ЖЫЛЫОЙДЫҢ ЖЕРҰЙЫҒЫ БОЛАР МЕКЕН…
АСАН АТАНЫҢ АРМАНЫ ЕДІ…
Жерұйық iздеген Асан қайғы Атырау аймағына аяқ басқанда: «Апыр-ай, мынау бiр тұзы мен соры бетiне шығып жатқан, аңызағы аңқаңды кеп¬тiрген, қара суығы етiңнен өтiп, сүйегiңе жететiн, жапанда жортқан кiсiнiң жанын мұздататын, шет-шегi жоқ, шүйгiн шөбi, құйқалы топырағы кем, құлазыған өңiр екен, байлығы болса бауырына жасырып жатқан шығар» деген екен. Дуалы ауыздың айтқаны дәл келдi. Бүгiнде Теңіздей көл-дария кеніші бар Атырау еліміздің болашағының негiзгi кепiлi, эко¬номикамыздың барлық ауыр жүгін көтеретін қара нарына айналды. Теңіз кенішіне бұл жолы табан тірегенде де біз Асанқайғы бабамыз арман еткен Жерұйықты енді тапқандай ерекше толқыдық.
Түгін тартса май шы¬ғатын, қойнауы қазыналы, үсті жазиралы Сормаңдай мекеннің кеңестік қытымыр саясаттың өзіміздікін өзімізге бұйыртпағанының зардабынан шырайы шыға алмағанына ішіміз удай ашиды-ақ. Соның қарымы еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана қайта бастағанын да жасампаз жиырма жылдан астам уақыт бедеріндегі өркенді өзгерістерден айқын пайымдағандаймыз. Бір ғана Атырау өңірін¬дегі Теңіз кенішінің қара алтыны еліміздің айбарын асқақтатып, бүкіл Азиядағы көш¬басшы мемлекетке айналуымызға ық¬пал етті. Теңіз кенішіндегі мұнай қорына дос сүйсі¬ніп, дұшпан күйінді. Теңіз кенішіндегі теңіздей толқып, тасыған игілікті істерді көргенде Асанқайғы атамыздың:
Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Ал, қолыңды маларсың
Алтын менен күміске,
– деген сөзі ақиқатқа айналғанына көзің жете түсетіндей…
Осындай толғанысты күйде болған салтанатқа қатысушылар ең әуелі «Шаңырақ» вахталық кентіне ат басын тіреп, бұл тұрғын мекеннің де аумағы өсе түскендігіне, әрі мұнда жұмысшыларға жайлы, да сайлы жағдай жасалғандығына көз жеткізді. Жалпы,ТШО-ның тек өз қызмткерлеріне ғана емес, өлкеміздің өркендеуіне қосып отырған үлесі де қомақты. Аз-кем дәм татысу арасындағы әңгіме үстінде бұл туралы да қозғалып қалды. Кәсіпорынның үкіметпен және жұрт¬шылықпен байланыс бөлімінің бас менед¬жері Рзабек Дәуітұлы Артығалиев ТШО Атырау облысының тұрғындары мен қызметкерлері үшін түрлі әлеуметтік жобаларға 875 миллион доллардан астам қаржы жұмсағанын атап айтты. Соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру саласын дамытуға жалпы көлемі 165 миллион доллар бөлініпті. Аймақ үшін аса маңызды жобаларды таңдап, қаржыландыруда облыстық әкім¬дікпен арада тығыз қарым-қатынас орнаған екен. Қа¬зірде де әлеуметтік бағдарламалар аясында өмірлік маңызы зор жобалар жүзеге асырылуда – олардың қатарында Құлсары қаласының су тазалау және сумен жабдықтау жүйесін толықтай қайта жүргізу және Атырау қаласы мен өзге де елді мекендерді сумен, газбен және электр қуатымен қам¬тамасыз ету жөніндегі бірнеше маңызды жобаларды атауға болады.
ТЕҢІЗДЕЙ ТЕБІРЕНТКЕН САЛТАНАТ
Міне, осы жерде бой көтеретін болашақ «Өркен» вахталық кентінің іргетасын қалауға арналған салтанатты рәсім де басталды. Оны кәсіпорынның үкіметпен және жұрт¬шылықпен байланыс бөлімінің бас менед¬жері Рзабек Дәуітұлы Артығалиев ашып, алғашқы сөзді Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Исламұлы Дүйсембаевқа берді.
