АДАСЫП ҚАЛҒАН ШАБАҚТАР АЙДЫНЫН ТАПТЫ
Күннің ыстығынан суы азайған тоғандарда қалып қойған кішкене балық-шабақтарға оттегі жетіспегендіктен өсіп- өнбейді. Шабақтарды аулап, өлімін азайту үшін Махамбет ауданына қарасты көлге «Ынтымақ» еріктілер тобы биылғы жылы үш рет шықты. Алдыңғы жұмыс нәтижесінде белсенділер тар көзді аумен 17 мың жас шабақты сүзіп алып, өзенге жіберсе, соңғы сапарында 10 мың шабақты құтқарып, Жайыққа қосты.
Балық-шабақтарды құтқару жұмыстарына бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бірге шықты. Қазір балық қорғау бөлімі мен табиғат пайдаланушылар осы шабақтарды құтқарып қалудың барлық қамдарын жасап жатыр. Шабақ құтқарушылар Махамбет ауданына қарасты Аққайың ауылының «Сорочинко» көлі аумағынан балық шабақтарын шелекпен қарпып алып, арнайы темір бетон ыдыстарға салады. Содан соң өзен аумағына апарып құяды. Аққайың ауылындағы бұл көлдің айналасын тазарту, балықтарды құтқару жұмыстарымен «Т.Қалиев» жеке қожалығы отбасымен бірге айналысады екен. Қожалық басшысы Төремұрат Қалиев бізбен әңгімесінде, өңіріміздің экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосып келеміз дейді.
— Кеңес үкіметі кезінде шабақтарды құтқаруға үлкен көңіл бөлінетін-ді. Кәсіпорындарда демалыс күндері қызметкерлер бригадалары құрылатын. Адамдар өзен мен тоған арасында шабақ салынған су толы шелектермен ерсілі-қарсылы жүруден бір тынбайтын. Біз де сондай игі жұмыспен айналысуға бел будық. Бұл үшін бізге қаражат төленбейді. Сонда да отбасымызбен он үш жыл қатарынан бұл жұмыспен айналысуды дағдыға айналдырып келеміз. «Балығы тайдай тулаған» Жайықтың ірілі-ұсақ балығы қай кезеңде де көп болғанын қалаймыз, — дейді қожалық басшысы Төремұрат Қалиев.
Шабақ құтқаруға «Теңізшевройл» ЖШС қызметкерлерімен қоса олардың отбасылары, достары да бірге барыпты. Олардың қатарында астаналық Әлен Қайрат та бар. Ол өзінің демалыс күнін бос өткізбеуге тырысып, балық құтқару жұмысына араласуға шығыпты.
Махамбет аудандық балық қорғау инспекциясы басшысының уақытша міндетін атқарушы Серік Есенжановтың айтуынша, Махамбет ауданында бөлініп қалған 20 су айдыны бар екен. Бұлардың барлығында да балық түрлерінің шабақтары қалып қойған. Бұл жерлерде шабақтарды құтқарумен балық аулау кооперативтері айналысуда.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.