Жарнама
Экономика

ЖАЙЛЫ ЖАҒДАЙ, КЕҢПЕЙІЛ КӨҢІЛ

 

— Бұл мәселе өз кезегінде аймақ, шаһар басшылығының да қатаң бақылауына алынып, назарында ұсталынуда, — деді бізге Атырау қалалық әкімдігі  кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қадырғали Тұрғанов. — Қай уақытта да, соның ішінде теңге еркін айналымға жіберілгелі бергі санаулы күндерде де халықтың күнделікті тұтынуындағы азық-түлік бағалары ешқандай өзгеріссіз қалуда. Бұған кешегі сенбі, жексенбі күндері жүргізілген мониторинг қорытындысымен де көз жеткізгендей болдық. Мәселен, қаланың Сарыарқа мөлтекауданында орналасқан «Идеал» супермаркетінде бір келі сүйекті сиыр етінің бағасы доллар бағамы көтерілер алдында белгіленген 900, одан бөлек аталған сауда орнында, сондай-ақ  «Дина» көтерме сауда базарында, Сәтбаев даңғылының бойындағы «Анвар» супермаркетінде келісі 450-340-430 теңгеден сатылған тауықтың сан еті, соңғысында 1057 теңгеден босатылған жергілікті «Наурыз» шұжығы, сондай-ақ, балық, тауық жұмыртқасы, нан-бөлке өнімдері, көкөніс-бақша дақылдары бағаларының сол күйінде сақталғанын көрдік.

Бұдан бөлек, жанар-жағармай бәсі де облыста өзгермегенін білдік. «Гелиос» және «Қазмұнайгаз» жанар-жағармай стансаларында «АИ-92» бензинінің бір литрінің бәсі – 108, «АИ-95» бензині – 136-119, жаздық  дизельдік отын 97-96 теңге шамасында өзгеріссіз болды.

Сондай-ақ, осы демалыс күндерінде «Мұнайшы» стадионы жанындағы алаңда өткізілетін дәстүрлі жәрмеңкеге шығарылған азық-түлік бағалары да базардағыдан 15-20 пайызға дейін төмен күйінде сақталды. Жәрмеңкеге тұрақты қатысып, тауарларын тұтынушыларға ұсынушылардың бірі Махамбет ауданындағы «Бірінші мамыр» ЖШС-нің тәжірибелі егіншісі Ақкенже Саташева: «Отыз жылдан бері осы шаруашылықтың егін шаруашылығы саласында табан аудармастан еңбектеніп келемін. Кейіннен оны отбасылық бизнеске айналдырдық. Бүгіндері де, міне, картоп пен қырыққабаттың келісін 60, қызылшаны, жуаны 45 теңгеден саттық. Мұның сыртында, «Дина» базарында өзіміздің тұрақты орнымыз бар. Өнімдерімізді өз күшімізбен, көлігімізбен тасымалдап жеткіземіз және тұтынушыларымызға делдалсыз тікелей ұсынамыз. Осының бәрі бағаның көтерілмеуіне, қайта тұрақтануына септігін тигізеді деп есептеймін», — дейді.

Атырау қаласының тұрғыны Софья Рябова: «Мен әр апта сайын жәрмеңкеге келіп, өзіме қажетімді  сатып алып тұрамын. Бұнда көкөніс-бақша дақылдарынан бастап, бірнеше ондаған азық-түлік тауаларының түрі сөреге қойылған. Қысқасы, доллар бағамы өскенмен жергілікті тауарлар мен тағамдар құны өскен жоқ. Бұның, әсіресе, біздер секілді зейнет жасындағы адамдарға тиімді екенін айтқым келеді. Сондықтан да, сары уайымға салынып, абыржып, алаңдауға да ешқандай негіз жоқ деп есептеймін»,-деді.

Азық-түлік бағаларының негізсіз көтерілмеуі тиісті құрылымдар тарапынан қатаң бақылауда ұсталынып, тосқауыл қойылуда. Қаламыздағы басқа базарлар мен «Арзан» халықтық маркеті, «Лидер», «Атаба», «Рамстор» супермаркеттерінде, өзге халықтың көбірек сауда жасайтын орындарында да осындай тәртіп орнатылған.

Дәулетқали АРУЕВ, Амандық АБДОЛОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button