— Әлемдегі ірі мұнай кеніштерінің бірі болып табылатын Теңіздің өнімін игерудің еліміз экономикасына қосып отырған үлесі үлкен. Оның үстіне дүниежүзілік энергетика саласында жүзеге асырылып жатқан ең күрделі бағдарламалардың бірі саналатын Келешек кеңею және Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобалары Теңіз кенішінің жылдық мұнай өндірісі көлемін шамамен 12 миллион тоннаға арттырып, жалпы өндіріс көлемін 39 миллион тоннаға дейін жеткізеді деп күтілуде. Міне, сол ірі жобаларды жүзеге асырудың басы – «Өркен» вахталық кентінің іргетасы қаланғалы отыр. Бұл – аталмыш кәсіпорынның ең алдымен еңбеккерге жағдай туғызуды бірінші кезекке қоятынының айқын дәлелі. Біз осы жерде қосымша 15 мыңдай жаңа жұмыс орны пайда болып, оған Қашаған кен орнынан босаған жұмысшылар тартылатынын да атап айтар едік, — деген Ғұмар Исламұлы кәсіпорынның өлкеміздің өркендеуіне қосып отырған өрелі үлесіне деген алғыс сезімін білдірді.
— Біздің Жылыой ауданы – елімізде өндірілетін мұнай өнімінің үштен бірін береді. Елбасымыздың өзі атап көрсеткеніндей, «мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасын дамытудың таяу жылдарға арналған перспективасында негізгі локомотив болып қала береді». Осы жерде мұнайшылардың сандаған ұрпағы өсіп-өніп, туған өлкені түлетуге маңдай терін төгіп келеді. Сол еселі еңбектің өтеуіндей болып, міне, бұрын арман болған игіліктерге қол жетуде, — деді Жылыой ауданының әкімі Мақсым Шафихұлы Ізбасов өз құттықтау сөзінде. — Әсіресе, қазақстандық қамту осы іргелі жобаны жоспарлаудағы маңызды негіз болып табылады. Яғни, бұл жергілікті халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға оң ықпал етеді деген сенімдеміз. Біз осы орайда «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны басшылығымен әркез білесе, ынтымақтастықта жұмыс істеудеміз.
Ал, «Теңізшевройл» ЖШС-інің бас директоры Тим Миллер кәсіпорнында жүзеге асырылғалы отырған ірі жобалардың сәтті болуына тілек білдірген атқарушы билік өкілдеріне рахмет айта отырып, өз әңгімесін тереңнен толғады.
Мына Келешек кеңею және Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобалары жүзеге асқан кезде қазақстандық қамтудың мынадай жетістіктеріне қол жеткізілмек көрінеді: а) құрылыс жұмыстарының шарықтау кезінде Атырау облысында 15 мыңға және Маңғыстау облысында 5 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу; ә) қазақстандық инженерлердің әлеуетін көтеру мақсатында инженерлер мен қосалқы қызметкерлер үшін 2 мыңнан астам жұмыс орындарын құру; б) болашақ нысандарды пайдалану үшін 600-ден астам жұмыс орындарын ашу; в) жоба үшін қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алу және жобаны жүзеге асыруға жұмылдырылған қызметкерлердің сатып алу қабілеттерінің өсуі арқылы Қазақстан экономикасын қолдау және тағы басқа да ауқымды өзгерістер.
«Мына салынатын «Өркен» вахталық кентінің өзі бес мың адамның жайлы да, сайлы тұрмыс кешуіне арналған, тіпті, кент тұрғындарының санының болашақта тағы да 1,5 мың адамға көбейтілу мүмкіндігі де жобада нақты ескеріліп отыр. Барлық озық заманауи қажеттіліктердің бәрі де осында қамтылатын болады. Табиғаттың қазіргі кездегі ең үлкен байлығы – мұнайды өндіретін жұрттың жақсы тұрмыста өмір сүруіне біздің компания әрқашанда баса көңіл бөледі деп сіздерді сендіремін» деді бас директор Тим Миллер мырза.
