
Жылыойда жаңа жобалар жүзеге асуда
Жылыой ауданында құрылыс сала және инвестициялық бағыттағы жұмыстар серпінді дамып келе жатыр. Аудан инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үймен қамту және халық игілігі үшін маңызды нысандардың құрылысын жүргізу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.

Тұрғын үй құрылысы — үш есеге жуық өсім
Жылыой аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері аудан көлемінде 37 267 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес мерзіміндегі 15 024 шаршы метрмен салыстырғанда 288%-ды құрап отыр.
Оның ішінде 32 602 шаршы метрі тұрғындардың жеке қаражаты есебінен салынған (2024 ж. – 11 320 ш.м.), бұл 248% өсімді көрсетеді. Аталған көрсеткіштер — аудандағы халықтың белсенділігі мен құрылыс саласына сенім деңгейінің жоғары екенін аңғартады.

7 ірі құрылыс жобасы бастау алды
2025 жылға жоспарланған 7 ірі инфрақұрылымдық жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Атап айтқанда Құлсары қаласындағы қалаішілік жолдарды қайта жаңғырту (4-кезең, 75,2 шақырым), Ақмешіт тарихи кен орнына апаратын автожолдарды жаңғырту (34,8 шақырым), Құлсары қаласында су тазарту станциясы мен көтергіш сорғы станциясын орнату жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар қаланың әр бөлігінде жаяу жүргіншілер тротуарлары мен веложолдары салынады. “Барлаушы” шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мен Құлсары қаласында мал өлекселері моласын (скотомогильник) салу да қолға алынады. Әбдірахманов (29,4 м) және Тайманов (25 м) көшелеріндегі автомобиль көпірлері күрделі жөндеуден өткізіледі деп күтілуде.
Жоғарыда аталған жобалар аудан экономикасын әртараптандырумен қатар, халықтың өмір сапасын жақсартуға, көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бизнесті ынталандыруда маңызды рөл атқаруда.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Жылыой ауданы