ЖОМАРТТЫҚ АДАМНЫҢ ЖОЛЫН АШАДЫ
Осы орайда қаламыздағы «Metropole» мейрамханасында «Жыл меценаты-2013» балы ұйымдастырылды. «Ұлт бірлігі — жастарда» жастар қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен, облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткізілген шарада атыраулық меценаттар ұлығыланып, бәрі де (он адам) «Жыл меценаты-2013» ерекше төсбелгісімен марапатталды.
Төкен Жұмағұлов, «ТНС-групп» концерні заңды тұлғалар бірлестігі директорлар кеңесінің төрағасы. Қызылқоға аудандық орталық ауруханасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржылай көмек көрсеткен.
Нұрлы Әйтиева, Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы, ҚР минералды ресурстар академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері. Ұстаз, іскер басшы ретінде геология саласына мамандар дайындауға қомақты үлесін қосқан. Өзі басшылық жасайтын арнаулы орта оқу орнында мүмкіндігі шектеулі жастар мен балалар үйі тәрбиеленушілерінің тегін білім алуына жағдай жасаған.
Әлия Бекқожиева, «Өнерпаз» ЖШС-нің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. Мектеп кітапханаларын кітап қорымен толықтыруға материалдық қолдау көрсетіп, Атырау қаласындағы сәулеттік құндылығы бар ескі ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Жібек Бисенова, «Болашақ» қоғамдық қорының төрайымы. Жетекшілігінде қордың қаражатына облыс орталығынан мүмкіндігі шектеулі балалардың ақысыз емделуі үшін «Болашақ» диагностикалық орталығын ашқан.
Саламат Төлеуов, «Әлішер» ЖШС-нің бас директоры. Облыстағы баскетбол федерациясына материалдық көмек көрсетіп, өңірде осы спорт түрінің өркендеуіне атсалысқан.
Гүлнәр Сәдуақасова, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. Ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртып, халық шығармашылығын дамытуда айтарлықтай жұмыстарды атқарып, өз қаражатына мәдениет саласында қызмет істеп жүрген жас мамандарды қолдаған.
Әлімжан Балжігітов, «Атырау-Сауда» ЖШС бас директоры. Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласындағы аудандық аурухана ғимаратының материалдық-техникалық базасын жақсартуға қаржылай жәрдемдескен.
Нұрберген Дәулетов, «Ақжелкен» шығармашылық орталығының директоры, «Жерұйық» мәдени орталығы» қоғамдық қорының басшысы. Рухани құндылықтардың, соның ішінде ұлттық мәдениет пен өнер мұраларының сақталуына, ұмыт бола бастаған қолөнер шеберлерінің есімдерін жаңғыртып, ұлықтаумен, отбасылық дәстүрді жалғастырушы олардың ізбасарларын іздестіріп, табумен айналысқан.
Фердинат Мамонов, «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының директоры. Облыстағы мәдени ғимараттардың сақталуына қаржылай жәрдем берген.
Гүлсина Байкенова, «Байкеновтер» балет студиясының директоры, облыстағы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі. Аймақта балет өнерінің дамуына елеулі үлесін қосып келеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды би өнеріне баулып, оларды әр жыл сайын өтетін халықаралық сайыстарға дайындап, қайырымдылық көмегін көрсетеді.
Жоғарыда айтылғандай, бұлардың барлығы да өз мүмкіндіктері шеңберінде азаматтық қоғамның қалыптасып, дамуына қосқан өлшеусіз үлестері үшін үстіміздегі белестің белсенді меценаттары деп танылды. Атыраулық жыл меценаттарын облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтап, арнаулы марапаттарын тапсырды.
Салтанатты рәсімнің соңы жыл меценаттарының құрметіне арналған концертке ұласты.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.