Жарнама
Экономика

Өз кәсіпорындарымыз отандық өнімді сатып алмаса, өріс қалай кеңейеді?

Атыраулық кәсіпкерлер сапалы, арзан өнім шығарады. Алайда, ізденістің аздығы, өтініштің жоқтығынан бар дүниені шетелдік, отандық ірі компаниялар біле бермейді. Ақпарат жеткіліксіз. Қазақстандық қамтуды ұлғайту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту талабы қойылған тұста бұл жағдай қисынға келмейді. «Теңіз» вахталық қалашығында өткен жергілікті тауар өндірушілердің көрмесінде осындай әңгіме айтылды. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпанов, бірлескен кәсіпорын өкілдері, кәсіп иелері қатысты.

Ekonomika

Өңдеу саласындағы өсім

Атыраудың өңдеу өнеркәсі-бінде 439 кәсіпорын (оның төртеуі ірі, жетеуі орта құрылым) жұмыс жасайды. Олардың ішінде машина жасау, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын шығаратын салалар ерекше дамуда.

«Қара алтынның» қазынасы саналатын өңірде кәсіпкерлікке ерекше қолдау көрсетілуде. Биылдың өзінде осы саланы дамытуға 1,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Жалпы сомасы 23,3 млрд. теңгені (несие) құрайтын 312 жоба мақұлданды. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде жылдың алғашқы тоқсанында өңдеу өнеркәсібінде 138,6 млрд. теңге көлеміндегі өнім өндірілді.

–  Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – Теңіз кенішіндегі мердігер компанияларға Атырауда өндірілетін тауарларды таныстыру, насихаттау, — дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов.

Алыптың  беті бері  бұрылса…

Теңіз – телегей байлықты тереңіне жасырған кен орны. Қазір мұнда үшінші буын зауытының құрылысы жүріп жатыр.

– Тиісті тауарлар, көрсетілетін қызметтер айрықша сапалылықты керек етеді. «Теңізшевройл» компаниясы осы қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті өнімдерге баса маңыз беруде,-деді ТШО-ның өкілі Аманбай Оралов.

Көрмеге қатысқан 40 кәсіпорын биік талаптың үдесінен шығуға күш салып отыр. Олардың бірі азық-түлік, келесісі жиһаз, ерітінділер, металл бұйымы, тағы басқаны ұсынды.

– Жылыой ауданында мұнай көздерін игеру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Олардың қанат жайып дамуына жергілікті мекемелер үлес қосуда. Соның бірі – «Бақай» корпорациясына қарасты «Атырау Сауда» ЖШС-і, — дейді серіктестік басшысының орынбасары Юлия Қыстауғалиева.

Екі гектарды алып жатқан жылыжайға облыста тең келер кешен жоқ. Осы заманның озық технологиямен жабдықталған. Жыл басында іске қосылған нысан голландиялық өсіру технологиясымен жұмыс жасайды. Бір жылда 1100 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндігі бар. Негізінен қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баклажан өсіруге бағытталған. Дегенмен, бүгінде қиярға маңыз берілуде. Күніне 5-7 тонна өнім алынады.

«Бақай құс» та аталған серіктестіктің иелігінде. Оның жұмысы туралы Мақсот Мағзұмбаев айтып берді.

– Бұл – өзі көп шығынды қажет ететін шаруашылық. Бізде жем өндірілмейтіндіктен оны алыстан тасымалдаймыз. 200 мың тауықты (50 мыңы балапан) күтіп-баптаудың өзіндік қиындығы бар. Соған қарамастан фабрикадағы 55 адам уақытпен санаспай еңбек етуде. Өніміміз барлық талапқа жауап береді. Оған тұрғындардың тарапынан сұраныс өте жоғары, — дейді фабрика директоры.

…Жақыннан дорбала!

«Версаль-Бизнес» ЖШС тұрмыста қолданатын химиялық ерітінділерді ұсынып тұр. Серіктестік өкілі Бауыржан Төлеповтың айтуынша, премиум санатындағы Cobra – ресейлік бренд. Ол халықаралық нарықта өзіндік орнын алған.

– Біз дайын тауарды сатпаймыз, керісінше, өзіміз өндіреміз. Жаңа технологияны игеру үшін мамандарымыз кезең-кезеңімен арнайы оқып келді. Бастысы – ерітінділер өте сапалы. Тиісті зерттеулерден өткізіліп, «жақсы» деген баға алды. Құны да қарапайым халыққа қолжетімді. Мәселен, ыдыс жуатын сұйықтық (0,5 л) 200 теңге тұрады. Сұйық сабынның бағасы да осындай, – дейді ол.

Шетелдік компаниялар бұрын жұмысшының арнайы киімін алыстан арбалап тасыса, оны енді осы жерден табуына мүмкіндігі бар. Себебі, «Safety systemsld» компаниясының тігіншілері сұранысты қамтамасыз ете алады. «Өнім сапалы тігілсе тұтынушысын табады» деген серіктестік директоры Шива Редди жұмысшының жеке қорғанысына қажетті құралдармен де таныстырды.

«Sadaz&K» серіктестігі гидравликалық, бұрғылау түтік-терін шығарып, техниканың гидроцилиндрларын дайындайды. Шикізат Германиядан алынса, технологиялық желі де осы елден жеткізілген. Оны меңгергеннің бәрі өзіміздің жергілікті тұрғындар. Олар арнайы курста оқып, білік-тіліктерін жетілдіріпті. «Қазіргі күні «Қазмұнайгазбұрғылау, «Мұнайкөлік» секілді құрылымдармен ынтымақтаса еңбек етудеміз. Автокөліктің май түтіктерінен бастап, гидромұнай жабдықтарының кейбір шланг құбырларын шығаратын компаниямызға бұл көрме үлкен мүмкіндік берді» дейді «Sadaz&K» ЖШС бас директоры Саян Қожахаев.

 

Жылыой ауданы.

Суретті түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button