Жарнама
Экономика

Жуырда Caspi Bitum зауыты іске қосылады

Қазақстан Республикасы Үкіметі Орталық Азиядағы ең ірі жол битумын өндіруші — Caspi Bitum зауытының жаңғыртылған өндірістік қуаттарын іске қосуға дайындалуда. Бұл жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CITIC Resources Holdings Limited арасындағы бірлескен кәсіпорын аясында жүзеге асырылды. Салтанатты ашылу рәсімі 5 мамырда Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында өтеді.

img 5444

Республика Энергетика министрлігі баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, жобаның жалпы құны — 36,1 млрд. теңге. Оның табысты жүзеге асырылуы Caspi Bitum зауытының Қаражанбас кен орнынан келетін мұнайды қайта өңдеу қуаттылығын жылына 1 миллионнан 1,5 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ең басты нәтижелердің бірі — жоғары сапалы жол битумын өндіру көлемінің 50%-ға, яғни жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін ұлғаюы болмақ.

Бұл қадам Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие: жаңартылған өндіріс елдің ішкі битумға деген сұранысын толық қамтамасыз етеді, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуын жеделдетеді және жол құрылысы саласына тұрақты өнім жеткізуді жолға қояды.

Жоба аясында ауыр мұнайды өңдеуге бейімделген жаңа жоғары технологиялық жабдықтар орнатылып, ескі жүйелер толықтай жаңартылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 300-ден астам жұмысшы мен маман тартылды.

-Қазір зауытта іске қосу және баптау жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр. Шикі мұнай қабылданып, барлық технологиялық қондырғылар мен басқару жүйелері жеке-жеке және кешенді түрде сынақтан өтуде. Сәуір айында жаңартылған қуаттылық базасында алғашқы сынақтық битум партиялары өндіріліп, шамамен 8 мың тонна өнім шығару жоспарланған, — делінген баспасөз хабарламасында.

ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Caspi Bitum зауытының жаңғыртылған өндірісін іске қосу — еліміз үшін стратегиялық маңызды қадам. Бұл отандық битум өндірісін 50%-ға арттырып, жол құрылысы сапасын жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қадам Қазақстанның мұнай өңдеу және мұнай-химия саласында терең өңдеуге көшу жолындағы маңызды бастама болып табылады.

Caspi Bitum зауытының жаңғыртылған өндірісін іске қосу Қазақстан Республикасы Үкіметінің экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына енгізілген. Жоба Маңғыстау облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға және елдегі ұлттық инфрақұрылымдық бағдарламаларды сәтті жүзеге асыруға зор үлес қоспақ.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button