Жарнама
Экономика

ЖАНАРМАЙҒА ТАПШЫЛЫҚ

Алдымен, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту бастамасы қалай пайда болды? Ол нендей қажеттіліктен туындады? Оның бүгінде республикада ең өзекті проблемалардың бірі болып табылатын жанармай тапшылығы мен оның қымбатшылығына қаншалықты қатысы бар? Зауыт территориясына кірген сәттен осы сауалдар жиі мазалады. Шыдай алмадық. Бір қалтарыста зауыттың мұнай өңдеу департаментінің директоры Еркін Сүлейменовке сауалдарымызды қарша бораттық. 

Оның айтуынша, республикада ең көне саналатын Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жарақтандыру – бүгінгі уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік. Бұған өз тарапымыздан қосарымыз – кезінде тиісті министрліктің осы шараны ертерек қолға алмай, стратегиялық тұрғыдан үлкен қателік жіберуі. Рас, миллиондаған долларды керек ететін ірі жобаларға ақша жетпегені де, тиын санап үйренген сыртқы инвестордың қаржысы қайтарына аса сенім білдірмегені де іске тежеу болды. Ақыры, атыраулық зауытта қайта жарақтандыру жұмыстарына қажетті қаражатты Елбасының өзі тауып, инвестиция салушыларға мемлекет тарапынан кепіл берген-ді. Бұдан он шақты жыл бұрын сол шара, яғни жарақтандыру жұмысының алғашқы кезеңі қолға алынған-ды.  Мемлекет басшысының, шетелдік инвесторлар мен сол кездегі мұнай және газ министрі Нұрлан Балғымбаевтың қатысуымен келешек өндіріс ошағының тұңғыш қадасы қағылғанына куә да болғанбыз. Қазір сонда іргетасы қаланған цехтар қатарда, қалыпты жұмыс жасап тұр. Еркін Сүлейменовтің айтуынша, бүгінде зауыт толық қуатында істеуде. Яғни, шикізат ресурсын ұстаушылар қанша шикі мұнай тапсырса, сонша дайын өнім өндіріледі. Жалпы, биыл 4 млн. 920 мың тонна шикізат өңделуі тиіс екен. Әзірге белгіленген кесте сақталуда.

Жалпы, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамының еншілес мекемесі «Қазақстан Даму банкі» АҚ-ы, негізінен, шикізаттық емес сала мен инфрақұрылымдық бағытты қайта жарақтандыру және дамытуға жұмыстанады. Бұл қаржылық құрылымның мақсаты — өндірістік инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібін өрістету, ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестиция тарту. Өзі құрылған 2001 жылдан бері Қазақстан Даму банкі (ҚДБ) республикада мемлекеттік бағдарлама бойынша қолға алынған серпінді индустриялық-инновациялық жобаларды қаржылай қолдаушы ірі инвестициялық құрылым болып табылады. Ол Елбасының арнайы Жарлығымен 2013 жылы өмірге келген «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамының құрамында. Осы құрылымның сапындағы он даму институтымен бірге іргелі жобаларды жүзеге асыруға қатысып келеді. Соның бірі – осы Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту.

«Қазақстан Даму банкі» жобалау дирекциясы басшысының орынбасары Сандуғаш Кенжебаеваның айтуынша, аталмыш қаржы құрылымының несиелік бағытында мұнай өңдеу және мұнай химия саласын қаржыландыру 40 пайызды құрайды. Сайып келгене, бұл жобалар – ұзақ уақытқа созылатын несие беруді қажет ететін өте күрделі шара. Оған, шыны керек, еліміздегі өзге банкілер қаражат бөлмейді. Міне, Атырау мұнай өңдеу зауытына Қазақстан Даму банкі арқылы қомақты қаражат бөлініп отырғандығы да сондықтан.

Ал, бүгінгі бензин тапшылығы қалай қалыптасып отыр? Зауыттың мұнай өңдеу департаментінің директоры Еркін Сүлейменовтің түсіндіруінше, бүгінде кәсіпорында АИ-80, АИ-92, АИ-95 және Супер-98 жанармайы шығарылуда. Олар Еуро-2 стандартына сәйкес келеді. Жоғары октанды бензин шығару көлемі биылғы үшінші тоқсан қорытындысымен 43,4 пайызды құраған. Демек, 2003-2006 жылдары жүзеге асырылған зауытты қайта жарақтандырудың бірінші кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға өсім бар. Дегенмен, бәрібір ішкі сұранысты қанағаттандыра алмай отыр.

Әйтсе де, зауыт маманы бүгінде кәсіпорында 100 пайыз экологиялық тұрғыдан таза дизель отыны шығарылып жатқандығын айтады. Яғни, олар Еуро-2, Еуро-3 және Еуро-4 стандарттарына сәйкес келеді.  Демек, кәсіпорында едәуір ілгерілеу бар. Енді бензинді де сол деңгейге жеткізу керек. Демек, 2010 жылдың қазанында басталған хош иісті көмірсутегі шикізатын шығару жобасы мәреге жеткенде зауыт қуаты мен оның сапалы өнімі жаңа биіктерге көтеріледі. Бұл шараның биыл аяқталуы күтілуде. Содан соң кәсіпорын жаңа өнім түрлерін дайындай бастайды.

Ақырында, бүгінде зауытта шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы жүзеге асып жатыр. Осы жобаның нақты басталуы  —  2012 жылдың желтоқсаны. Жобаның толық аяқталу мерзімі  —  2016 жылдың соңы. Міне, осы жобада республикадағы үш мұнай өңдеу зауыты әбден қайта жарақтанған соң өздерінің жаңа да сапалы өнімдерін шығара бастайды. Сөйтіп, 2017 жылдан бастап біз АИ-93 және өзге де жоғары октанды бензинге қатысты сыртқа деген тәуелділіктен құтыламыз.

Әрине, мұның бәрі мүмкіндік шегі емес. Біз, шындығын айтқанда, өзіміздің талай жылғы экономикалық байланысымыз бекіген Ресейден көш кері қалыппыз. Көршімізде АИ-93 бензинінің өзі қалдық ретінде шығарылуда. Ал, біз оған қат болып отырмыз. «Біреудің қаңсығы – біреуге таңсық» деген  осы да.

Дегенмен, «ештен де кеш жақсы» дегендей, республикадағы зауыттарды жаңғырту нәтижесінде елімізде жанармайға деген сұранысты толық қанағаттандыруға қол жеткізілмек. Әлі есімізде, бұдан біраз жыл бұрын  бұрынғы мұнай-газ министрі Сауыт Мыңбаев Қазақстанда тағы бір мұнай өңдеу зауытын салудың қажеттігі жоқтығын айтқан-ды. Биылғы бензин тапшылығы кезінде лауазым иесінің сол сөзін жоққа да шығардық. Әйтсе де, бүгінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының тұтқасын ұстап отырған осы лауазым иесі әлі де сол пікірінде екен. Жақында ҚР Үкіметі сол төртінші зауыттың әзірге қажеттігі жоқтығы жөнінде шешімін де шығарды. Оның орнына, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты толық жаңғыртудан өткенде, сонымен қатар Атырау мен Павлодар кәсіпорындарын қайта жарақтандырғанда еліміздің жанармайға деген сұранысы мейлінше қанағаттандырылатын көрінеді. Әрі, бұл бағытта жұмсалатын қаражат жаңа өндіріс ошағын тұрғызуға кететін шығыннан кем түсетін көрінеді. Яғни, экономикалық  тұрғыдан тиімді.

Рас, өзіміздің пайымдауымызша да, бірқатар сарапшылардың айтуынша да, бүгінгі республикада жанармай тапшылығының қалыптасуы – елімізде мұнай өңдеу кәсіпшілігінің кенжелеуі салдары, Сонау солтүстіктегі Норвегия мемлекеті мұнай мен газды шикізат күйінде өзге елдерден алады. Кейін қайта өңдеп сатып, қыруар пайдаға батып отыр. Дүние жүзінде «норвег әдісі» аталатын тәсіл де содан қалған.

Демек, шикізат сол күйінде – азды-көпті құнды саналғанымен, дайын өніммен салыстырғанда аса бағалы емес. Оны өңдеп, даяр бұйым ретінде ұсынғанда ғана бәсі артады. Тарихтан белгілі, сонау Ұлы Отан соғысы кезінде Ембі мұнайының сұйықтылығы мен сапалылығы сондай, ол сол күйінде ұшақтар мен танкілерге құйылған. Бірақ, сан жылдар жетегінде мұнай қоюланды, оны бүгінде бастапқы түрінде қолдануға жарамсыз. Яғни, терең өңдеу қажеттігі туындады. Міне, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын толығымен қайта жарақтандыру қажеттігі де содан туындап отыр. Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртқанда күллі республиканың сапалы бензинге деген сұранысын толық өтеуге болады екен. Оған Атыраудағы кәсіпорын үлес қосса, онда сыртқа тәуелділіктен құтыламыз. Бірақ, қайталап айтқанда, бұл тек 2017 жылы ғана мүмкін болады.

…Осы материал дайындалып жатқанда, елімізде жыл соңына дейін әлеуметтік саналатын АИ-93 бензинінің бағасы қымбаттамайтындығы жөнінде ақпарат тарады. Оны Ресейден өзге Әзірбайжаннан да тасымалдауға қол жеткізілмек. Басқа да бағыттар қарастырылмақ. Әйтсе де, Қазақстанда жанармай молшылығы республикадағы мұнай өңдеу зауыттарын толық жаңғыртқан соң ғана қалыптаспақ.

  Меңдібай СҮМЕСІНОВ.  

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button