UTEBAYEV UNIVERSITY МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫН АНЫҚТАЙТЫН ДИАЛОГ АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ
Қазақ мұнайының 125 жылдығына орай UTEBAYEV UNIVERISITY-де Каспий техникалық конференциясы мен көрмесі өтіп жатыр. Аталған конференцияда энергетикалық сектордың өзекті мәселелері мен болашағы, соның ішінде өңірлік артықшылықтарды тиімді пайдалану, жасанды интеллект, жаңа технологиялар, тұрақты даму және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері талқыланып жатыр. Үш күнге созылатын іс-шараға 22 елден 500-ге жуық жетекші сарапшы қатысып, олар аймақтың энергетикалық секторды дамыту жөнінде пікір алмасады.
“Аймақтық артықшылықтарды жаһандық бәсекеге қабілеттілікке айналдыру” мақсатында өтіп жатқан конференцияда Каспий энергетикалық компанияларының өз ресурстары мен мүмкіндіктерін жаһандық нарықтағы көшбасшылыққа қалай айналдыра алатынын қарастырады.
Конференцияның алғашқы күнінде аймақтық артықшылықтарды пайдалану жөніндегі атқарушы пленарлық сессия және Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне бейімделу мәселесі бойынша пікірталас өтті.
-“Каспий техникалық конференциясы мен көрмесі – пандемияға дейінгі деңгейге жеткен сирек іс-шаралардың бірі. Каспий аймағындағы SPE кәсіби мүшелігі 2010 жылғы деңгейден 250%-ға артты, ал орташа көрсеткіш 95%-ды құрайды. Бұл сандар аймақтың динамикалығын айқын көрсетеді және Каспий техникалық конференциясы (CTCE) SPE-нің жетекші іс-шарасына айналып келе жатқанына сенімдімін. Дәстүрлі түрде SPE Астана қаласында өткізілгенімен, биыл біз конференцияны Атырауда өткізуге шешім қабылдадық. Бұл – Атырау өңірінің және UTEBAYEV UNIVERSITY мұнай-газ саласының болашағын анықтайтын лайықты алаң екенін дәлелдейді. Бұл жобаның бір бөлігі болғаныма мақтанамын және баршаңызды Атырауға шақырамын,” – дейді SPE-2025 президенті Оливье Узе.
UTEBAYEV UNIVERSITY басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова, Халықаралық маңызы бар техникалық конференцияның UTEBAYEV UNIVERSITY өтуі оқу орнының профессор-оқытушылық құрам мен студенттер үшін үлкен мүмкіндік екенін жеткізді. Ол өз сөзінде, техникалық бағытта білім алып жатқан студенттер әлемдік деңгейдегі жетекші спикерлерден дәріс алып жатқаны туралы айтты.
-Бүгінгі іс-шараға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Белорусь және Ресей елдерінен үздік 13 университеттің 50-ден астам, UTEBAYEV UNIVERSITY-дің мұнай-газ саласы бойынша білім алып жатқан студенттері қатысып отыр. Университет базасында SPE Каспий техникалық конференциясы және көрмесінің өтуі – үлкен мәртебе және жауапкершілік. Бұл іс-шара тек энергетика саласының ғана емес, бүкіл өңірдің дамуына тың серпін береді. Біз мұнай-газ өнеркәсібіндегі жаңа идеялар мен инновацияларға жол ашып, келешек мамандарды дайындауға өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Университетіміз өңірлік және халықаралық деңгейде беделді алаң ретінде танылғанына қуаныштымыз. Бұл конференцияның аясында талқыланатын шешімдер мен бастамалар болашақта жаһандық энергетика саласының жаңа белестерін бағындыруға ықпал етеді деп сенемін, – деді Г. Шакуликова.
Үш күнге созылатын конференцияның екінші күнінде энергия қауіпсіздігі мен өтпелі кезеңді теңестіру бойынша атқарушы пленарлық сессия, Каспий газын дамытудағы мүмкіндіктер мен қиындықтар туралы пікірталас және жетекші салалық жобалар таныстырылымы өтеді. Ал іс-шараның соңғы күнінде жасанды интеллект (ЖИ) және автоматтандыруды қолдану, жергілікті мүмкіндіктер арқылы жаһандық мақсаттарға жету, сондай-ақ Каспий өңіріндегі барлау және операциялар стратегиялары жөніндегі панельдік сессиялар өтеді.
Айдарбек АҚАРЫС