«ТЕҢІЗШЕВРОЙЛДЫҢ» БАС ДИРЕКТОРЫ ШЕБЕРЛІК СЫНЫБЫН ӨТКІЗДІ
«Bolashaq» Қауымдастығының ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Кевин Лайонның «Көшбасшылық келіссөз: Кевин Лайон» атты шеберлік-сыныбы өтті.
«Шеврон» компаниясындағы 32 жылдық мансабында Кевин Лайон АҚШ, Нигерия, Филиппин, Индонезия, Нидерланды және Бангладеште көптеген жауапты инженерлік-техникалық және басқарушы лауазымдарды атқарды.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесуге әртүрлі мұнай саласында қызмет ететін қызметкерлер мен шетелде оқыған жастар қатысты. Әсіресе, шетелдік және отандық компанияларда қызмет атқаратын жас буынның сұрақтары жан-жақты болды. Теңізшевройл компаниясымен әріптестікті дамытудың басым бағыттары туралы сұрақтар көпшіліктің көңілінен шықты.
Кездесуде Кевин Лайон жас мұнайшыларға дүние жүзіндегі мұнай-газ жобаларында мансаптық өсуге қатысты көптеген кеңестер берді.
– Әр жаңа мүмкіндіктен үйренуге болатын нәрсені дұрыс бағалай біліңіз. Ең маңыздысы адамның лауазымы емес, команданың табысты болуына үлес қосу керек. Жақсы көшбасшы қиындықтардан қашпайды, керісінше соған қарай жүзеді. «Тынық теңіз сені нағыз теңізші қылмайды» — деді Кевин Лайон.
Теңізшевройл компаниясы жергілікті кадрларды дамытуда үлес қосып келеді. Айталық, 2008 жылдан бері компания ұлттық кадрларды дамытуға 84 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салған.
1993 жылдан бері 6500 қазақстандықты Шеврон корпорациясының бөлімшелері бар елдерге біліктілігін арттыру курстарына және халықаралық қызметтерге жіберді. Бүгінгі таңда елге оралған мамандар еліміз бен компанияның гүлденуі жолында еңбек етуде. Теңізшевройл компаниясы облыс көлеміндегі әлеуметтік жобаларға атсалысып, үнемі тығыз байланыс орнатып келеді.
Алмас ҚАБДОЛОВ