Жарнама
Экономика

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ СИМВОЛЫ – ҰЛТТЫҚ ТЕҢГЕ

a2222— Егемен ел болған жерде дербес саясат жүргізу үшін ұлттық валютаның болуы міндетті. Сондай-ақ, оның сатып алу күші мен мүмкіндігі жақсы болып, өзге валюталармен паритеті, басқаша айтқанда, қарым-қатынасы тұрақты болуы тиіс. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы — теңге осы ұстанымнан көрініп келеді. Қазіргі ақша-несие саясатының негізгі міндеті — ел аумағында баға тұрақтылығын ұстау деп білсек, Ұлттық Банк теңгенің тұрақтылығын сақтау мақсатында жұмыстанып отыр. Оның ішінде, көптеген функция орталық аппаратқа тиесілі, облыстық филиалдардың жүргізіп отырған негізгі жұмысы — облыс көлеміндегі қолма-қол ақшаны қамтамасыз ету. 
Біз, жиырма жыл ішінде үлкен табыстарға қол жеткіздік.
Теңгеміз сапасы, дизайны жөнінен де әлемдік ұйымдардың көңілінен шығып, жүлдері орындарды иеленіп жатыр. Бұрын бұл мүмкін емес те еді.
— Сіз айтып отырған дерек бәрімізді де масайратып тастады. Американдық The Atlantic интернет басылымындағы мақалаға сүйенсек, теңге әлемдік валюталар арасындағы Мерил Стрип атанған! Халықаралық банкноттық қауымдастықтың байқауында 2012 жылы 5 мың теңгелік банкнот «Жыл купюрасы» атанды. Ал IBNS қорытындысымен 10 мың теңгеміз «2011 жылдың банкноты» атағын жеңіл алған-ды. Қалай ойлайсыз, бұл жерде қандай да бір бұратартушылықтың, көңілжықпастықтың болуы мүмкін бе?
— Бұл ешқандай ақша арқылы жасата алмайтын сенімді сараптама көздері болып табылады. Халықаралық монеталық сарайлар қауымдастығы, банкноттық қауымдастығы сынды белді ұйымдар жыл сайын кездесулер өткізіп, шығарылып жатқан ақшалардың сапалық көрсеткіштері бойынша қорытындылар шығарады. Осы жерде біздің дизайнерлеріміздің ізденісі мен еңбегін атап өту ләзім. Сарапшылардың жоғары бағасына ие болып, үшінші орынды иеленген салмағы 41 грамм болатын монетамыздың бірі әдетте көріп жүргеніміздей дөңгелек емес, ерекше формада жасалды.
Теңге, мәселен, рубльмен салыстырғанда еш жағынан қалысқан жоқ. Тіпті, теңгенің Өзбекстан, Қырғызстан елдері нарығында да «жүре беретінін» білеміз. Лат, лит сияқты валюталары бар Балтық бойындағы халықтар евроға көшкісі келетіні жөнінде айтып жүр. Бұл әлеуметтік жетістік пе, қаржы саясаты ма — оның өзі ойландырарлық жағдай.
Айтайын дегенім, теңгеге байланысты мұндай әңгімелер айтылған емес. Сондай-ақ, тағы да салыстырмалы түрде, Орта Азия, Кавказ елдерінің валюталары жөнінде көп ақпарат көзге шалынбайды да, теңге жайлы мәлімет көп ұшырасады. Ұлттық рәміздер бейнеленген төл теңгеміз көптеген сарапшылар аузымен жақсы бағаланып жүр. Бұған ғаламтор бетін қарап-ақ, көз жеткізуге болады.
— Мереке қарсаңында ҚР Ұлттық банкі номиналы 20 мың теңгелік банкнотты шығарып отыр. Мұны теңгенің құнсыздануы деп бағалап жүргендер бар. Сіз не дейсіз?
— Біріншіден, бұл жаппай қолданысқа шығарылған емес, мерейтойлық банкноттар екенін айта кеткен жөн. Мұның маңызды рөлі бар, себебі, оларда жаңа технология, жаңа қорғаныс элементтері қолданылады. Жиырма мың теңгелік банкнот, біріншіден, ақша айналымындағы шығынды азайтса, екіншіден, халықтың табысын сақтауға көмектеседі. Жаңа купюраның девальвацияға немесе инфляцияға, доллардың қымбаттауына ешқандай қатысы жоқ. Керісінше, халықтың табысы молайғанын, экономиканың өскенін білдіреді деп айта аламын. Қазіргі күні ақша құнсызданып келеді деуге негіз көріп отырған жоқпын. Әлемдік рыноктағы мұнай бағасы 110 доллар шамасында. Металл, экспорт тауарлары, соның ішінде, бидай бағасы да тұрақты. Ішкі нарықтағы экономикалық реформалар жөнінде де соны айтуға болады.
