Жылыойлықтар кәсіп ашудан көш бастап тұр
Атырау облысы Жылыой ауданында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен мемлекеттен қайтарымсыз грант алған 35 кәсіпкер кәсібін дөңгелетіп отыр.
Қазір олар жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдастарын жұмыспен қамтуда, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. Солардың бірі, 13 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан көз дәрігері — Асыл Ахметова. Ол осыдан 7 жыл бұрын Жылыой ауданында «Жарқыра» оптикалық көзәйнектер салонын ашқан. Офтальмолог дәрігер кәсібінің материалдық базасын нығайту үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына құжат тапсырып,3 млн. теңге қайтарымсыз грант ұтқан. Аталған қаражатқа көздің қан қысымын өлшейтін арнайы құрал сатып алыпты.
– Жұмысты бастағалы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан алты пайыздық жеңілдікпен 6 млн. теңге қаражат иелендім. Оған заманауи үлгідегі көзді тексеретін аппараттарды, көзәйнекті кесіп түрлі көзілдіріктерді жасау станоктарын алдым, — дейді Асыл Ахметова.
Офтальмолог балалар арасында көз ауруы көбейгенін айтады. Сондықтан, аудан тұрғындары жас-жеткіншектердің жанарын емдету үшін облыс орталығына бармай-ақ, арнайы құралдың көмегімен дер кезінде емдеуді жергілікті жерде қолға алуға мүмкіндік жасап отыр.
— Балалар арасындағы көз ауруларының ерте уақытта алдын алып, тоқтату мақсатында 2020 жылы «Даму» қоры арқылы 20 млн теңге несие алдым. Оған жеткіншектердің арасындағы жеңіл көз көрмеушілікті тоқтатып, оны емдейтін құрал-жабдықтар сатып алдық. Біздің орталықта мейрам күндері балаларға, көп балалы аналарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жеңілдіктер болып тұрады. Құлсары қаласында орталықтың екі нүктесі бар. Алты адамға жұмыс беріп, жалақысы уақытылы төленіп келеді, — дейді Асыл Ахметова.
Жылыойда аталған бағдарламамен медицина бағытында кәсіп ашқандардың қатары жыл сайын көбеюде. Айзада Қалуова да 2021 жылы әкімшілік ұсынған «Бизнестің жол картасы-2025» жобасынан грант ұтқан. Бес жылдық тәжірибесі бар стомотологтың да кәсібі дөңгеленіп тұр. Қазір үш маманды жұмыспен қамтып отыр.- Бұл Жылыой ауданындағы ең бірінші инновациялық аппарат болып есептеледі. Ол стомотология үшін ең керемет жетістік. Себебі, аталған құрал арқылы тістегі көрінбейтін кейбір ауруларды 25 есе үлкейтіп көру мүмкіндігі бар. Жастар үшін кәсіп бастап, жобаларды іске асыруға мүмкіндік берген мемлекетіме алғысым шексіз,-дейді Айзада Қабулова.Айта кетейік, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен облыс бойынша соңғы тоғыз жылда 162 кәсіпкер бизнес ашып, Жылыой ауданы бойынша соның 35-і қолдау тапқан.