ЖЕЛ ГЕНЕРАТОРЛАРЫ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНДІ
— Енді, міне, жел генераторының қуаттылығына таң қалып отырмыз. Қалтамыздан ешқандай қаржы шығып отырған жоқ. Экологиялық жағынан нағыз таза өнім. Тұрмыстық техникалардың барлығы да жұмыс істеп тұр. Кешке малымызды қоралап, сиырларымызды сауып, бұзауларымызды жайлы орынға жайғастырған соң көгілдір экран алдына жиналып, елімізде болып жатқан жаңалықтармен танысып, мәре-сәре боламыз. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан шаруа қожалықтарына келіп мал бағуға аттамайтын, таңертеңнен қара кешке дейін сенделіп бос жүретін ауыл жастары үшін өте қолайлы. Себебі, жастарымыз алыстағы елді мекендерге электр жарығы болмағасын, тұрмыстық техникаларды қолданбағасын бармайтыны белгілі. Шаруашылығымда үш трактор тіркемесімен, орағымен, шөпті тиейтін, түсіретін, жинайтын құрал-жабдықтарымен түгелдей бар. Жағдайымыз жақсы, малға қажетті жемшөп жеткілікті,-дейді шаруа баққан қыр қазағы марқая сөйлеп.
Иә, айтса айтқандай, бұл шалғайдағы ел адамдары үшін қол жетпейтін армандай болған ерекше жаңалық еді. Жел генераторының қызығын Тайсойған ауылдық округіне қарасты «Аяпберген» қыстағында төрт түлік мал өсіріп отырған Орынғали Шотықбаев жетекшілік ететін «Бауыржан» шаруа қожалығы да көріп отыр. Талай жылдардан бері шаруасын дөңгелентіп отырған шаруа жетекшісінің де жаңа жылда жетістігі мол. Мал басы аман. Қыстақта төрт түлік малға қажетті пішенін үйіп алған. Жем де жеткілікті. Аудан орталығымен телефон байланысы да жақсы.
табиғаттың
таңғажайып күші
Осыдан төрт жыл бұрын Мұқыр ауылдық округіндегі «Жаңақұдық» учаскесінен жер алып, төрт түлік мал басын өсіріп, малдан алынатын өнім түрлерін молайтып отырған жерлесіміз, жеке кәсіпкер Мұрат Сармановтың жетекшілігімен құрылған «Нұрлы дала» шаруа қожалығы да жел генераторының ерекше қызметін пайдалануда. Мұнда орнатылған жел генераторының қуаттылығы 5 кВт-қа жетеді. Бұл шаруашылықтың жағдайы ерекше. Электр жарығымен түгелдей қамтылған. Күнделікті тұрмысқа қажетті техникалардың барлығы да электр көзіне қосылған. Жел генераторының қыр-сырын жақсы меңгеріп, шаруагерлерге орнатып, оларға оның қызметін түсіндіріп беріп жүрген жерлесіміз, жеке кәсіпкер Фарасат Бисенғалиев:
— Жел генераторы негізінде желмен электр қуатын өндіруші қондырғы болып есептеледі. Бұл қондырғы Америка, Африка, Австралия, Голландия, Ресей елдерінде кеңінен қолданысқа енуде. Жел күшімен қуат алатын мұндай қондырғыларды әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мал мен егін шаруашылығында, мұнайшылар қалашығында, тамақтандыру — сауда нүктелерінде, көп қабатты тұрғын үйлерде, жекелеген шағын тұрғын аудандарда пайдаланып қызығын көруде. Жел генераторлары негізінен экологиялық таза энергия қуатын өндіруші құрал болып табылады және елімізде алға қарай да осындай қондырғыларды барлық салаларға пайдалану жоспарланып, үлкен бағдарламалар жасақталуда.
