ЖАҢА БЕКІРЕ ЗАУЫТЫ

– форум  алдында   іске  қосылған  жаңа  жоба

Атырау қаласының аумағындағы Томарлы ауылынан қоныс тепкен жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты. Жиналғандарды құттықтап, жылы лебізін арнаған аймақ басшысы бүгінгі күні өңірімізде көптен күткен игілікті істің жүзеге асқанын айтты. Отандық «Каспиан Роял Фиш» ЖШС иесі болып табылатын бұл ферма республикамыздың Үдемелі индустриалды-инновациялық даму картасына енгізіліп, маңызды әлеуметтік жобалардың бірінен саналатындығына назар аударды.

– «Бекіре тұқымдас тауарлы балық өсіру кешенін құру және сумен жабдықтау тәсілі бойынша тұйықталған жүйеде бағалы балықтың уылдырығын алу» деп аталатын жоба толықтай іске қосылып, өндірістік қуатына шыққанда, мұнда жылына 100 мың дана бекіре балығының шабақтарын, 100 тонна тауарлы бекірені және бір тоннаға дейін тағамдық уылдырық өсіріп, өндіруге болады, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы. – Зауыттың жобалық-сметалық құны 5,728 млн. АҚШ долларын құрайды. Соның 3,786 млн. доллары иелік етуші кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен шығарылса, қалған 1,942 млн.доллары қарызға немесе несиеге алған қаржы есебінен тартылып отыр. Алғашқы өнім-бекіре тұқымдас балықтардың шабақтары уылдырық шашылғаннан кейін 50-60 күннен соң көріне бастаса, тауарлы балықтың өзі жыл жарым уақытта өсіп жетіледі. Ал, тағамдық уылдырық алуға қол жеткізуге төрт-бес жылдай мезгіл кетеді. Ферма толығымен іске кіріскенде 20-дан 25 адамға дейін қамтитын жаңа жұмыс орындары ашылады. Ферманы рециркуляциялау жүйесімен жабдықтаушы голландтық кәсіпкер-мамандар болса, басқа керек-жарақтардың бәрін жеткізіп беруші Финляндия елінің «Финнелма Инжиниринг» ААҚ екен.

Тұсаукесер рәсіміндегі келесі құттықтау сөз кезегі алдымен осы жабдықтаушы компанияның өкілі Валде Матяяға жолданды. Отыз бес жылдан астам тарихы бар шетелдік кәсіпорынның Қазақ елімен әріптестік байланысы әріден басталған көрінеді. Осыған дейін Қарағанды, Алматы, көршілес Ақтөбе облыстарында осы тектес жобалардың жүзеге асуына атсалысқан «Финнелма Инжиниринг» ААҚ-ның өкілі атыраулықтармен ынтымақтастық байланыс орнатып, әріптес, серіктес болатындығына ризашылығын білдірді.

Фин елінен келген мейманның әңгімесін әрі қарай осы саланың ардагері, балық өнеркәсібінің білікті де білгір маманы Қайыржан Әлиев жалғастырды. Ол бүгінгі оқиғаға байланысты өзінің де көңілі көтеріңкі, қуанышты жағдайда тұрғандығын жасырмады. Жаңа өндіріс орнын үйымдастырушыларға сәттілік пен табыс тілеп, ақсақалдық батасын берді. Қонақтарға «қош келдіңізін» айтқан «Каспиан Роял Фиш» ЖШС-нің бас директоры Асқар Таубаев облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов және еңбек ардагері Қайыржан Әлиевпен бірге ғимараттың кіреберісіне керілген рәміздік лентаны қиды.

Бұдан кейін аймақ басшысы меймандармен бірге заманауи үлгіде бой түзеген нысанның ішін аралап көріп, танысты. Білгеніміздей, мұнда бекіре балығының табиғи ортаға тең жағдайда өсіп-жетілуі үшін қолайлы жағдайлар туғызылған. Соған байланысты технологиялық процестердің өзі бірнеше кезеңнен тұрады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз