Булану алаңдарында Қызыл кітапқа енген құстар тіршілік етеді
Атырау мұнай өңдеу зауытында Tazalyq жобасы аясында ағынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау жұмыстары аяқталып келеді.
Зауыттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, реконструкция нәтижесінде тазарту қуаты екі есе артып, сағатына 1 мың текше метрге жетеді, ал мұнай шламын өңдеу көлемі айына орта есеппен 12 мың текше метрді құрайды деп күтілуде. Былтырғы жұмыс қорытындысы бойынша кәсіпорында ағынды суларды мұнай өнімдерінен тазарту тиімділігі 83%-ға жетті. Тазартылған судың бір бөлігі зауыттың өндірістік қажеттілігіне жұмсалып, нәтижесінде Жайық өзенінің суын пайдалану көлемі 9%-ға азаймақ.
Бұдан бөлек, Tazalyq жобасы аясында АМӨЗ булану алаңдарын рекультивациялау жұмыстарын да іске асыруда. Механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау және ағынды сулар сапасының артуы нәтижесінде аталған алаңдарындағы экологиялық жағдай айтарлықтай жақсарды. Мұнда түрлі тіршілік иелері мекендейді. Құстардың бірнеше түрі, соның ішінде Қызыл кітапқа енген аққулар мен қоқиқаздар ұя салуға ұшып келеді.
Сонымен қатар су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында АМӨЗ ағынды суларды қосымша тазарту қондырғысын салуды жоспарлауда. Жобаны іске асыру Жайық өзенінен су алу көлемін жылына 5 млн. текше метрге дейін азайтуға, ағынды суларды қайта пайдаланып, ағызу көлемін 70%-ға дейін төмендетуге, ал су сапасын нормаландырылған көрсеткіштерге жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір кәсіпорын өзеннен жылына шамамен 8 млн. текше метр су алады.