
Жоқтан бар жасағандар…
Бүгінде «атакәсіпті өркендетемін, кәсіп ашамын» деген жылыойлық жастар көп. Оларға жергілікті биліктегілер жан-жақты көмектесіп, қолдау көрсетуде. Қажетті құрал-жабдықтар алу үшін пайызсыз несие де беріліп жатыр. Өндірісті ауданда жұмыссыздық мәселесі осылай шешіліп келеді. Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуынша, ресми түрде Мансап орталығында 4 мыңға жуық жұмыссыз тіркелген. Теңіз кен орнында жұмыс көлемінің азаюына байланысты «екі қолға бір күрек» таба алмай жүргендер көбеюде. Оларды еңбекпен қамту үшін алып кәсіпорын жылыойлықтарға арнайы «Таңдау» жобасын ұсынып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік берді. Шағын кәсіп ашу арқылы экономиканы дамытып, жұмыссыздар қатарын азайтуға бағытталған бұл жоба биыл да жалғасын таппақ.
Дәмі ерекше «Дәл қымыз»
Жылыой ауданында «Таңдау» жобасы арқылы пайызсыз несие алып, өз ісін бастаған кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Солардың бірі – Тұрғызба ауылының жас тұрғыны Исламбек Әлмұханов. Бала кезінен ат құлағында ойнап өскен ол қазір сұранысқа ие өнім – қымыз бен саумал сатуды қолға алыпты. Жасөспірім шағынан бие сауып үйренген Исламбектің 12 бас жылқысы бар. Бүгінде табиғи өнімнен дәм татқысы келетін тұтынушылар қатары көбейіп, кейіпкеріміз кәсібін шыр айналдырып отыр.
Денсаулыққа пайдалы саумал ішу үшін Исламбекке ауыл тұрғындары ертемен келеді екен. Бизнесі дами бастаған соң жас кәсіпкерге тасымалға ГАЗель автокөлігі қажет болады. Өзінің жиған қаражаты жетпегендіктен кейіпкеріміз «Таңдау» жобасына қатысып, 5 жылға 2,5 млн. теңге пайызсыз несие алып, шаруасына қажетті автокөлігін сатып алады. Болашағын ауыл шаруашылығымен байланыстыратын жас кәсіпкер енді «сиыр алып, мал бордақылаумен айналыссам» дейді. Ал дәмі ерекше қымызына «Дәл қымыз» деген атау бермек ниетте екен.
– Біздің малымыз далада жайылымда болғандықтан, оның өнімі де жақсырақ. Бие саууды 9-сыныпта оқып жүргенде ағам үйреткен еді. Отбасымызда төрт ағайындымыз. Шарбаққа киіз үй тіктік. Ертемен келетін тұтынушыларымыз осында келіп саумал ішеді. Негізі саумалды биені сауғаннан кейін жарты сағат ішінде тұтыну керек. Сол кезде оның пайдасы көп. Бұл өнім ағзаға жақсы әсер ету үшін оны 10 күндей үзбей ішу қажет. Сондықтан ауыл тұрғындары таңғы сағат 8.00-ден келе бастайды. Мен ерекше дәмді қымызымызды елге танытсам деймін. Ауданда, республика көлемінде өтетін жәрмеңкелерге қатысып өніміміздің атын шығаруды армандаймын. Жоспарым – көп, мақсаттарым – биік. Еліміздің батысының тауары екенін көрсетейін деп атауын «Дәл қымыз» деп қойдым. Өйткені, «нағыз» сөзін атыраулықтар «дәл» деп атайды,-дейді бізбен әңгімесінде кейіпкеріміз.
Исламбектің бұл кәсіп түрімен айналысқанына көп уақыт өтпесе де жастарды қолдау мақсатында ауылдағы футбол командасының мүшелеріне жаңа форма сатып алып беріпті. Жас кәсіпкер мүмкіндік болса міндетті түрде ауыл спортына қолдау білдіріп, қолдан келгенше көмектесетінін айтады. Мақсатына ұмтылған қазақ жастарының қарапайым еңбек адамы болып та биік белеске жетуге болатынына тағы бір мәрте көз жеткізіп, кейіпкерімізге сәттілік тіледік.

Жаңа орталыққа келушілер көп
Ерекше балаларды дамыту орталығын ашқан көпбалалы ананың бұрын кәсіппен айналысатын ойы болмапты. Он жылдан астам уақыт бойы бала тәрбиесімен үйде отырған Айгүл Төленғалиеваның негізгі мамандығы – банк қызметкері. 2021 жылы өмірге әкелген сәбиі – ерекше бала болғаннан кейін кейіпкеріміздің өмірі мен күнделікті тірлігі күрт өзгереді.
Бауыр еті – баласына коррекциялық орталықтардың көмегі тұрақты түрде қажет екендігіне көз жеткізген бұл отбасы бір кездері Атырау қаласына көшуді де ойлапты. Алайда оған «осындай орталықтарды өзім ашсам қайтеді?!» деген ой келе бастайды. Бұл салаға маманданып, бірнеше курстан өтеді. Тәжірибе жинақтайды, дене қимыл-қозғалысы арқылы мидағы нейрондарды оятуға болатынын меңгерген Айгүл үйінің алдындағы ғимаратты дамыту орталығына айналдырады. «Таңдаудың» көмегі арқылы ішіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алады. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкердің дамыту орталығына тұрақты түрде ай сайын 10-15 бала келеді. Ашылғанына 8 ай болса да, балалардан оң нәтиже байқала бастаған.
–Атырау қаласындағы орталықтарда орын жоқ еді. Ал оны күтетін біздің де уақытымыз болмады. Қайтсек те баланың тілі шықса, зейіні тұрақталса деп жұмыстандық. Ол кезде үйіміздің алдындағы ғимарат бос тұрған еді. Жолдасым қолдау көрсетіп, нар тәуекел етіп «Таңдау» жобасына қатыстық. Бір жағынан, білімімізді жетілдірдік. Ең бастысы, бұрын бізге таныс емес сала болған бизнестің қыр-сырына жоба мамандары оқытып, кейін жеңімпаз атандық. Менің орталығым осылай «дүниеге келді». Өзім сол шақта жүктіліктің соңғы айларында жүрген едім. Түрлі қиындықтарға қарамастан перзентханада жүріп те барлық сабаққа қатыстым. Бизнесті жоспарлауды, шығыс-кірісті есептеуді де сол жерден үйрендім. Маркетинг арқылы өнімімізді ұсынуды меңгердім. Жобаның жетекшілері бизнес-жоспар жазуға көмектесті. Қазірдің өзінде біраз ата-ананың алғысын алып жатырмыз. Астанадан арнайы мамандар шақырып тәжірибе алмастық. Әлі білмейтініміз «тоқсан тоғыз» ғой, дегенмен сенсомоторлы интеграция бойынша ауданда өзімді нөмірі бірінші маманмын деп айта аламын. Болашақта шетелден білім алмақ ойым бар,-дейді Айгүл Төленғалиева.

Тұрмыстық химия өзімізде өндіріледі
Өндірісті ауданның тағы бір тұрғыны секілді Бекарыс Жұқатаев Теңіз кен орнында ағаш конструкцияларын құрастырушы болып еңбек етеді. Алып кәсіпорындағы құрылыс жұмыстары аяқтала бастаған кезде кейіпкеріміз келешекте жұмыссыз қалмау үшін өз кәсібін ашуды ойлайды. Сөйтіп, ол тұрмыстық химия өндірісі бойынша бағын сынап көреді.
Алматыдағы бірнеше курстардан өткен Бекарыс кір сабын шығаруды қолға алады. Осылайша, Құлсары дүкендерінің сөрелерінде жергілікті өнім сатыла бастайды. Құрамы табиғи әрі сапалы болғандықтан өнімге біртіндеп сұраныс та көбейеді. Содан кейін жас кәсіпкер тауар түрлерін арттыруға жұмыстанады.
Қазір өндіріс цехында тұрмыстық химияның 10-нан астам түрі шығарылады. Терезе, ыдыс жууға, еден, жиһаз сүртуге арналған жуғыш құралдардың барлығы – отандық өнімдер. Нарықта орны бар, майды еріткіш қасиеті бар «Азелитті» де алмастыратын тауар өндіріпті. Оған қарағанда жергілікті өнімнің сапасы жоғарылау екен: Оның жағымсыз иісі жоқ. Ал кір сабынға сұраныс бұрыннан да жоғары. Бекарыс цехына керекті өндірістік үстелдер, орауға, су жинауға арналған аппараттарды «Таңдау» жобасынан алған қаражатқа сатып алған. Құлсарыдан ашылған цех күніне 250 келіден астам дайын өнім шығарып отыр. Жас кәсіпкер тұрмыстық химияға керекті шикізатты еліміздің әр қаласынан, Қытайдан, Өзбекстаннан алдырады. Кір сабынға қажетті тоң майларды жергілікті шаруагерлер жеткізеді.
– Үйге, кеңсеге керекті жуғыш заттар өзімізден шығады. Алдағы уақытта Атырау, Астана қалаларының нарқына шығу жоспарымыз бар. Қазір серіктес іздеп жатырмыз. Әзірге Құлсары қаласындағы көтерме сауда желілеріне, бөлшек саудаға да шығарудамыз. Келешекте цехтың қуаттылығын күніне 1 тоннаға дейін жеткізуге жұмыстанып жатырмыз. Үш жылдан бері кір сабынмен айналысып келемін. Ал тұрмыстық химия өндірісін іске қосқанымызға төрт айдай уақыт өтті. Өзіміздің цехта зертханамыз бар. Негізгі мамандығым басқа болғанымен, тұрмыстық химия мен кір сабын шығару менің химия саласына деген қызығушылығымды арттырды. Жалпы, өңірімізде мұнай-газ химиясы өркендеп келеді ғой. Артық қоспаларды қоспаймыз, табиғи өнімге қашан да сұраныс жоғары. Әзірге цехта бес адам қызмет етеді. Күніне 500 кірсабын шығарамыз,-дейді Бекарыс Жұқатаев.

