Жанар-жағармай бағасын реттейтін кез келді
PetroMining қауымдастығы дизель отынының бөлшек және көтерме саудадағы бағаларының арасындағы айырмашылықты қайта қарауды (дизель отынына 19-дан 15-14 және АИ-92 бензиніне 21-ден 15%-ға дейін) ұсынады.
Яғни, қазір мұнай өнімдерін сатудан түскен пайданың басым бөлігі мұнай өңдеу зауыттарының қалтасына түседі. Ал, біздегі нарықтағы жағдай мүлдем басқаша. Бұл нарықтың өз билігі өзінде, тек солардың дегені болып тұр. Бүгінде дизель отынының бір литріне белгіленген шекті 295 теңге болғанымен, бірқатар өңірде (мәселен Атырау) ол 265 теңгеден сатылуда. Сол сияқты, еліміздің басқа аймақтарында бір литрі 205 теңгеге саудаланып тұрған АИ-32 бензинінің бәсі көршілес Ақтау мен Атырауда 175 теңгеден өткізілуде.
Салыстырмалы түрде алғанда, мұндай төмен баға мұнай өңдеу зауытынан жанар-жағармай құю бекеттерінің мұнай базасына дейін тасымалдап жеткізу қызметінің құнына, жолының алыс-жақындығына байланысты болса керек.
Мәселен, Атыраудан Алматыға 1 тонна жанар-жағар майды тасымалдау құны 45 мың теңгені құрайды. Бұған әрине, бірінен алып, біріне сатуға дағдыланған делдалдардың да қатысы барын жасырудың жөні жоқ.
Нақтыласақ, қазір Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарымен байланыстағы кем дегенде 50 делдалдың бары белгілі болып отыр. Бұл әрбір зауытқа 15-тің үстінде сондай компаниядан келіп тұр деген сөз. Соның ішінде мұнай өңдеу зауыттарында өндірілетін бензин мен дизель отынының 80 пайызы «ҚазМұнайГаз» бен «Petrosun» компанияларына тиесілі көрінеді.
Ең бір таңқаларлық жайт, осы нарықтағы шағын компаниялардың өздері 2023 жылдың желтоқсанынан бері дизель отынын елдегі ең төмен бағамен (орташа есеппен алғанда тоннасын 270 мың теңгеден) сатып өткізуде.
Бұл жерде туындайтын сауал, неге бұлай, не үшін отын осыншалықты арзанға сатылады? Оған берілетін жауап — тәуелсіздік алған жылдардан бері бізде отынның қоры тарихи тұрғыда «толық» болып яғни, артығымен деп саналады. Осылайша, тұрып қалған өнімді қалай да өткізу үшін оның бағасын төмендетуге тура келетін болып шықты. Міне, осылай нарық өз заңымен ойына келгенін жасап отыр. Тіпті, баға көтерілсе де, жанар-жағармай құю бекеттері отынды сол көтеріңкі бәспен сатып алуға құлық таныта қоймасы да белгілі. Өйткені, ол мұнай өңдеу зауыты үшін де соншалықты тиімді емес. Сөйтіп, басқалары да амалсыздан бағаны төмендетуге мәжбүр болады. Жанар-жағармай нарығындағы өзі «қарапайым» болып көрінетін шешуі «күрделі» арифметика осындай.
Дәулетқали АРУЕВ