— Атырау еліміз бойынша жалақысы жоғары аймақтардың бірінен саналады. Демек, облыстағы ақша айналысы да жоғары деп болжауға болады ғой?
— Атырау облысында 25 банк филиалы, жүзден астам айырбастау пункті жұмыс атқарады. Ақша айналысы жөнінен он мың адамға шаққанда Қазақстан бойынша Алматы мен Астананың алдына шығып, бірінші орынға табан тіреп тұрмыз. Ал, банкомат арқылы ақша қолдану жағынан алғашқы бестіктің ішіне кіреміз.
Егер Алматы, Астана қалаларында қызмет көрсету айтарлықтай жетілген болып, 3-5 мың теңгенің тауарларын да кәртішке арқылы алатын болса, бізде, негізінен, тек теледидар, тоңазытқыш сынды құнды тұрмыстық бұйымдарға кәртішкені қолданады. Күнделікті тамағына, басқа да керек-жарағына кәртішкемен есеп айырысып отырғандар — шетелдіктер мен шетелдік компанияда жасайтындар десек артық емес.
— Мүмкін, ақшаның қолма-қол айналыста жүргенінің тиімді жағы да бар болар? Сонда, кейбіреулер айтып жүргендей, адамның қаражат жағдайы қалай бақылауда болады?
— Қазақстан аумағы көлеміндегі теңге қозғалысы Ұлттық банктің ешқандай елге тәуелсіз арнайы мекемелері арқылы, басқа валютамен жасалған аударылымдар халықаралық қаржы ұйымдары арқылы бақыланады.
Дания, Норвегия, тағы басқа дамыған елдерде қолма-қол қолданыстағы ақша саны тым аз. Бізде әмиянға ақша салып жүрсек, олардың қолында пластикалық, чиптік жанармайға, транспортқа, басқа да жағдайларға арналған бірнеше кәртішке жүреді. Қажет жерінде солар арқылы есеп айырысады.
Айталық, америкалық фильмде полиция тұтқындаған адам дереу жеке адвокатына қоңырау шалып жатады. Кинода одан кейінгі көрініс көрсетілмейді. Шындығына келсек, қорғаушы содан кейін банкке телефон соғып, клиенттің қаржылық жағдайын, шотында ақшаның бар-жоғын анықтайды. Банктен ақша қозғалысы бары жөнінде мәлімет берілсе, ол іспен айналысады.
Біз де әр адамның жеке шоты, менеджері болатын жүйеге біртіндеп келе жатырмыз. Бізде де коммуналдық төлемақылар кәртішке арқылы төленуі тиіс. Қолма-қол қолданыстағы ақшаның микроб тарататыны жөнінде айтпай-ақ, кәртішкені тиімді пайдаланудан өмір сүрудің айтарлықтай жеңілдейтінін түсінуге тиіспіз.
— Теңгенің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында айналымға қандай монеталар енгізілді?
— ҚР Ұлттық банкі 2013 жылғы 22 тамыздан бастап «proof» сапасымен номиналы 500 теңгелік және 5000 теңгелік күміс, «proof» сапасымен номиналы 100 000 теңгелік алтын, нейзильбер қоспасынан жасалған номиналы 50 теңгелік ескерткіш монеталарды айналысқа шығарды. Олар Ұлттық банктің Атырау филиалында 23 тамыздан бастап сатылуда. Өңір халқы олардың сипаттамасы және банкке келіп түскені жөнінде жергілікті басылым беттерінен хабардар етілді.
— Бұл монеталар бізге қалай келеді және кімдер сатып алады?
— Мерекелік монеталар орталықтан, яғни Ұлттық банктен келеді. Біз оның қанша данамен шығуына байланысты ұсыныс береміз. Сұраныстың түсуіне қарай қосымша тапсырыс беретін кезіміз де болып тұрады. Мысалы, екі жыл бұрын жақсы өтіп кеткен «Каспий итбалығы» монетасын айтуға болады. Сол сияқты, «Бекет ата» монетасының мың жарым данасы тез таралып кетті. Біздің сұранысымыз арқылы шығарылған «Бекіренің» де өтімділігі жақсы болғанын айтуымыз керек.
Ұлттық банктің монета шығарудағы мақсаты — оны пайда көзіне айналдыру емес. Сол себепті, ол өзіндік құнымен сатылады. Дегенмен, екінші деңгейдегі банктердің бізден монеталарды сатып алып, өз бағасымен қайтадан саудаға шығаруы қарастырылған. Сол сияқты, банктің директорлар кеңесінің шешімімен өздерінен ұсыныс түскен жағдайда монеталар мұражайға беріледі.
— Нумизматтар жөнінде не айтасыз?
— Теңге де, монета да — тарих, оны асқан ыждағаттылықпен жинаудың өзі үлкен өнер болып табылады. Бізде нумизматтар коллекциясын көбінесе белгілі бір түр бойынша жинайды: ол не флора-фауна; не ұлттық өнер түрлері; не халық аспаптары сериясы болуы мүмкін. Тек қана мешіттерге қызығушылық танытатын нумизматтар да бар.
Коллекциялық монеталардан басқа, инвестициялық монеталар да шығарылатынын қаперге бергім келеді. Ол құнды металл унциясының Лондон биржасындағы күн сайынғы бағасы бойынша есептеледі. Түсіндіре кетсем, бір кезде ондағы алтын унциясының құны 1800 доллар шамасында болды, қазір шамамен 1400 доллар құрап тұр. Шебер ойыншы оны қазір алып қалып, кейін қымбатына сатуы тиіс.
— Бізде қаржы саласы мамандары жеткілікті ме?
— Банктің болашақ мамандары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті экономика факультетінің қаржы-несие мамандығы бойынша оқып шығады. Бір кездері жергілікті жоғары оқу орны жылына бес жүзге дейін маман дайындап шығаратын. Бірақ, облыс бойынша олардың бәріне бірдей сұраныс жоғы белгілі. Сондықтан, түлектердің көпшілігі кейін экономика саласына ауысып, жеке кәсіпкерлікпен айналысып кетті.
Жоғары білімді одан әрі жетілдіру мақсатында Ұлттық банктің магистратурасында білім алуға болады. Республика бойынша оны жылына 60 шақты адам бітіреді. Атырау филиалынан да екі маман осы магистратураны бітіріп, оның біреуі қазіргі таңда Алматыда қызмет атқарады.
Ұлттық банк жүйесіндегі соңғы жаңалықтың бірі — жас маманды жұмысқа интернет арқылы алу. Бұған дейін орталық аппаратта интернет-әңгімелесулер арқылы бірнеше қызметкер қабылданды. Қажетті құжаттарды жинап, іріктеуден бастап барлық процесс ғаламтор арқылы жүргізілетін бұл үрдісті біз де алдағы жылдары қолданатын боламыз.
— Сөз соңында ұлттық ақша бірлігі – теңгенің айналымға енгеніне 20 жыл толуына орай Ұлттық банктің облыстық филиалы мен қаладағы екінші деңгейдегі банктер қолға алып отырған қоғамдық-көпшілік шараларға тоқтала кетсеңіз…
— Арнайы қабылданған шаралар жоспарына сәйкес, спорт түрлеріне жарыстар, мемлекеттік тілді білу, қолдану деңгейі жөнінде кездесулер, пікірлесулер өткізіліп, қатысушыларға теңге тарихы туралы кітаптар сыйға тартылды. ҚР Ұлттық банк тапсырысы бойынша, қазақ және орыс тілінде балаларға арнап ақша туралы түсінік беретін «Ақша туралы ақиқат» атты кітап шыққан болатын. Осы кітапты қаладағы 27 балабақшаға сыйға тарттық, балабақша меңгерушілері мен қызметкерлері оның өте құнды дүние екенін айтып, алғыстарын жеткізуде.
Өз кезегінде облыстағы екінші деңгейдегі банктер де көптеген шаралар өткізуде. Атап айтсақ, «Ресей жинақ банкі» АҚ екінші деңгейдегі филиалы облыстағы және қаладағы нумизматтармен көрме ұйымдастырып, естелік және инвестициялық монеталарды сатуда. «Цесна банк» АҚ филиалы Атырау қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне азық-түлік тауарларын, әлеуметтік пакет ұсыну, «Казкоммерцбанк» АҚ филиалы банк құрылымдары арасында «Біздің банк: кеше, бүгін және ертең» тақырыбында конкурс және банк қызметкерлері балаларының арасында «Ұлттық валютаға – 20 жыл», «Теңге болашақта» атты сурет салу және мәнерлеп оқу сайыстарын, «Қазақстан Халық банкі» АҚ филиалы «Халық денсаулығы» акциясы аясында спортпен шұғылданатын қала тұрғындарының қатысуымен жеңіл атлетикадан қашықтыққа жүгіру, «Халық жеңісі» акциясы шеңберінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне концерттік шара, сыйлықтар және ас мәзірін, «Халық балалығы» акциясы бойынша балалардың сурет салу жарысын ұйымдастырды. Аталған іс-шаралар әлі де жалғасуда.

Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button