Жергілікті өнімдер – арнайы тапсырыспен
Жылыойлық жас Қанат Шопанның кәсібінің бағыты тіптен бөлек. Ол тапсырыспен көлік «жиһаздарын» тігеді. Автокөлік ішіндегі еденнен бастап барлық қажеттісін дайындап шығарады. Осыдан үш жыл бұрын осы кәсіпке бет бұрған кейіпкеріміздің жылдар өте келе тігін машиналары ескіре бастаған. Ал өткен жылы болған су тасқынынан кейін автокөлік жүргізушілерінен тапсырыстар көптеп түсе бастағандықтан жаңа тігін машиналарына қажеттілік туындайды. Осылайша, ол да «Таңдауға» қатысып, жеңімпаз атанады.
– Әрине, көпшілік көлік ішіндегі жиһаздарын жергілікті цехтарға тіктіруге сенім білдіре бермейді. Бірақ біздің сапа өзгелердікінен кем түспейді. Байқағанымдай, жаз мезгілінде жұртшылық қаражатын демалуға жұмсайды. Көліктің «әбзелдерін» жаңартуды кейінге қалдырып жатады. Бірақ күз, қыс, көктем мезгілдерінде бізде тапсырыс көбейеді. Бұрын үлкен гаражда болған едік. Алайда оның жалдау құны қымбат болғандықтан жаңа цехқа ауыстық,-дейді Қанат Шопан.
Ал 36 жастағы Бауыржан Аманғожиев үй жиһаздарының қасбеттерін шығарады. Тұрғындар тарапынан тапсырыс көбейгендіктен Бауыржанның цехындағы екі станок аздық ете бастайды. Сөйтіп, «Таңдауға» қатысу арқылы тағы екі станок сатып алады.
Өзіміздің шоурумда тұтынушыларға каталогтарымызды көрсетеміз. Жалпы, біз әртүрлі дизайнда жиһаздардың қасбеттерін шығарамыз. Материалды нығыздайтын станоктарымыз бар. Тұрғындардан сұраныс жеткілікті. Біздің кәсібімізге қолдау білдірген «Таңдау» жобасына алғысымыз шексіз. Ешқандай пайызсыз берілген қарызды бес жылда қиналмай-ақ өтейміз деген үміттеміз,-дейді Бауыржан Аманғожиев.
«Таңдаудың» мүмкіндігі қандай?
Жақында Жылыой ауданында «Таңдау» жобасының жаңа кезеңі басталды. Бұл бастама өз ісін бастауға ниетті жандарға арналған. Бағдарлама аясында қатысушылар кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтіп, пайызсыз қайтарымды қарыз алу мүмкіндігіне ие болады. Жоба басталғаннан бері ондаған аудан тұрғынына дәмхана, балалар орталығы, жиһаз цехы секілді өз ісін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік берген. Ол алдағы уақытта да жалғаса береді. Қазірдің өзінде өтініштерді қабылдау басталып кетті. Ал іріктеу кезеңі тамыз айында өтпек.
«Таңдау» – Орталық Азия Еуразия қорының «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен жүзеге асырып жатқан әлеуметтік бағдарламасы. Жоба барысында 100-ден астам қатысушы оқудан өтіп, 74 адам өз бизнес-жоспарын сәтті қорғап шыққан. Бүгінде 44 жоба қаржылай қолдау алған. Олардың қатарында 18 стартап және әлеуметтік осал топтан 23 қатысушы бар. Аудан кәсіпкерлерін қолдауға 155 миллион теңге бөлінген.
Жоба қайтарымды қаржыландыру қағидасы бойынша құрылған: кәсіпкерлер қайтарған қаражат жаңа жобаларды қолдауға қайта бағытталады. Қатысушылар бизнес-жоспарлау, маркетинг, қаржылық сауаттылық және жобаны таныстыру дағдылары бойынша толыққанды оқудан өтеді. Мұндай кешенді тәсіл қатысушыларға бизнесті бастауға ғана емес, оны сауатты құруға мүмкіндік бермек.
– Біздің мақсатымыз тек қарыз беру емес, адамдарды ұзақмерзімді перспективада өз ісін сенімді жүргізе алатындай біліммен толықтыру. «Таңдау» қатысушыларының жай ғана жобаны іске қосып қоймай, сонымен қатар оны дамытып, түрлі жағдайларға бейімдей алатын тұрақты компанияларға айналуын қалаймыз», — дейді ОАЕҚ бағдарламалар директоры Айгүл Тағатова.
Айбөпе САБЫРОВА,
Жылыой ауданы
суреттерді түсірген автор