ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІКТЕР – ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖЕМІСІ
Салтанатты шара барысында сөз алған ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры Асхат Хасенов оған қатысқан зауыттықтарды ұжым өміріндегі үлкен оқиғамен құттықтады.
— Бүгінде республикада, — деді ол, — үш мұнай өңдеу зауыты қайта жарақтандырылып жатыр. Солардың ішінде атыраулық кәсіпорын алда келеді. Ел бойынша алғашқы бензол да осында алынды. Ал, ол – мұнай-химия кешені үшін ең қажетті шикізат.
Әріптестерін Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Қайрат Оразбаев та құттықтап, жаңа жобаны жүзеге асыру жолындағы жанқиярлық еңбегіне алғыс айтты.
— Аса ауқымды іс тындырылды, — деді ол, — көптеген қиындықты жеңуге тура келді. Бұл – зауыт тарихындағы өте маңызды оқиға.
Жалпы, салтанатты шара барысында айтылғанындай, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қайта жарақтандыру шаралары Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынды. Еліміздің индустриялық даму бағдарламасында белгіленгеніндей, 2006 жылы Қазақстанда тұңғыш мұнай-химия кешенін қалыптастыруға бағытталған жоспар бекітілді. Осы орайда атыраулық кәсіпорында хош иісті көмірсутектер шығару кешеніне үлкен маңыз берілді. Сөйтіп, 2009 жылғы 29 қазанда Атырау мұнай өңдеу зауыты мен қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы арасында кешен құрылысын толық аяқтау келісіміне қол қойылды. Оны қаржыландыру үшін Қазақтан даму банкімен шарт жасалды. Жоба құны 1 млрд. 40 млн. АҚШ доллары. Содан, 2011 жылдың наурызында кешеннің алғашқы қадасы қағылды. Ақыры, 2014 жылы Мемлекет басшысымен өткізілген тікелей телекөпір барысында хош иісті көмірсутектер шығару кешенін іске қосуға рұқсат берілді. Ал, биылғы 3 шілдеде бензолдың, 2 қазанда параксилолдың алғашқы партиясы алынды.
Мемлекеттік қабылдау актісіне қол қойылған соң ұйымдастырылған баспасөз конференциясында журналистерді бензин бағасы, онымен ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету жайы көбірек қызықтырды. Расында да, сыртқы тасымалға қашанғы тәуелді боламыз? Жобаға жұмсалған қаражатты қайтару мақсатында зауыт өнімі қымбаттауы мүмкін бе?
Журналистер сауалдарына жауап берген Асхат Хасенов пен Қайрат Оразбаев зауытта жүзеге асырылып жатқан жобалардың бәрі кәсіпорын өнімін молайтуға, оның сапасын жақсартуға бағытталғандығын айтты. Келесі жылдың соңында мәреге жететін шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы ішкі нарықта жоғары октанды бензин мен дизель отынына деген сұранысты едәуір қамтамасыз етеді. Ал, республикадағы осындай тағы екі кәсіпорында қайта жарақтандыру шарасы толық аяқталған соң бұл өнімдерді сырттан тасымалдау қажеттігі мүлдем жойылады. Тіпті, артылғанын өзіміз экспортқа шығаруымыз ықтимал. Мәселен, зауытта биыл бұрынғыға қосымша 234 мың тонна жоғары октанды бензин өндіріледі. Келесі жылғы меже – 400 мың тонна. Ал, шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы толық аяқталғанда бұл көрсеткіш жарты миллионға жетеді.
Лауазым иелерінің айтуынша, АИ-92 бензиніне тапшылық болмайды. Қазір оның 200 мың тонналық қоры жасақталған. Бұрынғы келісім бойынша 30-40 пайыз жетіспестік Ресей арқылы жабылады. Рас, қазір АИ-92 бензинінің бағасы реттелмейтіндіктен алдағы уақытта оның құны туралы нақты тұжырым жасау қиын. Әйтсе де, күрт өсім күтілмейді. Оның үстіне, зауыт алдағы жылы шикізат өңдеу тарифін көтермейді. Жалпы, түпкілікті өнімге, яғни жанармай бағасына қатысты түйткілді мәселе – оны сатушылардың адалдығына байланысты. Мұнай өңдеуші зауыттар дайын өнімді өткізу операциясына араласпайды. Демек, оның бағасын да белгілемейді.
Ал, зауытта жүзеге асырылған жобалардың қаржысын кім қайтарады? Әрине, кәсіпорын. Оны біртіндеп төлейтін де уақыт келді. Әлемдік қаржы дағдарысы орын алғанымен, зауыт ішкі мүмкіндіктерін саралап, борышынан тезірек құтылуға жұмыстанады. Үстіміздегі жылды 45 млрд. теңге таза пайдамен аяқтауға мүмкіндік бар. Соның да біраз бөлігі несиені жабуға жұмсалады.
Ақырында, Атырау мұнай өңдеу зауытында мәреге жеткен хош иісті көмірсутектер шығару кешенінің ерекшелігі сол – оның бір мезетте қос проблеманы қатарынан шешуі. Яғни, біріншіден, бензин құрамынан бензолды бөліп алу нәтижесінде жанармайдың сапасы анағұрлым артады. Көшедегі көліктердің соңынан қара түтін шұбырмайды, экологиялық ахуал жақсарады. Бүгінде алға қойылып отырған міндет – Еуро-5 стандартына қол жеткізу. Екіншіден, бензол мұнай-химия кешеніне аса қажетті шикізат болғандықтан, оны өзімізде өндіру сыртқы нарыққа тәуелділіктен құтқарады. Күнделікті тұтынатын тауарларды молынан шығаруға мүмкіндік береді.
Баспасөз конференциясы барысында журналистер жүзеге асырылған жобалардың аймақтың экологиялық ахуалына қаншалықты әсер ететіндігін сұрады.
— Осы шаралардың нәтижесінде, — деді зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев, — қоршаған ортаға салынатын салмақ едәуір азаймақ. Жоба барысында дүние жүзінде ең озық саналатын француздық «Axens» компаниясының технологиялық жүйесі пайдаланылды. Өзге де әлемдік деңгейде өзін ақтаған озық әдістер қолданысқа енгізілді.
Одан әрі кәсіпорын басшысы алдағы уақытта журналистер үшін баспасөз турын ұйымдастырып, зауытта қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар барысымен таныстыруға уәде берді.
…Сонымен, Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектер шығару кешенінің бірінші кезекте іске қосу нысандарын Мемлекеттік комиссия қабылдады. Жарқын жобалар кәсіпорынның келешек жаңа жетістіктерінің жемісі ретінде бағаланды. Соның нәтижесінде 277 жаңа жұмыс орны ашылды. Байырғы өндіріс ошағы тың белестерге нық қадам басты.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.