Салтанатты рәсімде жобалау мердігерінің атынан «КейПиДжейВи» компаниясы Атырау филиалының басшысы Марк Ленард, құрылыс мердігерінің атынан «Іскер» компаниялар тобының өндірістік директоры Майкл Пакетт, «Теңізшевройл» ЖШС жобалар бөлімінің бас менеджері Карл Брэннен де сөз сөйледі. Олардың бәрі де Қазақстан басшылығының осы Жылыой жерінде өздері қолға алған өрелі жобаларға әркез қолдау көрсетіп отырғанын атап айтты. Бұл — еліміз тәуелсіздігінің бастауынан бері үздіксіз өріліп жатқан игі үрдіс. Сәл-пәл тарқата кетсек…
ӨТКЕНСІЗ БҮГІН ЖОҚ…
Шынында да, бүгінде біз осы атағы жер жарған әлемдегі ең ірі кен орнын игерудің бастауында кімдер тұрғанын да ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Тарих тағылымының өзі осында жатыр. Бұл орайда Кеңес Одағына американдық аңызға айналған бизнесмен, ен байлықты алғаш болып игеруді көздеген — «Оксидентал Петролеум» корпорациясының президенті Арманда Хаммердің келгені, оның «Теңізполимер» бірлескен кәсіпорнын құру жөніндегі ұсыныс жасағаны да бар. Бірақ, 90-ыншы жылдардың басынан Теңіз жобасының тағдырын анықтауда Қазақстанның рөлі өсе түсті, бұл, ең алдымен, 1989 жылдың ортасында Қазақ елінің басшысы болып Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлануымен де тікелей байланысты.
Міне, американдық «Шеврон» компаниясымен келіссөздер осы сәттен бастап барынша нақты қолға алынды. Еліміздің тәуелсіздік алуы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құруды барынша жеделдетті, оның барлық негізгі құжаттары егемен мемлекетіміз Басшысының Жарлықтарымен бекітіліп отырды. 1990 жылғы шілде айында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Шеврон» басшылығының Сан-Франциско қа¬ласы маңындағы штаб-пәтерінде шетел¬діктермен келіссөз жүргізіп, Мексика шы¬ғанағындағы «қара алтын» өндіру ісінің жай-жапсарын өз көзімен көріп қайтты. Арада аз ғана уақыт өткеннен кейін Кеңес Одағы тарады да, 1992 жылғы мамырда Тәуелсіз Қазақ¬станның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясы басшылығы арасында кенішті игеруге қатысты бірлескен кәсіпорын құру мәселесін талқыланып, «Теңізшевройл» кәсіпорнын құр¬у туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның құрылтайшылары болып АҚШ жағынан «Шеврон Оверсиз Петролеум Инк» компаниясы танылса, Қазақстан тарапынан «Теңізмұнайгаз» өндірістік бір¬лестігі белгіленді…
Тұңғыш шетелдік инвестиция да Президенттің сарабдал саясатының арқасында келді. Кенішті бұрғылау және жа¬ңа кәсіпорын құру жөніндегі келіссөзден кейін 1993 жылғы 6 сәуірде Алматыда Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» компаниясының басқарма төр¬ағасы Кеннет Дерр жаңа құрылымның пайда болғаны туралы маңызды келісімге қол қойды. «Ғасыр келісімі» елімізге экономи¬калық сауық¬тыру ғана емес, саяси зор бедел әкелді. «Теңізшевройлдың» құрылуы біздің мұнай саласын реформалауымыздың, жаңа инновациялық технологияларды өндіріске енгізуіміздің, инвесторлар тартуымыздың бастау көзін ашты.
