ТАЛАПТЫ ОРЫНДАМАҒАН ОПЫҚ ЖЕЙДІ
Соңғы кездері халыққа коммуналдық қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері тарапынан тиісті заңнама талаптарын, оның жекелеген нормаларын бұрмалау, сөйтіп заңсыз әрекеттерге бару фактілеріне жол берілуде. Сондай кемшіліктің бірі «Жылыойсу» мемлекеттік кәсіпорында орын алған.
Бұл жөнінде түсінік берген табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Әлібек Төлептің айтуынша, аталған кәсіпорында амортизациялық аударымдарды мақсатсыз пайдалану, сондай-ақ сумен жабдықтау және суды бұрумен байланысты бекітілген инвестициялық бағдарламада атап көрсетілген міндеттемелерді орындамау тәрізді өрескелдіктер тіркелген. Осыған қатысты кәсіпорын бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 164-бабы 4-тармағымен, бірнеше әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 5,7 млн. теңгеге жуық айыппұл салу жөнінде ұйғарым шығарылған. Ал, тұтынушылар үшін уақытша өтемдік тарифтер ензізу туралы ұсыныс берген.
Өз кезегінде, департаменттің шешімімен келіспеген «Жылыойсу» МКК әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің баптарын басшылыққа ала отырып, оны негізсіз деп тану туралы заңдылықты қадағалау органдарына шағым түсірген. !стің мән-жайын зерттеп-зерделеу барысында бұл талаптың орынсыз екені дәлелденіп, шешім өзгеріссіз, яғни қанағаттандырусыз қалдырылды. Соның негізінде табиғи монополияларды реттеу департаменті қызмет көрсетуші кәсіпорын есебінен мәжбүрлеу жолымен өндіріп алу жөнінде істі сот орындаушыларға жолдапты.
Қазіргі уақытта салынған айыппұл толығымен (5 600 640 теңге) мемлекет пайдасына өндіріліп алынды. Жоғарыда айтылғандай, монополист-кәсіпорынның тұтынушылары үшін уақытша өтемдік тарифтер қолданысқа енгізілді.
Дәулетқали АРУЕВ