Қондырғыларды құрастырып шығарушы зауыт – Қытай елінің Шанхай қаласында орын тепкен «EХМОРХ» компаниясы. 15 жылдық тәжірибесі бар компания әлемдік сәйкестіктерге сай келетін арнайы сертификатқа ие. Құрал-жабдықтарына 5 -7 жылға дейін кепілдік беретін зауыт көптеген елдерді жабдықтап, үлкен қолдауға қол жеткізген. Қуаты 0,75 кВт-150 кВт дейінгі әртүрлі сұраныстарды қанағаттандырып отырған алып зауыт болып есептеледі. Тағы бір жақсы жері – кез келген істен шыққан бөлшегін ауыстырып, жаңалап беру жақсы жолға қойылған. Бізге ең жақын орталық базасы Ресейдің Новосибирск қаласында орналасқан. Зауыттың бағасымен сол жерден алып, алға қарай жұмыс жасауға келісім-шартқа отырдық. Мен сол компанияның Батыс Қазақстан облыстары бойынша маман өкілі есебінде тіркелдім. Осы бағыттағы жұмыстар Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарымен басталды. Қызылқоға ауданында үш шаруа қожалығында жел генераторы қондырғыларын іске қосқан едік. Орнатқан қондырғыларымызға техникалық сараптама жасауға компания технигі Олег Владимирович Тушканов пен мастер Андрей Николаевич Гебатарев келіп көріп, үш елді мекенде болды. Қабылдау актісін жасақтап «дұрыс орнатылған» деген бағасын беріп кетті. Қондырғының дұрыс орнатылуын бақылау мен қадағалау — бас зауыттың атқарған жұмыстарының қай жерде болмасын сапалы техникалық сипаттамаға сай жасақталуын талап етуінен туындап отырған жайт. Бізге қойылатын басты талап — қондырғылардың бар жауапкершілігін міндетімізге алып, пайдаланушыға түсінік жұмыстарын жүргізіп, жабдықтың ұзақ та сапалы қызмет көрсетуіне ықпал жасау.
— Бұл біздің еліміз үшін әлі де тың бастама. Сондықтан, күнделікті тұрмысымызға дендеп енгізудің өлкеміз үшін маңызы өте жоғары деп ойлаймын.
— Қызылқоға ауданында орнатылған қондырғылар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Айына бір рет барып, көзбен көреміз, — деді бізбен әңгімесінде.
Қазіргі таңда Фархад Болатұлы Атырау қаласындағы Атырау мұнай және газ институтының «Мұнай кәсіпорындарындағы энергетика» факультетінде білім алып жүр.
Баламалы негізде жел арқылы электр қуатын өндіретін қондырғының келешегі зор. «Қазақстан 2050″ стратегиясының негізгі бағыттарында» атап көрсетілгеніндей, «алдымен экономика, содан соң саясат» деген қазақстандық даму формуласы өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Сондықтан EXPО-ны жеңіп алудың бір мәні біздің жасыл энергияны үйлесімді пайдалану ұсынысымыз екені анық.
малшылар
мұңаймауға тиіс
Келешекте аудан орталығынан шалғайда қоныстанған шаруа қожалықтарының қыстақтарына жел генераторлары орнатылатын болса, шаруагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары анағұрлым жақсарып, медициналық көмекпен қамтылуы да, байланыс сапасы да артып, тұрғындардың заман ағымынан қалыс қалмауына қамқорлық туғызылары сөзсіз.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының ІІ бағыты «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» бойынша жетiспейтiн инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту мақсатында жүзеге асып отырған жұмыстың нәтижесінде жоғарыда аталған екі шаруашылыққа жел генераторлары тегін беріліп, қондырылған. Бұл — аудан өмірінде тұңғыш рет жүзеге асырылып отырған үлкен жаңалық. Қазіргі таңда аудан бойынша 169 шаруа қожалығы және үш ЖШС, бір өндірістік кооператив бар. Бұл шаруашылықтарда кейбір қыстақтар әлі күнге дейін электр қуаты көзіне қосылмағаны белгілі. Көзге түртсе қараңғы түн жамылған маң далада майшамның жарығынан басқа ештеңе көрмей, мал бағып отырған қандастарымызды көргенде кейде кәдімгідей налып қаласың.
Жел генераторына қол жеткізу үшін шаруашылықтарға қойылатын арнайы талаптар да бар. Сондықтан, әрбір шаруашылық иелері жергілікті жерде мал шаруашылығының қарқынды дамуына, мал басын көбейтуге, одан алынатын өнім түрлерін молайтуға, сапасын жақсартуға, мал басын асылдандыруға қажыр-қайраттарын жұмсауы қажет.
Мағрупа
БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ.
Қызылқоға ауданы.