«ТАРИХТЫҢ ДАУЫСТЫ ШЕЖІРЕСІ»
Күйтабақтар көрмесін ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл шараның мақсаты – мұражай қорында түпнұсқа күйінде сақталып, өткен дәуірдің орындаушылық ерекшелігін қаз-қалпында көрсететін, қазіргі кезде көзі азайып, тіпті, жойылып бара жатқан теңдесі жоқ саз үлгілерін халыққа таныстыру және жас ұрпаққа насихаттау.
Көрмеге сазды, әуезді әсем ән-күйлердің жиынтық таспаларынан құралған құнды жәдігерлердің арасында көрнекті домбырашы-композиторлар Есбайдың, Сүгірдің, Қазанғаптың, ұлы күйшілер Құрманғазы мен Динаның, Дәулеткерейдің таңдаулы шығармаларын бүгінге дейін жеткізген ізбасарлары – Қазақ ССР-нің Халық артистері Қали Жантілеуовтің, Бақыт Қарабалинаның, Әзидолла Есқалиевтың, дәулескер күйшілер Қаршыға Ахмедияров пен Рысбай Ғабдиевтің күйтабақтары, күй дискілері, аудиокассеталары қойылған. Сондай-ақ, қазақ ән өнерінің ірі қайраткері, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың, дауылпаз ақын, ақ берен батыр Махамбеттің өлеңдері жазылған дискілер, академик Ахмет Жұбановтың, әнші бұлбұлдарымыз Күләш пен Бибігүлдің, сондай-ақ, Атырау өңірінен шыққан өнер тарландарының күй дискілері мен аудиокассеталары да көрмеден лайықты орын алған.
Облыстық мұражайдағы «Тарихтың дауысты шежіресі» атты көрмеге қойылған осынау құнды жәдігерлерді бүгінде жұртшылық тамашалап, рухани жағынан сусындауда.
Бақытжан Хамитұлы.