Жарнама
Инфрақұрылым

Жылыойда жолды жаңғырту жұмыстары қарқын алды

Соңғы жылдары Жылыой ауданында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бүгінде аудан аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 625,7 шақырым. Соның ішінде 350,3 шақырымы (56%) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 274,1 шақырымы (44%) қанағаттанарлықсыз күйде екені анықталған. Осы мәселені шешу мақсатында өңірде 2025-2026 жылдарға арналған жол инфрақұрылымын дамыту жоспары жасалып, бірнеше ірі жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағынауданына 65,9 шақырым автокөлік жолы және тротуар салынып, 76 шақырым қалаішілік жолдарды қайта жаңғыртудың 4-кезеңі, «Атырау» шағынуданындағы 22,1 шақырым жаңа жол құрылысы жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал елдімекендер бойынша айтар болсақ, Шоқпартоғай ауылында құрылысы жүріп жатқан жолдың көлемі – 15,9 шақырым, Ақкиізтоғайда – 8,6 шақырым, Қосшағылда – 20,8 шақырым, Тұрғызбада – 18,3 шақырым, Майкөмгенде – 16,2 шақырым, Жаңа Қаратон кентіндегі жол құрылысы – 30,3 шақырым.

Жоғарыда аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда аудан жолдары 100% қанағаттанарлық жағдайға жеткізілуі жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 2024 жылы аудан аумағына 841 «Сергек» бейнекамерасы орнатылды.

–Биыл құрылыс жұмыстары жалғасатын 7 жоба қолға алынды. Олардың қатарында Құлсары қаласы, «Атырау» шағынауданындағы жолдарды жаңғырту, Құлсары қаласындағы әлеуметтік нысандар алдына автотұрақ салу, Қосшағыл, Тұрғызба ауылдарындағы жолдарды жаңғырту секілді жұмыстар бар. Сонымен қатар биыл жаңа 6 жобаның құрылысы басталып кетті. Құлсары қаласындағы 75,2 шақырым, Ақмешіт тарихи орнына баратын жолдарды жаңғырту, Құлсары қаласындағы Әбдірахманов көшесіндегі көпірді күрделі жөндеу, Тайманов көшесіндегі көпірді күрделі жөндеу, Тұрғызба тас жолында 1 шақырымға үдеткіш және тежеу жолақтарын салу, Құлсары қаласындағы 6 көшеге орташа жөндеу (Ш.Ізбасов, Нарынбай батыр, М.Таңқыбаев, М.Кенғанов, Ы.Алтынсарин, №88) жұмыстары жасалып жатыр, — делінген әкімдік өкілдері ұсынған ресми мәліметте.

Айта кету керек, бұл жұмыстар Жылыой тұрғындарының өмір сапасын арттырып, көлік қатынасын жақсартуға, өңір экономикасын дамытуға зор серпін береді деп күтілуде.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттер: аудан әкімдігінен

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button