Теңге қалай айналымға енгізілді?
*15 қараша – Теңге күні
Ұлттық валюта – елдің ресми ақшасы, республика ішіндегі тауарлар мен қызметтерді сатып алуға пайдаланылатын айырбас құралы. Әр елдің қаржы саласында ұлттық валютаның маңызы зор, өйткені ол сауда-саттық пен инвестицияға, халықтың жинағын қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Біздің ел үшін экономиканың барлық саласына реформалар жүргізе бастаған міндеттерінің ішінде ұлттық валютаны дайындау және оны айналысқа енгізу жобасы алғашқы орында тұрды.
Әрине, егемендік алып, етек-жеңімізді жия бастаған шақта елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашар болды. Өтпелі кезеңде өндіріс те құлдырап, дағдарыс күшейіп, макроэкономикалық тұрақсыздық өсті. Ал, инвестиция күрт азайып, инфляция деңгейі жоғарылай түсті. Мысалы, 1992 жылы гиперинфляция 3000%-ды, 1993 жылы 2265%-ды құраған. Аға буын сол кезде азық-түлік өнімдеріне баға өскенін, тіпті нанға ұзын-сонар кезек болып, дүкен сөрелері қаңырап қалып, ертеңгі күнге сенімсіздік белең алғанын жақсы біледі.
Елге өзінің ұлттық валютасын енгізу несие-қаржы, әсіресе банк жүйесіне кең ауқымдағы реформалар жүргізуді, жаңа инфрақұрылымды ақша нарығын құруды талап етті. Бұл ірі де кешенді жоба қатаң құпиялылықпен жүзеге асты. Төл теңге айналысқа енгенге дейін несие-қаржы жүйесінің барлық инфрақұрылымы іске қосылуы қажет болады.
Рубль аймағынан шығып теңгеге өту жобасын іске асыру үдерісінде құпиялылық талаптарына байланысты бірқатар қиындықтар болғаны анық. Мұның себебі дербес банк жүйесінің әлі құрылып үлгермегені, елде КСРО мемлекеттік банкінің филиалдық тораптарының жұмыс істеп тұруы еді. Оның үстіне, Қазақстан экономикасы Ресеймен бірдей рубльді пайдаланды. Бұрынғы Одақ экономикасының бөлінбеуі, әуелден қалыптасқан өндірістік байланыстарды, дәстүрлі өткізу нарығын жоғалтпауға ұмтылу үлкен кедергі болды. Одақ құрамында болған республикалар үкіметтері жаңа ортақ ақша жүйесі туралы бастамалар ұсына бастады, егемен елдердің ықпалдасу тәжірибесі болмағандықтан олардың еш сенімі болған жоқ.
Осындай сәттерде ұлттық валютаны ашықтан ашық енгізу мүмкін емес еді. Сол себепті Ұлттық банк қатаң түрде құпия ұстап, жалғыз өзі жобаны іске асыруға мәжбүр болды. Жұртшылықтан және депутаттық корпустан теңге жобасын жасырын жүзеге асыру барысында одан хабардар болғандар – сол кездегі Жоғарғы Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин мен Жоғарғы Кеңестің Экономикалық реформалар, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежанов. Сол кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаев вице-президент Ерік Асанбаевты теңге жобасының жалпы үйлестірушісі етіп тағайындады.
Өзі де экономист Ерік Асанбаев Ұлттық мемлекеттік банкпен тығыз байланыста жұмыс жасап, ұлттық валютамыз – теңгені 1993 жылдың 15 қарашасында айналымға енгізілуіне зор ықпал етті. Оған республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» 1993 жылдың 12 қарашасында шыққан Жарлығы негіз болды. Сол күні Президент Қазақстан халқына егемен ел тарихында алғаш рет ресми ұлттық валютаның енгізілетіні туралы жария етті. Жарлыққа сәйкес төл теңгеміз 1993 жылдың 15 қарашасында таңғы сағат 8.00-ден бастап ұлттық валюта ретінде айналымға түсті.
Біреу білсе, біреу білмес, 18 қарашадан бастап теңге елдің жалғыз валютасына айналды. Ұлттық валюта атауына әртүрлі нұсқалар (сом, алтын, ақша) қарастырылды. Олардың ішінен таңдау ортағасырлық түркі елдерінің күміс ақшасы түрінде қолданыста болған теңгеге түсті. Барлық елдегідей Қазақстанда айналыстағы қолма-қол ақша банкноттар мен монеталардан тұрады.
Рубльді теңгеге айналдыру үшін бағамды 1 теңгеге 500 сом (рубль) деп бағалады. Үш күннің ішінде 950 миллиард сом қолма-қол айналыстан алынып, рубль теңге және тиынға айырбасталды.
Алғашқы теңгені ақша шығару саласында мол тәжірибесі бар ағылшындық «Хариссон және ұлдары» компаниясына тапсырылып, тапсырыспен дайындалған ұлттық валюта – банкноталар құпия түрде өнеркәсіптік жүк кейпінде Тараз қаласына жеткізілді. Апта ішінде Лондоннан 19 авиарейс ұшып келіп, Қазақстанға жеткізілген ақша бір апта ішінде Тараздан барлық өңірлік банктерге таратылды. Кейін Тараз қаласында Теңге ескерткішінің орнатылуы да сол себепті болатын.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Банкнот фабрикасы бар. Ол өз елімізде 1995 жылдың мамырында ашылған жалғыз мамандандырылған полиграфиялық компания. Сондай-ақ, республика Ұлттық банкіне қарасты Қазақстан Теңге сарайы да жұмыс істейді.
Қазақстан аумағында теңге мен тиынның жалғыз эмитенті – Ұлттық банк болғандықтан, теңге – әлемдегі неғұрлым көп қорғаныш элементтері бар валюталардың бірі.
Теңге енгізілгеннен кейін несие-қаржы жүйесін реформалау жалғасып, екі деңгейлі банк жүйесі құрылды. Соның бірінші және жоғары деңгейі – Ұлттық банк валюта айналымын реттеумен айналысады. Банк жүйесінің екі деңгейін де реттейтін арнайы заңнама 1995 жылы қабылданды. Өтпелі кезеңде – 1999 жылдың сәуірінде теңгенің алғашқы девальвациясы болды.
Ел өсіп өркендеп, қарқынды дамыса, оның валютасы да құнды бола түседі. Қазір дүние жүзі бойынша 180-ге жуық валюта бар екен. Олардың құны да әртүрлі.
Әлем елдерінің жаһандануы оның экономикасына, соның ішінде ұлттық валюталарының құнына әсер етеді. Сондықтан, теңгенің бірнеше рет девальвация және инфляция толқынында жүзуіне тура келді. Бүгінде оның өзгермелі валюталық бағамы қолданылады. Теңге девальвациясы елдегі бизнестің экспортқа бағдарлана дамуына негіз болуы үшін жасалды, әйтсе де, ұлттық валюта құнын төмендетудің жақсы әсерлерінен басқа, салдарлары да барын ұмытпаған жөн.
Төл теңгеміздің болашағына біз де алаңдаймыз. Себебі, ел экономикасы ұлттық валютамен тығыз байланысты, ал әлемде озық технологиясымен, білімі және ғылымымен көш бастап тұрған мемлекеттер көп. Демек, білім-ғылымды басты назарда ұстап, әлемдік экономикадан ойып тұрып алған өзіндік орны, дамыған заманауи технологиясы бар елге айналу арқылы Теңгені аяғынан нық тұрғыза алатынымызға сенемін.
Самал ӘЛДЕШОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
«Қаржы және есеп» кафедрасының сеньор-лекторы, магистр
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА