Жарнама
Экология

Атырауда алғаш рет плоггинг форматында ерекше жүгіру марафоны өтті

Жуырда Атырау қаласында алғаш рет плоггинг форматында ерекше жүгіру марафоны өтті. Арнайы форма, ыңғайлы жүгіру аяқ киімі және қоқыс дорбаларын ұстаған қатысушылар заманауи спорттық-экологиялық трендтегі  шараға белсене қатысты.

«Жүректен – жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан марафон облыстық балалар ауруханасы ғимаратының алдынан бастау алды.

Қолғап пен қоқыс салатын қаптарды жүгіруге алып шыққан «Теңізшевройл» компаниясының қызметкерлері арасынан 20-дан астам ерікті де осы игі іске атсалысып, жолда кездескен қоқыстарды жинады. Олар екі сағаттың ішінде  Жайық өзенінің жағалауын тазалап шықты.

– Іс-шарамыздың ең басты мақсаты – тұрғындар арасындағы экобелсенділікті дамыту, салауатты өмір салтын, сондай-ақ плоггинг қозғалысын насихаттау. Біз мүмкіндігінше көп қоқыс жинауға тырыстық. Сондай-ақ  ортақ үйіміз – Атыраудың ластану проблемасына қала тұрғындарының назарын аударғымыз келеді және тазалықты сақтауға шақырамыз. Бұл бүкіл халықтың денсаулығы үшін маңызды. Бүгінгі шараға көптеген қатысушы отбасыларымен келді. Осылайша, біз өскелең ұрпаққа туған қаланы сүюді және бағалауды да үйретеміз, — деді «Теңіз жүрегі» жобасының менеджері Рысты Жексенбаева.

a1fcb5e4 1971 48d8 92fa 88a86ca50845

Плоггинг форматының ерекшелігі – жылдамдық үшін бәсекелестіктің болмауы. Бұл марафонда жеңімпаздар немесе жеңілгендер жоқ. Қатысушылар мәреге өздеріне ыңғайлы қарқынмен келді.

– Мен осындай іс-шараның қатысушысы болғаныма өте қуаныштымын.  Біздің компания қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануын белсенді қолдайды және экологияға қамқорлық корпоративтік мәдениетіміздің ажырамас және маңызды бөлігі болып табылады. Бүгін біз бәріміз бірге қала аумағын тазаладық. Шынымды айтсам, мен осынша көп қоқыс шығады деп күткен жоқпын, — дейді жарысқа қатысушы Құрмет Заман.

Марафон соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, эко-іс-шаралар алдағы уақытта жиі өткізілетінін айтты.

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button