«ТАЗА ЖАҒАЛАУДА» ТАЗАРЫП ҚАЛДЫҚ
Бұл жолы біркүндік шараға Атырау облысы бойынша экология департаменті мамандарымен қатар, колледж, жоғары оқу орны студенттері де қатысты. Акция белгіленген уақытында басталып, қатысушылар тазалау жұмыстарына ертерек қамданды. Мәселен, Атырау мұнай және газ институты студенттері «Атырау дене шынықтыру-сауықтыру» кешенінен бастап, Әлиев көшесі бойындағы көпірге дейін сол жақ жағалауды, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жастары осы кешеннен «Атырау-Ақпарат» ЖШС-не дейінгі аумақты қоқыс-қалдықтардан тазартты. Ал, Атырау аграрлы-техникалық колледж бен Бизнес және құқық колледжі Тұрғындар қалашығы мен Балықшы көпірлері айналасындағы жағалауларды қамтыды.
Жалпы саны үш жүзге тарта студент қатысқан шарадан соң Жайық жағасы тұрмыстық қалдықтардан арылып, жаңарып қалғандай болды. Атырау облысы бойынша экология департаментінің маманы Лейла Рахметованың айтуынша, мұндай шараға тұрғындар да белсене атсалысуы тиіс. «Жаз мезгілінде жұртшылықтың демалатын орны – Жайық өзенінің жағасы. Кейде кешкілік уақытта жас буын өкілдерінен аяқ басар жер қалмайды. Қоғамдық орын болғаннан кейін тұрмыстық қалдықтар көбейетіні белгілі. Сондықтан, осындай акцияларды жиірек өткізу алдымен өзімізге пайдалы», — деді ол.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.