
Жеңіл өнеркәсіпте өрлеу бар
Экономиканы диверсификациялау немесе әртараптандыру, оның өңдеуші секторын дамыта отырып, отандық өнім өндіруге қол жеткізу – бүгінгі таңда Үкімет пен жергілікті атқарушы билік құрылымдарының тұрақты қадағалауы мен ұдайы бақылауындағы, айрықша маңыз бен басымдық берілген бағыттардың бірі. Ал әңгімемізге арқау болып отырған жеңіл өнеркәсіп – өндірістің нақты өнім шығаруға бағдарланған саласына кіреді. Мұндағы басты мақсат – жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл саланың негізгі бағыты – өндірісте еңбек ететін мамандар үшін арнаулы жұмыс киімдерін тігу. Одан бөлек, полиэтилен пакеттерін, бірреттік бетперделер шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Тоқтала кетер жайт, қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіппен шұғылданатын, өңдеуші салаға бет бұрған кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін пайдалану мүмкіндігі бар. Олардың қатарында инвестициялық субсидиялар, қызметкерлердің шығындарын өтеу, басқа да қаржылық өтемдер беру сияқты қолдау құралдарын айтуға болады.
Кәсіпорынның саны, өнімнің көлемі өсті
Қазіргі таңда өңірдің жеңіл өнеркәсіп саласында барлығы 30-ға тарта кәсіпорын жұмыс істейді. Мәселен, тоқыма өнеркәсібінде «ЭРТРИ», «Әлия-Өнерпаз», «Бөркіт Сейфти», «Sari Suppliers», «Globe Ltd», «Карат», «СИЗ СЕNTER», «HERO Kazakhstan», «Қазақстан зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Атырау оқу-өндірістік кәсіпорны тәрізді құрылымдар қызмет етеді. Ал киім тігу бойынша «Ботагөз» жеке кәсіпкерлігі, «Jack Of All Trades», «Нұрлы тал», аяқ киім тігуден «JMKZ» және «ЭРТРИ» кәсіпорындары жұмыс жасайды. Сонымен қатар жүк тасымалдауға қажетті арқан, қауға арқан т.б. материалдарды шығаратын «SAFETYLINE», полиэтилен пакеттерін өндіретін «Касхим», жол құрылысына қажетті жабынды материал дайындайтын «Интаго» секілді кәсіпорындардың аймақ өнеркәсібін өркендетуде өзіндік үлесі бар.
Айрықшалап айта кетерлік жайт – осы салада өндірілетін өнімнің басым бөлігі ішкі нарықта қалады. Тек 10-20%-ы ғана ТМД елдеріне экспортталады.
2025 жылдың төрт айында жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарында шығарылған өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға ұлғайып, қаржылай көлемі – 1,9 млрд. теңге. Соның ішінде, тоқыма бұйымдарының өндірісі – 161,8%, киімдер – 117,8%, ал аяқ киім өндірісі 103,1%-ға жеткен. Сөйтіп, жергілікті жеңіл өнеркәсіп секторы өндірілетін өнімнің сапасы жағынан Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия елдеріндегі әріптестерімен бәсекелесе алатындай деңгейге жетіп отыр.
Бір жылдағы меже – 4,3 млрд. доллар
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаковтың сөзінше, 2024 жылы республика бойынша жеңіл өнеркәсіп секторында 4 млрд 271 млн доллардың өнімі өндірілген. Соның 6%-ы отандық өндірушілердің еншісіне тиесілі. Бұл көлем 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 2,2%-ға артып, қаржылай сомасы 2 млрд долларға жуықтаған. Өкінішке қарай, бұл саланың елдің ішкі жиынтық өніміндегі үлесі – 0,09% шамасында ғана. Соған қарамастан, аталған саланың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі аз еместігін республикалық ведомство өкілінің мәлімдемесінен аңғаруға болады.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет: primeminister.kz