1993 жылы Атырау облысында әлеуметтік бағдарламаларды шешуге бағытталған «Атырау Бонус Қоры» жобасы жүзеге асырыла бастады. Оны іске асыруға бес жылда 50 млн. АҚШ долларын салу көзделді. Құлсары кентінде су тасқынынан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға арналған 20 үйдің, сондай-ақ, жедел медициналық жәрдем ауруханасының құрылысы басталып, сүзгілеу стансасын жөндеу жұмыстары қолға алынды. Атырауда автоматтандырылған қазандықтың және Редут кентінен бастап қаланың қазандығына дейін жететін, қаланы және оның маңындағы кенттерді газбен қамсыздандыруға қуаты жететін магистарльды газ құбырының құрылысы басталыпты. Сол жылғы 10 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Теңізшевройлға» іс сапармен келіп, ТШО-ны батыстың стандарттарына сәйкес жаңа тұрпатты мұнай-газ кәсіпорнына айналдыру жөніндегі стратегиямен және осы орайдағы жұмыстың барысымен жан-жақты танысып, зор қанағаттанғандық сезімін білдірген еді. Өйткені, ең негізгі көрсеткіш те ауыз толтырарлықтай еді: 1993 жылдың қорытындысы бойынша ТШО 1 млн. тонна шикі мұнай өндірді!
Жарқын жетістіктер жалауы бұдан соң да жыл сайын жоғары желбірей бергенін көзіміз көрді. 1994 жылы Атырау-Самара құбырымен мұнайды тасымалдау жөніндегі мәселені шешу мақсатымен ТШО мұнай-газ өңдеу зауытында жалпы қуаттылығы 8 млн. тонна шикі мұнайды демеркаптанизациялау жөніндегі екі қондырғының құрылысы басталды. КТЖ-2 жаңа кешенді технологиялық желісі құрылысы және кәсіпшіліктегі консервіленген ұңғымаларды жөндеу жұмыстары да жанданды. «Атырау Бонус қоры» бағдарламасы бойынша ұзындығы 29 километр газ құбыры тартылып, қазандықтың құрылысы аяқталды. Облыс орталығының оң жағалауы тұрақты жылумен қамтамасыз етілетін болды және қаланы толығымен газбен қамсыздандыруға мүмкіндік туды. Ал, осы 1994 жылы ТШО-ның мұнай өндіруінің жалпы көлемі 1,93 млн. тоннаны құрады!
«Теңізшевройлдың» еліміз экономикасына қосар үлесі осылайша жыл санап өсе берді, өсе берді…
ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕР ЖАЛҒАСЫ
Иә, біз бұл жерде біз өткен тарихты бекер ауызға алып отырғанымыз жоқ. «Өткенсіз бүгін жоқ» дейді дана халқымыз. Сонау 90-ыныншы жылдардан бастау алған жасампаздық жобалар бүгінде елімізді биік белестерге көтерді, одан әрі де жарқын бастамалар жалғасын табуда. Теңіз кеніші басындағы бүгінгі есте қаларлық жиынның өзі осыны айқын айғақтағандай.
Салтанатты рәсім соңы «Өркен» вахталық кентінің іргетасын қалау рәсіміне ұласты. Бұл құрметке Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Исламұлы Дүйсембаев, Жылыой ауданың әкімі Мақсым Шафихұлы Ізбасов, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим Миллер, ТШО жобалар бөлімінің бас менеджері Карл Брэннен және «Іскер» компаниялар тобының өндірістік директоры Майкл Пакетт ие болды.
Міне, «Өркеннің» іргетасы да қаланды. Соры бетіне шыққан маң далада енді дәулетіне сәулеті сай әсем қалашық бой көтеретін болады. Арнайы бейне-слайдтардан келешек кенттің ақшаңқан да, дизайны бөлек ғимараттары мен тақтайдай түзу көшелерін көргенімізде, болашақтың тұрғын мекендерінің сөзсіз сайлы болатындығына риясыз сендік.
P.S. Әңгімеміздің басындағы толғанысымызды түйіндер болсақ: Баяғы Асан атамыздың ел кезіп, жер шолып іздеген Жерұйығын ұрпағы енді танып, енді тауып жатыр. Енді ше, жүз жылдан астам уақыт «қара алтынын» тасыта өндіріп, өздері жетім баланың күйін кешкен мұнайшы кенттерінің өткені мен келешегі хақында ойлағанда осылай деуге тура келеді. Бүгінгі жеткеніміз де, болашаққа бағдарымыз да – Тәуелсіздігіміздің арқасы, Егемендігіміздің ерен жемісі. Енді осыны тұғырлы да, баянды ету – басты міндетіміз.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.