ЖАҺАН МОЙЫНДАҒАН ЖЕҢІС
«ДСҰ-ға мүше болу — күллі Қазақстанның жеңісі, оның жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы» деді осы қуанышты хабарға орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Атап айту керек, бұл – өрелі қадам, осы жолдағы тынымсыз да, мақсатты жұмыс тікелей Мемлекет басшысының ерен еңбегі нәтижесінде жүзеге асырылып отыр.
Міне, жұмыс тобының отырысы барысында Қазақстанның ірі инвесторлары және негізгі сауда әріптестері болып отырған Америка Құрама Штаттары, Еуропалық Одақ, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Үндістан, Жапония, Корея Республикасы және басқа да бұл беделді ұйымның басты мүшелері өз заңнамаларын ДСҰ нормаларымен сәйкес келтіру мақсатында Қазақстан жүргізген елеулі реформаларды оң бағалады. Яғни, Қазақстан Республикасының 50-ден астам ұлттық заңдарына қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, олардың арасында валюталық реттеу; баға белгілеу және бәсекелестікті дамыту; салық саясаты; кедендік реттеу, импортты лицензиялау; техникалық реттеуді және санитарлық, ветеринарлық шараларды қоса алғанда, өнімдердің қауіпсіздігі шараларын алу; сондай-ақ зияткерлік меншік құқығын қорғау сияқты заңнамалар бар.
Нақты анықтама бере кетсек, Дүниежүзілік сауда ұйымы — ең алдымен, тауарлар және қызметтердің саудасын реттейтін ережелер жиынтығы. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 мемлекеттің 161-і экономикалық және сауда саясатын жүзеге асыруда бұл ережелерді басшылыққа алады. Олардың арасында дамыған елдер де, дамушы мемлекеттер де бар. Сонымен бірге, тағы да 23 мемлекет түрлі деңгейде ДСҰ-ға кіру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Олардың арасында ЕАЭО-дағы әріптес елдер – Армения, Әзірбайжан және Өзбекстан да бар.
«ДСҰ-ға мүше елдер ұйымға жас, тың серпінмен дамушы мемлекеттің қосылғанына ерекше ынталы. Қазақстанға деген ерекше назар аударуға келіссөздер кезеңінде Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен Кедендік одақтың (ЕАЭО) құрылуы себеп болды. Күрделі келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан елдің экономикалық дамуының ұзақ мерзімді мүдделері ескерілген міндеттемелерге қол жеткізе алды» деп бағалап отыр жұмыс тобының мүше-елдері. Осы тұрғыдан ал-ғанда, Ұйым мүшелігіне еліміздің Бес халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезеңінде қадам басуымыздың да символдық мәні бар. Өйткені, ДСҰ жұмысының стандарттары — ашықтық, тиімділік, бәсекеге қабілеттілік — осы реформалардың мән-мазмұнына толықтай сай келеді.
— Енді мемлекет көрсететін қолдау шаралары халықаралық ережелерге сай болуы тиіс. Сонымен қатар, қазақстандық кәсіпорындар ДСҰ қағидалары бойынша бәсекеге қабілеттілікке үйренуі қажет. Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек, — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде атап айтқанындай, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу, сөз жоқ, біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал, тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады. Сондықтан да, бізге ДСҰ беретін артықшылықтарды пайдалана білетінімізді дәлелдеу қажет болады.
Жалпы, талабы да, міндеттері де өте қатал ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер Қазақстан тарапынан 20 жыл бойы табанды жүргізілген екен. «Осы жылдар ішінде біздің үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік. Біз экономикамыздың ең түйінді мәселелерінде өз ұстанымдарымызды өткіздік. Солардың бірі — ауыл шаруашылығын қолдау — нақ осы тармақ бойынша күрделі келіссөздер жүргізілді, бізден субсидияларды төмендетуді талап етті, бірақ та біз өз ұстанымдарымызды қорғап қалдық. Бұл – «қазақстандық үлес» мәселелері, қаржы қызметі және телекоммуникациялар нарығы. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық» деген Президент сөзінде қаншама ізденісті еңбек пен маңдай тердің үлесі жатқандығын қапысыз аңғардық. Бұл орайда экономист-сарапшылар да құнды ой-ұсыныстарын ортаға салуда.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің экономикалық дамуы үшін қажеті жоқ қымбат жобалардан бас тартуға шақыруы көкейге қонады. Біз мұны ДСҰ алдындағы дайындық деп қабылдадық. Енді кез келген жолмен бюджеттен қаржы бөлуді сұрайтын мәнсіз жобаларды жанын салып қорғайтын белсенділер мен лоббистердің аранын шектеуге мүмкіндік туды. Ертең ДСҰ жағдайында бізге барынша оңтайландырылған институттар ауадай қажет, — дейді сарапшы Тоқтар Есіркепов.
Сонымен, Женевада Бас кеңестің финалдық отырысы болып, онда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздердің аяқталғаны туралы ресми хабарланды. Бұл оқиға — еліміз үшін айрықша тарихи сәт. Қазақстан ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болады екен. «Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 проценті Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады», — деп атап айтты Н.Назарбаев.
Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындықтың өзі бізге тың жетістіктер алып келгенін де атап айтуға тиіспіз. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа жобаларды іске асыру нәтижесінде ауыл шаруашылығы мен отандық өндіріс аяқтарынан тік тұрды. Әсіресе, ауылдық жерде мемлекет тарапынан шағын кәсіпорындарды қаржыландыру арқылы жергілікті халықты жұмыспен қамтуда оң өзгерістер бой көрсетуде. Оған қоса, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында озық ойлы, заманауи техниканың тілін жетік меңгерген жастарды ауылдарға тарту ДСҰ әкелетін ғаламдану үдерісіне жұтылып кетпеудің қадамы болатын. Ендеше, бізде іргетасы қаланған экономикалық тетіктер бар. Әлемдік нарыққа батыл қадам баса аламыз!..
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.