ЖЫЛЫЖАЙДЫҢ ӨНІМІ МАМЫРДА ПІСЕДІ
Ауа райының қолайсыздығына, құбылмалы болуына байланысты биыл егістіктегі көктемгі дала жұмыстарының белгілеген мерзімінен кешеуілдетіліп басталатын сыңайы бар. Алайда, қысы-жазы бірқалыпты температураны сақтап, жыл мезгіліне қарамай егіні өсіп тұратын шағын шаруашылықтардағы жағдай мүлдем басқаша.
Сондай жылыжайлардың бірі Атырау қаласының аумағындағы Еркінқала ауылдық округінде орналасқан. Оның иесі - «Иманбаев Н.» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Амандық Иманбаев есімді азамат, өзі негізі кең Жылыой өңірінің тумасы көрінеді. Жайық бойына қоныс аударып, осында қоныстанып, кәсібін дөңгелентіп келе жатқанына да жиырма жылдың жүзі толыпты. Бизнесін атакәсіптен бастап, мал шаруашылығын өркендеткен Амандық кейіннен кәсібінің өрісін кеңейттті. Осылайша, қандай шаруаның да ұтырын табуға бейім жігіт соңғы екі-үш жылдан бері осы шаруамен шұғылдануда. Әрқайсысының ауданы 2 400 шаршы метрді құрайтын екі жылыжайдың бірінде қияр, екіншісінде қызанақ өсіріледі. Қожайынның өзі болмағанымен осында жұмыс жасайтын азаматтардың айтуынша, осыдан бір ай бұрын қиярдың көшеті қатарларға отырғызылып, күтіп-баптау шаралары қолға алыныпты. Тиімділігі жоғары тамшылатып суару технологиясы қолданылатын жылыжайдың шығымдылығы да жоғары. Тек өткен жылдың өзінде жиналған өнімнің көлемі 360 тоннаға жуықтаған көрінеді. Биыл одан да көбірек өнім жиюға бекінген. Мамандардың сөзіне қарағанда, наурыз айында егіліп, күтімге алынған қияр өскіндері тұрақты температура мен күтім жағдайында мамыр айында толығымен пісіп-жетіліп, тұтынушысын табады екен. Ал, қызанақтың көшеттері сәл кешеуілдетіліп отырғызылғандықтан, пісу мерзімі де кейіндеу келеді.
- Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, жылдан-жылға алынатын өнім көлемін молайтуды мақсат тұтқан шаруагер біртіндеп баптай білгенге берекесі де аз болмайтын жылыжайдың аумағын ұлғайтуды да ойластырып отыр. Міне, сөйтіп қазіргіге қосымша тағы екі жылыжай салуға бел буған. Оған қоса, болашақта осы жерден көкөніс өңдейтін шағын цех салу да жоспарда бар екен, Егіншілік пен мал шаруашылғының тізгінін қатар ұстап келе жатқан кәсіпкердің алдағы уақытта бағымындағы ірі қараның етін базар мен сауда нүктелеріне шығарып сатудан бөлек, оны өңдеп, шұжық дайындағысы келетін де ойы бар. Қалай дегенмен бәрі де қаражатқа келіп тірелетіні белгілі ғой, соны ескеріп, ауысқан ақшаның ретіне қарай бұл цехтың да құрылысына кірісіпті. Егер осы жобалардың бәрі сәтімен жүзеге асып, іске қосылып жатса, жергілікті тұрғындар үшін қосымша жаңадан жұмыс орындары ашылатыны даусыз, — дейді біздің жанымызда болған ауылдық округ әкімі Мұхтар Құмарғалиев.
Иә, «Қалауын тапса қар жанар» демекші, мұнда оннан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, нәпақасын тапса, маусымдық шаруаға тартылатындарын қосқанда олардың саны 30-ға таяп қалатын кездері болады. Адамдардың түстеніп тамақтанатын, жұмыстан соң жуынып-шайынып, тынығатын орындары да қарастырылған. Түрлі жұмыстарға пайдаланылатын техникалар, дайын өнімді тиісті жеріне тасымалдап жеткізетін көліктер де жеткілікті. Сайып келгенде, мұны «елде болса,ерінге тиедінің» нақты көрінісі, шынайы мысалы ретінде бағалауға болар еді.
Дәулетқали АРУЕВ