olod

Атырауда АМӨЗ бен еуропа даму банкі экожобаны жүзеге асырмақ

Экология
8 / 100

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (АМӨЗ) және Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) TAZALYQ жобасын 80 млн доллар сомасына қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Іс-шара маусымның 3-і күні Нұр-Сұлтан қаласында «Болашақтың бағдары – тұрақтылық» атты «ECOJER» I халықаралық конгресінің аясында өтті.

 TAZALYQ жобасы АМӨЗ ағын суларының тазарту құрылыстарын жаңғыртуды, сондай-ақ ауданы 860 гектар булану алқаптарын қалпына келтіруді көздейді.

Бұдан басқа, жоба аясында тазарту құрылыстарына қолданыстағы ашық бұру арнасының орнына АМӨЗ ағын суларын тарту үшін ұзындығы 3,5 шақырым жаңа құбыр салу жоспарлануда.

Жобаға сәйкес кәсіпорында түзелетін ағын сулар жаңадан салынған механикалық, кейіннен қазіргі биологиялық тазарту құрылыстарында екі кезеңдік тазартудан өтеді. Ағын суларының бір бөлігі қайта пайдалану үшін зауытқа қайтарылады, ал қалғаны Атырау қаласында салынып жатқан тазарту құрылыстарына жіберілетін болады.

Бұл өз кезегінде Жайық өзенінен тұщы су алуды азайтуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, парник газдарының ауаға бөлінуін төмендету және атмосфералық ауа сапасына теріс әсер етуді барынша азайту бойынша бірқатар шара қарастырылған. Жобаны 2023 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр. Құрылыс кезеңінде 150-ге дейін жұмыс орны ашылады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ АМӨЗ міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етуге ЕҚДБ пайдасына кепілдіктер береді. Компанияда атап өткендей, жобаны іске асыру Атырау қаласының қоршаған орта ахуалын жақсартады, экологиялық таза технологиялар мен «жасыл» экономиканы дамытуға жәрдемдеседі, қала халқының денсаулығына оң әсер етіп, АМӨЗ қызметінің Атырау өңірінің қоршаған ортасына, флорасы мен фаунасына теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, ЕҚДБ қатысуы жобаға, соның ішінде экологиялық стандарттарға ең жоғары талаптарды қояды. Жоба ЕҚДБ Экологиялық және әлеуметтік саясатына сәйкес келуі тиіс.

Қажетті бағалаулар мен зерттеулер жүргізу, экологиялық және әлеуметтік басқару жүйелерін енгізу, жобалық шешімдерді әзірлеу кезінде Еуропалық одақта қабылданған қолжетімді ең озық технологияларды қолдану талап етіледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған