Жарнама
Экономика

Тапшылықты болдырмас үшін…

Жалпы, Қазақстан жылдар бойы 100 млн. тонна мұнай өндіру жоспарын жүзеге асыра алмай келеді. Жаңа кен орындары табылмаса, 2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру көлемі құлдырайды. Олар табылғанның өзінде сол жерде зауыт салу, құбыр жүргізу сияқты жұмыстарды ұйымдастыруға кем дегенде 5-10 жыл қажет болады. Біз бұл бағытқа қазір бет бұрып, инвестиция құйсақ қана жемісін 2030 жылдан кейін көреміз. Жақында Атырауда өткен мұнай-газ саласына арналған халықаралық форумда маңызды мәселелер талқыланды.

Қазақстанда жыл сайын мұнай өнімдері дефициті болады. Мұнай өңдейтін жаңа зауыт салмасақ, мәселені шеше алмаймыз. Дизель отынының, авиакеросиннің тапшылығы жыл сайын қайталана береді. Бұрын авиакеросинді Ресейден алатын едік, қазір Қытайдан аламыз. Қытай жарты мұнайын импорттайды. Кейін импорттаған мұнайды өңдеп, бізге сатады. Біз мұнайдың 70-80%-ын экспорттасақ та, өзіміздің дизель мен авиакеросинге жеткізе алмай отырмыз. Неге?  Себебі Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз кен орындары үлкен. Олар мұнайды 100% экспортқа бағыттайды. Еліміздегі басқа кен орындары шикізатты Қазақстанның ішкі нарығына жөнелтеді. Олардың қоры аз. Соның салдарынан жыл сайын ел ішіндегі мұнай өнімдерінің дефициті арта береді. Мұнай өңдейтін зауыттарымыз шикізат тапшылығын сезінеді. Зауыт демекші, олардың да жағдайы мәз емес, ескірген, тозған. Мұнда жыл сайын техникалық ақау анықталады. Қалпына келтіру жұмысына қыруар қаржы жұмсалады. Қазақстанда мұнай өңдейтін жаңа зауыт салынбаған жағдайда сырттан алатын мұнай өнімдерінің көлемі ұлғая береді. Бұл да үлкен қауіп.

Қазақстан мұнай-газ саласының негізгі «ойыншыларының» бірі ретінде 2030 жылдан бастап қазіргіден көп салық төлеуге міндеттелуі мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда дүниежүзінде атмосфераға таралатын шығарындыларды азайту стратегиясы жүзеге асырылуда. Қазақстан басқа елдер секілді көмірсутек салығын төлеп отыр. Жағдай дұрысталмаса, 230 жылдан бастап қазіргіден де көп салық төлеуге міндеттелуі мүмкін. Қазір өндірмеген мұнайды келешекте өндіретін болсақ, оның салығы көп, пайдасы аз болад. Мұны да назардан шығармау керек. Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабия елдері мұнай саласына көп қаржы құйып келеді. Олар мұнайды қазір өндіріп, қазір шығарып алған, пайдасына қазір кенелген дұрыс деп отыр. 

Абзал НАРЫМБЕТОВ,

мұнай-газ сарапшысы

Сурет: ru.freepik.com

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button