейіп кетті…

164907 Экология

Соңғы күндері қалыптасқан ауа-райы жағдайына байланысты  бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне зиянын тигізетін шалғын көбелегінің облыс аумағында жаппай ұшуы орын алуда.

Мамыр айының бірінші онкүндігінде көбелектердің жаппай ұшуы көршілес Ресей Федерациясының Астрахань, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында байқалған болатын. Кейінгі тәуліктерде үздіксіз жауған жаңбыр мен молынан түскен ылғалдылық деңгейінің жоғарылығынан өңірімізде де оның көбейіп, тез таралуына қолайлы жағдай туындап, мұның өзі аймақ шаруагерлерін алаңдатқан өзекті мәселеге айналып отыр.

Осындай ақпаратымен бөліскен Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Әбила Қазиеваның түсіндіруінше, көбелек кезеңінде олардан зиян болмағанымен екі аптадан кейін олар мәдени және жабайы өсімдіктердің жапырақтарына жұмыртқалап және екі апта өткен соң құрттары (личинкалары) шыға бастайды. Осы кезеңде белсенді қоректенулері басталып, жапырақтарда терезе тәріздес тесікшелер қалдырып зақымдайды. Жаппай көбейген жағдайда олардан келер зиянды шегірткелермен зақымданған жағдаймен салыстыруға болады. Ал күн райы құрғақ та ыстық болған жағдайда олар жұмыртқалағанмен личинкалары кеуіп өздігінен өліп те қалады.

– Айта кету керек, Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 19 наурыздағы «Қарсы күрес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын зиянды организмдердің тізбесін және фитосанитариялық іс-шаралар жүргізу қағидаларын бекіту туралы» 100 №бұйрығына сәйкес, шалғын көбелегімен күрес жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін зиянды организмдер тізіміне енбеген. Соған байланысты, егіншілікпен айналысатын барлық субъектілерге шалғын көбелегі құрттарынан келетін залалға барынша дайын болуды: алқапты барлық жабайы арамшөптерден таза ұстау,  бүріккіштермен қамтамасыз ету, еліміздің  аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтердің (Децис Эксперт, кэ, Каратэ, кэ, БИ-58 ТОП, кэ) бірімен бүрку және пестицидтермен жұмыс істегенде техникалық қауіпсіздік, жеке гигиена  талаптарын, сондай-ақ препараттың пестицидтің шығымдылық нормасын қатаң ұстануды ұсынамыз, – дейді маман.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз